




2025 жылғы 16 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының музейінде Астана қаласындағы №28 мектеп-лицейінің 6-сынып оқушыларына арналған «Батырлық институты: дәстүрлері, мәртебесі және қару-жарағы» тақырыбында музейлік сабақ өткізілді.
Аталған іс-шара «Экспонаттар тіл қатады…» циклі аясында ұйымдастырылып, оқушыларды қазақ халқының ерлікке толы тарихымен таныстыруға бағытталды. Оқушылар батыр бейнесінің тек жауынгерлік қырын ғана емес, сонымен қатар оның дәстүрлі қоғамдағы биік әлеуметтік мәртебесін, әділдік пен ел алдындағы жауапкершілікті бейнелеген тұлға ретіндегі рөлін де тереңірек ұғынды.
Сонымен қатар оқушылар «Бес қару» ұғымымен – әрбір батырға тән бес түрлі қару түрімен танысты. Олар: қылыш, семсер, найза, садақ және айбалта. Қатысушыларға қаруды тарту ету дәстүрі туралы мәлімет беріліп, оның батырлық пен көшбасшылықты мойындаудың символдық мәні түсіндірілді.
Сабақ музей қорындағы бірегей экспонаттарды көрсету арқылы өткізілді, бұл оқушыларға қазақ батырларының қару-жарақ жүйесі мен әскери мәдениетінің ерекшеліктерін көзбен көріп, тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
Мұндай сабақтар жас ұрпақтың ұлттық тарих пен мәдениетке деген құрметін қалыптастырып, патриоттық сана-сезімді нығайтуға ықпал етеді және өткен тарихты қызықты әрі әсерлі түрде зерделеуге жағдай жасай отырып, мектеп оқушыларының дүниетанымын кеңейтеді.