




Жазғы демалыстан кейін Президенттік орталық жаңа оқу жылының басталуына орай білім беру іс-шараларын қайта жандандырды.
2025 жылғы 10-11 қыркүйек күндері Батыс Қазақстан, Ұлытау және Түркістан облыстарының жоғары сынып оқушыларына арналған «Әділетті қоғам: саяси қағидаттар мен құндылықтар жүйесі» атты онлайн семинар-тренинг өтті.
Семинар бағдарламасында әділеттілік тұжырымдамасы, заманауи саяси модельдер, сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың стратегиялық құжаттары мен халыққа арнаған Жолдауларының негізгі бағыттары қамтылды. Сонымен қатар, азаматтық белсенділікті арттыру, сыни ойлау, жобалық және коммуникативтік дағдыларды дамытуға баса назар аударылды.
Практикалық бөлімде оқушылар топтық жұмыс пен пікірталасқа қатысып, алған білімдерін нақты мысалдар арқылы бекітіп, әділетті қоғам құру жолындағы өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Қатысушылар семинардың маңыздылығын жоғары бағалады. Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, М.В. Ломоносов атындағы мектеп-гимназиясының 11 «В» сынып оқушысы Сабина Қадыхан өз әсерімен бөлісті:
«Әділеттілік тақырыбына арналған семинарға қатысу мүмкіндігі туды. Бұл іс-шара санамда терең із қалдырды. Келтірілген мысалдар мен қатысушылардың пікірлері таныс дүниелерге басқаша қарауға көмектесті. Әділетті болу – бұл тек өзгелерден шыншылдық талап ету емес, өзің де кез келген жағдайда адал әрі жауапкершілікпен әрекет ету екенін түсіндім. Жалпы, бұл семинар жай ғана пайдалы дәріс емес, әр адамның әділетті қоғам қалыптастырудағы рөлі туралы терең ойға жетелейтін іс-шара болды. Әділетті мемлекет құру – халықтың белсенділігі мен саналы қатысуынсыз мүмкін еместігіне көз жеткіздім. Бұл маған өзімді дамытуға және қоғам игілігіне үлес қосуға күшті мотивация берді. Сондай-ақ әділеттілік тек заң мен сот жүйесімен ғана шектелмейтінін түсіндім. Ол – адамдармен қарым-қатынаста, күнделікті ұсақ істерде, тіпті өмірде қабылдайтын шешімдерімізде де көрініс табады. Әр адамның ар-намысы мен құқығын құрметтей білу – қоғамда сенім мен теңдікті қалыптастыратын аса маңызды қасиет».
Осылайша, семинар арқылы жастар тек тың ақпарат алып қоймай, әділеттілік пен жауапкершілік туралы ой түйіп, болашаққа деген сенім мен шабыт алды.