Басты бетҰлт Рухының Ұлы Белгілері: Ту, Елтаңба, Әнұран

Ұлт Рухының Ұлы Белгілері: Ту, Елтаңба, Әнұран

Ұлт Рухының Ұлы Белгілері: Ту, Елтаңба, Әнұран

Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба, Әнұран елдіктің қастерлі белгілері. Мемлекеттік рәміздер Отанымыздың көпғасырлық тарихын, бүгіні мен өткенінің байланысын және болашаққа бағдарын көрсетеді. Мемлекеттік рәміздерді қадірлеуден Отанды қастерлеу, туған елге деген шынайы құрмет басталады. Олардың қабылдану және бекітілу тарихын, сипаттамасы мен мағыналық мазмұнын білу маңызды. Сондай-ақ оларды насихаттау және түсіндіру, олардың тиісінше қолданылуын және белгіленген стандарттарға сәйкестігін бақылау әрқашан ерекше өзектілікке ие болды және бола бермек.

Қазақстан Республикасының төл рәміздері тәуелсіздігімізге аяқ басқан кезеңде, яғни 1992 жылы 4 маусымда қабылданды. Бұл күн тарихқа мемлекеттік рәміздердің туған күні ретінде жазылды.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туында негізінен үш мәселе көрініс тауып отыр. Біріншіден, Тудың көк аспанмен ұқсас түсі. Ол тазалықты, адалдықты, бейбітшілікті айқындайды. Екіншіден, Тудың ортасындағы күн мен қыран. Күн бейнесі – байлық пен береке белгісі. Оны салу арқылы қазақ елі өзінің жалпы адамзаттық құндылықтарға ортақтастығын және халықаралық қауымдастықтың бір бөлігі екендігін аңғартып тұр. Ал, үшінші ерекшелігі – қошқар мүйіз оюының берілуі. Айта кетерлігі алғашында қабылданып, көтерілген тудағы ою-өрнек басқа формада және түсі қызыл болған. Кейіннен ол сары түске ауыстырылды.

Азаттықтың айшықты көрінісі – Елтаңба. Мемлекеттiк Елтаңбаның негізіне шаңырақ алынған. Шаңырақ – өз ұлтымызға ғана тән, сәтті таңдалынған нышан. Шаңырақ қазақ үшін қай кезде де отбасының берекесі мен тыныштығының белгісіндей қызмет атқарып келген. Сонымен бірге, шаңырақ бейнесі – Қазақстанды мекендейтін барлық адамдардың ортақ отбасының, ортақ үйінің нышаны. Шаңырақтың үш күлдіреуіші үш жүздің бірлігі мен беріктігін білдіреді. Шаңырақты айнала күн сәулесiндей тарап уықтар шаншылған. Олар бүгінгі күннің тарихы, әрі жылылық пен тіршілік көзі – күн сәулесінің шапағатын еске түсіреді. Ол елімізде бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан ұлт пен ұлыстардан хабардар етеді. Шаңырақтың беріктігі оны көтерген уықтарға байланысты болса, Отанымыздағы бақытты өмір әрқайсымыздың ой-аңсарымызға, іс-қимылымызға байланысты. Шаңырақты 72 уық көтеріп тұр. Себебі елтаңбада 6 қанатты киіз үйдің мүсіні берілген. Елтаңбада керегелердің де көрінісі қисыннан келтірілген.

Елтаңбада ай мүйізді, алтын қанатты қос тұлпар бейнеленген. Тұлпар көшпенділердің өмірлік серігі, батылдық, көрегендік нышаны деп есептеледі. Олардың алтын қанатында астықтың бауы, алтын дән бейнеленген, яғни бұл еңбек, молшылық пен берекенің белгісі. 

Қанатты тұлпарлардың мүйіздері айбын, айбат белгісі. Мүйіздегі жеті сақина – тектіліктің белгісі. «Жеті атасын білмеген – жетімдіктің белгісі», - демекші бұл әрбір қазақтың түп тамырын, ата-бабасын білуге міндетті екендігін білдіреді. Жалпы қос тұлпар киелі шаңырақты қос қанатымен орап, пәле-жаладан, қауіп-қатерден қорғап тұрғандай әсер қалдырады.

Елтаңбаның екі қапталында «мүйізді тұлпарлар» салмақты болып көрінсе, сол салмақты көтеріп тұратын «босаға» мен «Qazaqstan» жазуы бар «киіз үйдің маңдайшасы» жалпы композициялық құрылымды айқындайды. «Босағаны» симметриялық орналасқан көлемді-құрылымдық, «қошқардың» бас бөлігінің стильденген элементтері көмкереді, олар мемлекеттік елтаңба шеңберінен тыс шығарылып орындалған. Ал «желбау» таспалары «шаңырақтың» сыртқы сақинасынан төмен түсірілген. «Басқұр» таразы тәрізді беріліп, елдегі «тепе-теңдіктің» символына айналған. Төменде орналасқан «үш басқыш» – дәуір белгісі.

Осы айтылғандардан киіз үйдің – Елтаңбадағы басты белгінің бірі екенің айқын көруге болады. Осылайша «Шаңырағың биік, керегең кең, босағаң берік болсын» деген фәлсапалық ұғым негізге алынған. Яғни Елтаңбаға «мемлекеттің мәртебесі биіктеп, дүниеге танылсын; ұрпағы көбейіп, кеңейсін; саяси, экономикалық, қауіпсіздік жағынан берік болсын» деген идея еңгізілген. Елтаңбаның жоғарғы бөлігінде, қиылған конустың бүйір бетіне көлемді бес бұрышты жұлдыз орналасқан.

Сонымен қатар, Елтаңбада «үш үлкен қауырсын» – аға ұрпақ пен олардың арасындағы жолақтар – жүзге жатпайтын ру-тайпалар арқылы берілсе, қазіргі жас ұрпақ – «үш кіші қауырсын» арқылы бейнеленіп, ол арқылы елдің аманаты – сенімді жастарда екендігі айтылып, бұл ата-баба жолын жалғастырушы мағынасындағы геральдикалық мүсін бедерлер арқылы берілген. Ең бастысы – бұл белгілердің өзара қарым-қатынасы да үндестік тапқан. Мысалы, аға буын – «үш үлкен қауырсын» мен жас ұрпақ – «үш кіші қауырсынның» тұтасып, «мүйізді, қанатты тұлпардың» «еріне» орналастырылғандығы ел тұтастығының символы, сонымен қатар бұл «үш қауырсын» – қазақтың ұлы жүз, орта жүз, кіші жүзі. Бұл үш жүздің баласы біріге отырып алға қарай ұмтылады деген мағынаны білдіреді. Яғни, жүзге бөлініп, қырық пышақ болмай, тұтас қазақ халқы деген атпен мәңгілікке ұмтылу болып табылады.

«Қауырсындарда» «масақтар» өрнектелген. Бұл ретте елдің байлығы, дәулеті тасып, жайқала түссін деген тілек берілген. 

Жалпы Елтаңбаның 40-тан астам астарлы элементі бар. Әр сызығы – идея, әр өрнегі – тарих. «Шаңырақ», «уық», «кереге», «түндік», «үш үлкен қауырсын», «үш кіші қауырсын», «масақтар», «жеті сақина», «омыртқа» тәрізді атаулар – жай ғана кездейсоқ сөздер тізбегі емес, белгілі бір мөлшерде мемлекеттіліктің кодтары. Әрбір атаудың астарында тарих пен әдет-ғұрып, ұлттық құндылықтар мен идеялар тұмшаланған.

Мемлекеттік рәміздер де уақыт сынына тәуелді. Оған дәлел – 1992 жылы қабылданған Әнұранның өзгеріске ұшырауы. Елдің дыбыстық рәмізінің танымалдығын арттыру мақсатында 2006 жылы жаңа Мемлекеттік Әнұран қабылданды. Оның негізі ретінде халықтың арасында кеңінен танымал «Менің Қазақстаным» патриоттық әні таңдап алынды. Ол әнді Шәмші Қалдаяқов 1956 жылы Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазған болатын. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаев әнге мемлекеттік әнұран жоғары мәртебесін беру және анағұрлым салтанатты шырқалуы үшін музыкалық туындының бастапқы мәтінін өңдеді.Енгізілген өзгерістер талайлы туындының ресми Әнұран болып бекуіне жол ашты. Таңдап алынған 20 жолдағы 59 сөздің 25-і өзгеріске ұшырады.

Осылайша, Мемлекеттік Ту, Елтаңба мен Әнұран – тәуелсіздіктің тірегі, бабалардың арманы, асыл мұраты. Еліміздің әрбір азаматы мемлекеттік рәміздерді түйсігіне түйіп, ерекшелігін түсінуі керек. Оларды ерекше құрметтеп, көздің қарашығындай сақтап, қасиет тұтуы керек.

 

 

Гүлжан Рамазанова

Мәдени және білім беру жобалары қызметінің 

жетекші ғылыми қызметкері