
Қазақтың ұлы ақыны, ойшылы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай Абайтану ғылымының негізін қалыптастырған ғалымдар мен зерттеушілерді бүгінгі уақыт тұрғысынан зерделеп, әдебиетіміздің тарихында алар орнын бағамдау маңызды. «Абайтану – қазақ әдебиеттану ғылымының, әдебиет тарихының үлкен бір саласы. Абайтану ғылымы ақынның өмірі мен шығармашылығы, философиялық, қоғамдық, эстетикалық көзқарасы, поэзиясының тілі мен өлең жүйесі туралы сан-салалы зерттеу еңбектерін қамтиды. Абайтану ғылымының бастауы Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов жазып, жариялаған мақалалардан басталады. Абайдың өмірі мен ақындық өнері жөнінде алғашқы зерттеу жазған – Әлихан Бөкейханов. 1903 жылы «Киргизский край» атты кітабы басылып, кітапқа «Қырғыз» атты зерттеу еңбегі енген еді. Халықтың рухани шығармашылық қасиетін осынша биікке көтерген Абай сияқты қазақ ақыны осы кезге дейін болған емес. Жылдың төрт мезгіліне арнаған (көктем, жаз, күз және қыс) тамаша жырлары оны Еуропаның атақты ақындарының қатарына қояды» – деген қорытынды жасайды. Ә. Бөкейханов Абайдың қайтыс болуына бір жыл толуы қарсаңында оның өмірі мен шығармашылығы туралы «Абай (Ибрагим) Құнанбайұлы» атты мақала жазып, Семейде шыққан «Семипалатинский листок» газетінің 1905 ж. 25-26 қарашадағы сандарында, кейін Императорлық орыс географиялық қоғамының «Записки Семипалатинского подотдела Западно-Сибирского отдела ИРГО» басылымының III шығарылымында жариялады. Бұл Абайтану бойынша жазылған тұңғыш мақала болды. А. Байтұрсынов 1913 ж. «Қазақ» газетінің 23, 30 қарашадағы сандарында «Қазақтың бас ақыны» атты мақала жариялап: «Онан асқан бұрыңғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ» - деп Абайды жоғары бағалады. М. Дулатовтың «Қазақ» газетінде 1914 ж. 23 маусымда «Абай» атты мақаласы шықты. Ұлы ақынның қайтыс болғанына он жыл өткеннен кейін жариялаған мақаласы осы күнге дейін өзектілігін жойған жоқ. «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» деген тұжырым жасаған зерттеушілердің бірі – Құдайберген Жұбанов. Мақаласы 1934 жылы «Әдебиет майданы» журналының №11-12 санында жарық көрді. Бұл ақын мұрасына берілген ерекше баға еді. Абай мұрасы туралы Қ. Жұбанов зерттеулерінің тереңіне бойлау өте маңызды. Көп жылдар бойы жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Абай мұрасы жайлы жазылған, жарияланған зерттеу еңбектердің саны шамамен төрт мыңға жуық. Қазақ әдебиетіндегі Абайтану ғылымына көп үлес қосқан – М. Әуезов. 1918 жылы М. Әуезов пен Ж. Аймауытов «Абайдың өнері һәм қызметі» деген ғылыми мақала жариялады. М. Әуезовтің Абайды танып білуге деген қызығушылығы жастайынан басталған еді. Ғалым М. Мырзахметов «Абайға келудің жолы» мақаласында: «Абай мұрасын танып-білудегі М. Әуезовтің қол жетпес екі ұшар шыңы болды: оның бірі толассыз ұзақ ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу арқылы дүниеге келген келелі еңбегі – «Абай Құнанбаев» деп аталатын монографиясы, екіншісі – Абайды қайраткер ақын ретінде бүкіл әлем халқына танытқан «Абай жолы» эпопеясы болатын», – дейді. М. Әуезов өмірінің отыз жылдан астамын Абайдың әдеби мұрасын зерттеуге арнады. Осындай ізденістердің нәтижесінде М. Әуезовтің ұлы шығармасы «Абай жолы» роман-эпопеясы жарыққа шықты. Монографиялық зерттеуінде Абайдың әдеби мұрасын толық зерттеп, ақындығы мен көркемдік қырларының даму жолдары, дүниетанымы мен рухани өсуін негізге ала отырып, өз кезеңінің тарихи шындығымен бірлікте қарап, ғылыми талдау жасады. Абайтану тарихын ғылыми тұрғыдан зерттеген ғалымдар: Қ. Мұхамедханов «Абайдың ақын шәкірттері» (1938-1951), Қ. Жұмалиев «Абайға дейінгі қазақ поэзиясы және Абай поэзиясының тілі» (1946), А. Нұрқатов «Абайдың ақындық дәстүрі» (1966), Р. Б. Кенжебаев «Абай Құнанбаев» («Қазақ əдебиеті тарихының мəселелері» 1973 ж.), А. Жұбанов «Абайдың музыкалық мұрасы» (1976), Ғ. Есім «Хакім Абай» (1994), З. Ахметов «Абайдың ақындық әлемі» (1995), С. Қирабаев «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» (2001), Қ. Мұхамедханов «Абай төңірегіндегі ақындар» (2005), Ж. Ысмағұлов «Абайдың қара сөздері» (2007) еңбектерін ерекше атауға болады