
Қазақтың біртуар ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына биыл 180 жыл толып отыр.
Ғұлама ойшыл, ағартушы, ұлттың жазба әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, сазгер Абай Құнанбайұлы қазақ тарихында өшпес із қалдырды. Хәкім Абайдың қазыналы шығармашылығы саналатын өлеңдері мен қара сөздерінде ұлттың бар болмыс-бітімі, тұрмыс-тіршілігі, дүниетанымы мен мінез-құлқы, діні мен ділі, өткір тілі мен қайсар рухы көрініс тапқан.
Абайды қай жағынан алып дәріптесек те артық емес. Оның ғибратты ғұмыры мен артында қалдырған бай мұрасы – бүгінгі буын өкілдеріне де, келешек ұрпаққа да үлгі-өнеге. Ұлы ақынның адам мен қоғам, білім мен ғылым, дін мен тіл, табиғат пен тіршілік, мемлекет, билік, құқық пен қоғамдық қарым-қатынас туралы философиялық пайымдаулары қанша уақыт өтсе де маңызын жоймақ емес. Абай мұрасы – бүкіл адамзат баласының рухани қазынасы.
Бүгінгі дүние бірінің жеріне бірі көз алартып, өзгенің байлығын иемденгісі келетіндер жүргізіп отырған саяси ойындар мен құйтырқы әрекеттер өршіп тұрған кезеңде кез келген мемлекет пен кез келген ұлт үшін ауызбіршілік ауадай қажет.
Абай қағидалары бүгінгі заман ағымымен үндес. Ол өз заманында-ақ замандастарына ынтымағы кеткен елдің қолындағы ырысы кететінін, қазақтың басын біріктірудегі ең бірінші қауіпті дерт – өз арасындағы алауыздық екенін ашына айтқан еді. Ынтымақ пен бірліктің іргесі ел адамдарының бір-біріне деген сыйластығы мен құрметінен басталатындығы хақындағы Абайдың өсиеті осы заманда да өзектілігін жоғалтқан жоқ. Оның «Көп шуылдақ не табар, билемесе бір кемел» деген сөздерінің астарында ең алдымен, елдің бірлігі мен ынтымағын сақтаудың қаншалықты маңызды екендігін аңғарамыз.
Дала данышпаны өзінің «Қара сөздерінің» бірінде «Рас, бұрынғы біздің ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан білімі, күтімі, сыпайылығы, тазалығы төмен болған. Бірақ бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен... Бірінші мінез – ол заманда бүкіл жұрт елбасының қолына, айтыс-тартыссыз «елдің екі тізгін, бір шылбырын ұстатады» екен де, соның айтқанына тұрады екен. Екінші мінез – ол кездегі ел намысқой болған. «Аты аталып, әруақ шақырылған жерде ағайынға өкпе, араздыққа қарамайды екен...» деп толғанады. Сөйтеді де, айналасындағы жұрттан «Қанеки, осы екі мінез қайда?» деп сұрайды.
Кемеңгер тұлға осы сауалды кешегі замандастарына да қойды, бүгінгі ұрпаққа да және келер ұрпаққа да аманат етіп қалдырды. Абай өсиетіне жүгінер болсақ, саналы, ойлы, еңбекқор адам ғана ұлтының жанашыры, елі мен жерінің нағыз қорғаны болмақ.
Уақыт зымырап өтіп, замана келбеті қанша өзгергенмен Абайдың мол мұрасы қазақ ұлтының жаңа сапасын қалыптастыруға қызмет ете береді. Ұлы ақынның ой-тұжырымдары жастарымыздың бойында өз Отаны мен халқына деген шынайы сүйіспеншілікті, патриоттық рухты ұялатуға ықпалы орасан зор. Абайдың философиясын өскелең ұрпақтың санасына сіңіру және олардың өмірлік азығына айналдыру – ұлтымыздың санасын жаңғыртуға жол ашатын маңызды қадамдардың бірі.
Ұлт өресі мен ел мүддесі жолында жанын садаға еткен хакім Абайдың әрбір даналық сөздерін, ғақлияларын ой елегінен өткізіп, көкірек көзіне ұялатып, зердесіне тоқу – бүгінгі ұрпаққа міндет. Сондықтан да халқымыздың рухын асқақтатып, ұлттық әдебиетіміз бен мәдениетімізді әлемдік деңгейге көтерген ұлы ақынның биік тұлғасын халық бірлігінің өшпес белгісіндей қабылдап, оның мағыналы сөздері мен өсиет-пайымдарын қалың жұртшылыққа насихаттауды жалғастыра беруіміз маңызды. Біз Абайды жете тану арқылы туған халқымыздың мәдени келбетін, қадыр-қасиетін, шыққан биігін, рухани жетістіктерін төрткүл дүниеге танытып, қазақ деген елді ғаламға мойындата аламыз.
Абай мұрасы – халқымыз үшін ең қасиетті қазына, ұлтымыздың рухани байлығы, мәңгілік құндылығы.
А. Хамитова, Мәдени және білім беру жобалары қызметінің
жетекші ғылыми қызметкері