
Сіздерді Астана күнімен шын жүректен құттықтаймын! Елорданың астана мәртебесін иеленген сәттен бастап, ол ауқымды өзгерістерге ұшырап, заманауи және қарқынды дамып келе жатқан мегаполиске айналды. Соңғы жылдары Астанамыз бұрынғыдан да көркейіп келеді. Жол-көлік және коммуналдық инфрақұрылым жақсарып, көлік логистикасы жүйесі дамуда, саябақтар, алаңдар мен көшелер абаттандырылып жатыр, тұрғын алаптарда газ тарту жұмыстары белсенді жүргізілуде, жаңа денсаулық сақтау және білім беру нысандары бой көтеріп, тұрғын үйлер салынып жатыр. Жуырда ғана Тәуелсіздік сарайы мен «Шабыт» шығармашылық сарайы күрделі жөндеуден өтіп, жаңа келбетпен ел игілігіне қайта ұсынылды. 2024-2025 жылдары елордада 5,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 11 мыңнан астам пәтер салынды. Бұл – соңғы 5 жылдағы рекордтық көрсеткіш. Мемлекет басшысының бастамасы аясында, елордада заманауи оқу жағдайларымен қамтамасыз етілген 16 «комфортты мектеп» ашылып, оларда екі ауысымда 90 мың оқушы орны ұсынылды. Астана халықаралық саясаттың маңызды орталығына айналып келеді. Қала бүгінде ашық дипломатияның, сыртқы саяси және экономикалық интеграцияның өзіндік хабына айналып отыр. Бұған дәлел – Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының өкілдігінің және Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің штаб-пәтерінің Астанада орналасуы. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, елорда тұрғындарына және барлық қазақстандықтарға мерекелік көңіл күй, бейбіт өмір мен игілік тілеймін! Елордамыз Қазақстанның игілігі үшін гүлдене берсін, әрбір шаңырақты бақыт, береке және жайлылық толтырсын! Астана күні құтты болсын!
Құрметпен, Қазақстан Республикасы
Президентінің орталығының
директоры
Бақытжан ТЕМІРБОЛАТ