Басты бетКонституция – кемел келешектің кепілі

Конституция – кемел келешектің кепілі

Конституция – кемел келешектің кепілі Конституция – кемел келешектің кепілі Конституция – кемел келешектің кепілі Конституция – кемел келешектің кепілі

 

Қазақстанның Тәуелсіздік жылнамасында 1995 жылғы 30 тамыз – айрықша бетбұрыс жасаған күн. Сол күні бүкіл халық тарихи таңдау жасап, жаңа Конституцияны қабылдады. Бұл құжат еліміздің құқықтық негізін қалап қана қойған жоқ, демократиялық даму жолындағы бағытымызды айқындап берді.

2025 жыл – Ата Заңымызға 30 жылдық белесті кезеңі. Бұл – тек ресми дата ғана емес, елдің тағдырына тікелей қатысты үлкен белес. Конституцияның әрбір бабы – халқымыздың ғасырлар бойғы арман-тілегінің, құқықтық санасының, әділетке деген сенімінің жалғасы. Қазақстандағы конституционализм идеясы терең тарихи тамырға ие: қазақ хандарының дәуіріндегі «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Тәуке ханның Жеті жарғысы» әділдік пен құқықтық тәртіптің негізін қалады.

ХХ ғасырдың басында Алаш қайраткерлері жазған алғашқы конституциялық жобалар ұлттың дербестікке ұмтылысын айқындады, кеңестік кезеңдегі Конституциялар болса, ресми сипатта болғанымен, құқықтық ойдың үзілмеуіне ықпал етті. Ақыр соңында, 1991 жылғы Тәуелсіздік туралы Заң мен 1993 жылғы алғашқы Конституция, кейін 1995 жылғы бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған қазіргі Ата Заң – қазақстандық конституционализмнің жаңа дәуірін бастап берді. Одан кейінгі жылдардағы саяси реформалар мен 2022 жылғы референдумда бекітілген түзетулер – құқықтық мемлекет құрудағы сабақтастықтың, демократиялық институттардың тұрақты жетілуінің айғағы.

Осы мерейтойға Қазақстан Республикасының Президенттік орталығында ұйымдастырылған «Жаңғырған Конституция – әділетті қоғам кепілі» атты көрме келушілерге еліміздің құқықтық тарихын пайымдауға мүмкіндік береді. Мұнда Конституцияның жобалану кезеңіне қатысты сирек құжаттар, тарихи фотосуреттер, бейнематериалдар, мемлекеттік рәміздер мен еліміздің тарихынан сыр шертетін жәдігерлер қойылған. Ал жәдігер – ұлт тарихының үнсіз куәгері, келер ұрпаққа аманат.

Көрме экспозициясын аралаған әрбір адам қазақтың құқықтық жүйесінің тамыры тым тереңде жатқанын аңғарады. Сақтар дәуірінен бастау алып, Қазақ хандығы тұсында Қасым ханның «қасқа жолы», Есім ханның «ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» арқылы жалғасқан әділдік дәстүрі бүгінгі Конституцияда өз жалғасын тапқанын аңғарады.

Көрме витринасында ұсынылған Зерттеуші, ғалым, ағартушы-демократ Ш.  Уәлихановтың «Сот реформасы жайында жазба» атты еңбегі – қазақтың құқықтық ой тарихындағы ерекше құнды дерек. Бұл еңбек халықтың өзін-өзі басқаруы, билер сотының артықшылықтары және қазақ даласындағы құқықтық мәдениеттің даму ерекшеліктері туралы терең ғылыми талдауларды қамтиды. Экспозицияда бұл құжат қазақ конституционализмі тарихының бастауларының бірі ретінде көрсетіліп, әділеттілікке негізделген ұлттық құқықтық дәстүрлердің маңызын паш етеді.

Тарих парақтарын ақтарсақ, XХ ғасырдың басында Барлыбек Сыртанов жазған «Қазақ мемлекетінің уставы» – ұлттық конституциялық ойдың алғашқы қарлығашы еді. Бұл құжат сол кезде ресми қабылданбағанымен, оның идеялары бүгінгі Ата Заңымызда айқын көрініс тапты.

Ал 1991 жылы егемендік алып, тәуелсіздікке қол жеткізуіміз қазақ халқының ғасырлар бойғы арманын жүзеге асырды. 1993 жылғы алғашқы Конституциядан кейін 1995 жылы бүкілхалықтық референдуммен қабылданған жаңа Конституция – мемлекетімізді құқықтық әрі демократиялық жолға бастады. Ол қазақ тілінің мәртебесін айқындап, билікті бөлу қағидатын орнықтырды, азаматтардың негізгі құқықтарын халықаралық деңгейде бекітті.

Соңғы жылдары Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған саяси реформалар Конституцияға жаңа серпін берді. 2022 жылғы референдумда халықтың басым көпшілігі өзгерістерді қолдады. Осылайша еліміз «Жаңа Қазақстан» бағытын заңды түрде айқындады.

Бұл өзгерістер қазақстандық конституционализмнің жаңа белесін айқындап отыр. Егер конституционализмнің мәні – билікті заңмен шектеу, азаматтың құқығын қорғау және билік тармақтарының тепе-теңдігін қамтамасыз ету болса, 2022 жылғы бүкілхалықтық референдум осы қағидаларды нақты іске асырудың айқын көрінісіне айналды.

Референдумда қабылданған түзетулер мемлекеттің саяси жүйесін қайта жаңғыртып, «суперпрезиденттік модельден» арылуға жол ашты. Президенттің өкілеттігі шектеліп, бір мерзімге ғана сайлану тәртібі бекітілді, партиялық тәуелсіздік талабы күшейтілді. Парламенттің рөлі артты, Мәжіліске аралас сайлау жүйесі енгізілді, саяси партияларды тіркеу рәсімі жеңілдетілді. Конституциялық Сот қайта құрылып, азаматтардың тікелей жүгіну құқығы бекітілді. Сонымен қатар, өлім жазасы түпкілікті жойылды, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл конституциялық орган мәртебесіне ие болды.

Бұл өзгерістердің барлығы – конституционализмнің іргелі қағидаларын нығайтудың нақты қадамдары. Яғни, билік пен қоғам арасындағы теңгерім жүйесін орнату, азаматтардың негізгі құқықтарын қорғау тетіктерін кеңейту және мемлекеттік биліктің ашықтығын қамтамасыз ету.

2022 жылғы референдум нәтижесінде Қазақстандағы конституционализм жаңа тарихи кезеңге өтті. Ол – «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасының құқықтық іргетасын қалап, мемлекеттіліктің демократиялық арнасын бекемдеді.

Көрмедегі ерекше жәдігерлердің бірі – Брайль қарпінде басылып шыққан Конституция. Бұл – мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтық ақпаратқа тең дәрежеде қол жеткізуін қамтамасыз еткен, қоғамдағы инклюзия қағидатын нақты жүзеге асырған қадам. Мұндай басылымдардың жарық көруі Қазақстанда «ешкімді артта қалдырмау» қағидатының орнығып келе жатқанын көрсетеді. Ол – азаматтардың әлеуметтік жағдайына қарамастан, барлығының заң алдындағы теңдігін қамтамасыз ететін демократиялық қоғамның басты белгісі.

Сондай-ақ белгілі альпинист Қайырбек Әлібектің Ата Заң мәтінін Гималай шыңына көтеруі – Конституцияға деген халықтық құрмет пен патриоттық рухтың айқын көрінісі. Бұл әрекет символикалық тұрғыдан мемлекетіміздің құқықтық негіздерінің биіктігін, ел бірлігінің асқақ рухын білдіреді. Әлемнің ең биік тау шыңдарының бірінде Қазақстан Конституциясының көтерілуі – ұлттық құндылықтарымыздың жаһандық кеңістікте танылуына қосылған үлес.

Осы екі оқиға – қоғамның әрбір мүшесінің елдік мұраттарға қатыстылығын паш етіп, Конституцияның тек ресми құжат қана емес, бүкіл халықтың ортақ рухани-идеялық байрағы екендігін дәлелдейді.

Көрмені аралаған әрбір жан осыны түйсініп, ел тарихымен бірге өзінің де азаматтық жауапкершілігін сезінеді. Өйткені Конституция – өткеніміздің сабағы, бүгініміздің тірегі, ертеңіміздің жарқын кепілі.

 

 

Гүлім Рахимжанова

Экскурсия жұмысы қызметінің

 аға сарапшысы