


Президенттік орталықтың білім беру жобалары аясында бас қаланың колледж студенттері экология мен тұрақты дамудың негіздерін терең меңгеріп қана қоймай, табиғатқа деген жауапкершілікті сезініп, ұлттық жобаларды жүзеге асыруға белсене атсалыса алады.
23 қыркүйек күні Астана қаласындағы Техникалық колледжінде Президенттік орталықтың қызметкерлері «Қазіргі заманның экологиялық мәселелері: жағдайы мен шешу жолдары» тақырыбында дәріс оқыды.
Студенттерге «жасыл экономика» ұғымының табиғатқа ең аз зиян келтіре отырып, тұрақты әрі берік экономикалық жүйе құру арқылы адамдардың тұрмысын жақсарту екені түсіндірілді. Экологияға деген жаңа құндылықтар – экосана, экопатриотизм және экоқарыз – қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналып келе жатқанын мысалдар арқылы көрсетілді.
«Таза Қазақстан» республикалық акциясын талқылау ерекше қызығушылық тудырды. Оның басты мақсаты – қоғамның қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне назарын аударып, халықтың экологиялық мәдениетін көтеру.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты халыққа Жолдауында су мен табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалануды басты мемлекеттік бағыттардың біріне айналдыру қажеттігін ерекше атап көрсетті. Сондай-ақ «Таза Қазақстан» жобасы еліміз бойынша миллиондаған азаматтардың басын біріктіргенін, тазалық мәдениетін орнықтыру үшін мектептен бастап жоғары оқу орындарына дейін ағарту ісінің бірыңғай үлгісін енгізу қажеттігін айтты.