




Жаз мезгілі – тек тынығу кезеңі ғана емес, балалардың дүниетанымын кеңейтіп, өмірлік құндылықтарды қалыптастыруға маңызды мүмкіндік беретін мамыражай уақыт. Президенттік орталықтың музейінде елордалық «Дарын» балабақшасының тәрбиеленушілеріне арналған жарқын да мазмұнды шаралардың бірі – «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының мақсатымен мазмұндас тақырыптық экскурсия өтті.
Экскурсия балдырғандарға табиғатты аялаудың маңызын ерте жастан ұғынуға, байқағыштықты дамытуға, қиял-елестерін жетілдіріп, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға баулыды.
«Жануарлардың ғажайып әлемі» экспозициясы аясында балдырғандар Жер планетасының бай фаунасымен танысып, сирек кездесетін әрі жойылып бара жатқан жануарлар, орман, дала және таулы аймақтардың тіршілігі туралы қызықты деректерге қанықты.
Интерактивті тапсырмалар мен ойындар, сондай-ақ тікелей қарым-қатынас арқылы балалар әр адамның өз елінің таза әрі саламатты болашағы үшін үлес қоса алатынын түсінді.
Мұндай іс-шаралар жазғы демалысты пайдалы әрі мазмұнды етіп қана қоймай, экологиялық мәдениетті, туған жерге деген сүйіспеншілік пен қамқорлық сезімін қалыптастыруға сеп болады.