Басты бетПрезиденттік орталықтың музейінде Астана күніне орай тақырыптық экскурсиялар циклы өтті

Президенттік орталықтың музейінде Астана күніне орай тақырыптық экскурсиялар циклы өтті

Президенттік орталықтың музейінде Астана күніне орай тақырыптық экскурсиялар циклы өтті Президенттік орталықтың музейінде Астана күніне орай тақырыптық экскурсиялар циклы өтті Президенттік орталықтың музейінде Астана күніне орай тақырыптық экскурсиялар циклы өтті Президенттік орталықтың музейінде Астана күніне орай тақырыптық экскурсиялар циклы өтті Президенттік орталықтың музейінде Астана күніне орай тақырыптық экскурсиялар циклы өтті

Астана күні қарсаңында Президенттік орталықтың музейінде уақыт пен ұрпақ, қала мен кеңістік арасындағы диалог идеясын өзек еткен тақырыптық экскурсиялар циклы өтті. Осы күндері музей жай ғана көрме кеңістігі емес, фотокадрлар арқылы өткен мен бүгіннің, жеке естеліктер мен ортақ тарихи жадының тоғысқан жанды алаңына айналды.

Қала тұрғындары мен қонақтарына музейдің тұрақты экспозициясы бойынша «Астананың шежіресі» атты тақырыптық экскурсиялар, «Қазақ елінің астаналары» атты квест-бағдарламалар және фотожурналист әрі өлкетанушы Нұрмұхамат Имамовтың «Менің Астанам: өткеннен болашаққа» атты фотокөрмесі ұсынылды.

Нұрмұхамат Имамовтың фотокөрмесіндегі суреттер – болашақ бас қаланың іргетасы қаланған Целиноград қаласының көріністері. Екі жүзден астам ақ-қара фотосуреттер ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қала көшелерінің көрінісін, сәулеттік келбетін, күнделікті өмір тынысын қайта тірілткендей әсер қалдырады. Сол заманның тынысын, рухын жүрекпен сезінуге мүмкіндік беретін көрме атмосферасы шынайылықтың шырайын келтіріп, үлкендер үшін – естелік, жас буын үшін – қызығушылық пен таңданыс тудырды.

Экскурсияларға әртүрлі аудиториялар қатысты, әрі әр кездесу өзінше мағыналы өтті. Астана қаласындағы №64 мектеп-лицейінің оқушылары мен Павлодар қаласынан келген оқушылар үшін квест-экскурсиялар тарихи география бойынша шынайы танымдық саяхатқа айналды. Интерактивті формат балалардың сұрақтарға жауап іздей отырып белсенді қатысуына және өздері үшін біліммен бірге тәжірибе сыйлады.

Urbanitarium урбанистика клубының жас қатысушылары үшін арнайы бағдарлама ұйымдастырылды. Қалалық ортаны зерттеп жүрген бұл жасөспірімдер үшін музей экспозициясы мен Нұрмұхамат Имамовтың фотокөрмесі – тек тарих емес, ойлау көкжиегін кеңейткен талдау алаңына айналды. Қаланың бірегей келбеті қалай қалыптасады? Сәулет адамның дүниетанымына қалай әсер етеді? Өткен шақ болашақты жобалауға қалай ықпал етеді? – осы сұрақтар төңірегінде жас зерттеушілер тарихи фотосуреттерден шабыт алып, өз идеяларын дамытуға мүмкіндік алды.

«Алматы» ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының өкілдеріне өткізілген экскурсия ерекше жылы әрі эмоцияға толы болды. Себебі, олар үшін «Менің Астанам: өткеннен болашаққа» көрмесі – жай ғана фотосуреттер емес, балалық пен жастық шақтың естеліктерінен тұратын кезең. Көпшілігі таныс көшелер мен ғимараттарды бірден танып, кейбірі өз жастығының ізі түскен көріністерді де көрді. Экскурсия барысында айтылған пікірлер, естеліктер мен оқиғалар музей залдарын шынайы адами естелікпен жандандырды.

Астана күні қарсаңында музей қонақтарының арасында ҚР Қарулы Күштері Құрлық әскерлері Бас қолбасшысы басқармасының офицерлері мен сержанттары да болды. Олар үшін қаланың тарихы – кәсіби қызығушылық қана емес, елдік нышандар мен ұлттық сананың қалыптасуына деген саналы көзқарастың көрінісі. Бұл тұрғыдан алғанда, музей – азаматтық тәрбиенің кеңістігіне айналып, ұрпақ сабақтастығын, жауапкершілік пен ұлттық болмысты терең түсінуге ықпал етеді.

Тақырыптық экскурсиялар циклының нәтижесі бір нәрсені айқын көрсетті: Президенттік орталық музейі – жай ғана экспонат сақтаушы мекеме емес, тірі мәдени организм. Мұнда тарих бүгінгі күннен бөлек қарастырылмайды, қайта оның іргетасына айналады. Ал тарих адамдардың өмір жолынан, тұрмыс-тіршілігінен, жүрек танып-білетін бейнелерден көрініс табады.

Біз музейге келген әрбір келушіге алғысымызды білдіреміз. Әлі келмегендерге – есігіміз ашық. Музей – өткенімен үндескен болашақтың айнасы.