


Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының Президенттік орталығында танымал фотожурналист, өлкетанушы Нұрмұхамат Имамовтың шығармашылығына арналған «Менің Астанам: өткеннен болашаққа» атты фотокөрме аясында авторлық экскурсия өтті.
Экскурсияны Қазақстанның еңбек сіңірген архитекторы, Халықаралық архитектура академиясының академигі, Целиноград, Ақмола және бүгінгі Астананың келбетін қалыптастыруға үлес қосқан сәулетші Василий Филиппович Тоскин жүргізді. Ол қала архитектурасындағы өзгерістерді кәсіби тұрғыдан саралап қана қоймай, Имамовтың объективінен түскен әрбір кадрға жан бітіріп, олардың артындағы адамдар, ғимараттар, идеялар мен тағдырлар туралы естеліктерімен бөлісті.
Көрмеге келгендер қаланы екі шебердің – фотограф пен сәулетшінің – көзімен көру мүмкіндігіне ие болды. Бұл қос тұлғаның тағдыр жолдары мен көзқарастары Астананың шежіресіне тоғысып жатыр. Василий Филипповичтің әңгімесінде суреттер тек тарихи естелік емес, қалалық жадының эмоциялық коды, архитектуралық ойдың шынайы хроникасы ретінде өрілді.
Көрме экспозициясы қаланың бірнеше онжылдыққа созылған көркем тарихын қамтиды. Мұндағы фотосуреттерде тек ғимараттар емес, уақыттың тынысы, көшелер, бейнелер, тұрмыс-тіршілік, құрылыс барысы мен әлеуметтік өзгерістер бейнеленген. Бұл – өткен дәуірдің мәдени коды, сәулетшілер мен тарихшылар үшін ғана емес, елорданың тарихына бейжай қарамайтын әрбір жан үшін құнды мұра.
Жобаны жүзеге асыруға ҚР Президенті Іс Басқармасының Президенттік орталығы, «Қалалық туризмді дамыту орталығы» ассоциациясы, «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығы, Астана гидтер клубы мен Н. Имамовтың отбасы қолдау көрсетті.
Көрме 2025 жылдың 10 тамызына дейін жалғасады.