










Қазақстан Республикасының Президенттік орталығының музейлік жинағында еліміздің тарихының әр кезеңдерінен мағлұмат беретін құнды жәдігерлер жинақталған. Президенттік орталықтың музейлік жинағының негізін Қазақстан Республикасының Президетіне әр түрлі деңгейдегі дипломатиялық кездесулердің барысында құрметпен табыс етілген дипломатиялық сыйлықтар құрайды. Еліміздің егемендігін жариялаған кезеңнен бастап қазіргі тәуелсіз елдер санатында дамып, өркендеп жатқан Қазақстанның тарихи оқиғаларының куәсі ретінде танылып отырған музейлік заттар – өз тарихымызды оқып-білуге, зерделеуге және болашақ ұрпаққа мұра ретінде қалдыруға үлкен арқау болып отыр. Президенттік орталықтың музейлік жинағы таусылмас құнды қазына іспеттес. Музейлік жинақ өз қорында ұлттық нақыш пен сән-салтанатты, марапат пен мадақты, батырларға тән бес қару мен найзаны, алтын мен күмісті, ыдыс пен кәдесыйларды топтастырған алтын сандық. Тақырыбы мен мән-мазмұны жағынан да алуан түрлі болып келеді.
Қазақстанның тарихи тұлғалары, елдің саяси-эконмикалық және әлеуметтік жағдайы, ғылым мен мәдениет, флора мен фауна және т.б. қызықты әрі мағыналы тақырыптарда мақалалар мен катлогтар, әртүрлі жинақтар басып шығаруға болады.
Биылғы жылы 10 тамызда ұлы қазақ ақыны, философы, сазгері және ағартушысы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толды. Оның шығармашылығы қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына негіз болды, ал философиялық идеялары халықтың рухани дамуына терең әсер етті. Абай білімге, прогреске және бірлікке деген сүйіспеншілікті насихаттады. Оның «Қара сөздері» сияқты еңбектері бүгінгі күнге дейін өзекті болып, жаңа буындарды шындық пен үйлесімділікке ұмтылуға шабыттандырады.
Президенттік орталықтың музейлік жинағының әр бір топтамасында Ұлы Абайдың асыл бейнесін жинақтаған Қазақстан халқының атынан, ел ағалары мен университет ұжымдарынан, қылқалам шеберлерінен тарту етілген құнды жәдігерлер сақталған. Атап айтсақ, нумизматика топтамасында Абай Құнанбаевтың 150 жылдығына арналған марка, кәдесыйлар топтамасында ҚР Президентіне Қазақстан халқынан тарту етілген «Абай» мүсіншесі, бейнелеу өнері туындылары топтамасында Құнанбай әулеті бейнеленген кескіндеме, Абайдың мүсіні мен портреттері, наградалар топтамасында «Абай академиясы», «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне 90 жыл» мерейтойлық алтын медальдары мен «Абай күні – халықаралық поэзия фестивалінің лауреаты» медалі, «Абай Құнанбаев» қабырға кілемі және бағалы металдар мен бағалы тастар топтамасында Қазақстан халқы Ассамблеясынан сыйға тарту етілген бірегей құнды жәдігер «Абай» камин сағаты.
Абай Құнанбайұлы (1845-1904 ж.) – қазақ халқының Ұлы ақыны, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, ресей және еуропа мәдениетімен жақындасу арқылы қазақ мәдениетін жаңғыртуды көздеген реформатор. Оның есімі дүниежүзі халықтары әдебиетінде Шекспир, Пушкин, Гётелермен қатар тұрады. Ақынның мол әдеби мұрасы тек бір халықтың ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани қазынасы саналады. Ұлы ақынның 150 жылдық мерейтойы 1995 жылы дүниежүзілік ЮНЕСКО көлемінде аталып өтті. 2020 жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО мен ТҮРКСОЙ аясында аталып өткен болатын.
Ұлы ақынның 180 жылдық мерейтойына арналған шаралар биыл ел көлемінде кең ауқымда аталып өтті. Оның аясында Абайдың өнегелі өмірі мен мұрасын жас ұрпаққа насихаттау мақсатында еліміздің түкпір-түкпірінде әдеби-мәдени шаралар ұйымдастырылып, ғылыми конференциялар, көрмелер мен шығармашылық кештер өткізілді.
Ұлы Абайдың бейнесі сомдалған осы бір құнды жәдігерлер Президенттік орталықтың қабырғасында ұйымдастырылған көптеген көрмелерде, жүргізілген іс-шараларда тақырыпты толықтырып, құнды материалдық мәдениет көзі болып отыр. Алдағы уақытта да музейлік жинағымыз Абай Құнанбайұлына арналған, абайтану мақсатында ұйымдастырылған көптеген іс-шараларда арқау болған сыйлықтармен толықтырыла түседі деген сенімдеміз.
Ғайни Серікбаева
Музей құндылықтарын есепке алу және сақтау қызметінің басшысы