


2025 жылғы 12 маусымда «Архивтердің цифрлық трансформациялануы және құжаттық мұраны сақтау» тақырыбындағы VIII Халықаралық жас архившілердің жазғы мектебі аясында шетелдік және Қазақстан өңірлерінен келген қатысушылар Қазақстан Республикасы Президенті орталығыныңмузейіне экскурсияға келді.
Делегация құрамында Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Түрікменстан, Молдова Республикасы, Ресей Федерациясы архив саласының өкілдері, сондай-ақ Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің бірінші проректоры – ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Ольга Вячеславовна Павленко болды.
Экскурсия барысында қонақтар Қазақстанның тәуелсіздік алу кезеңдерінің негізгі сәттерін бейнелейтін экспозициямен қатар ел тарихын, мемлекеттік реформалар мен еліміздің дамуы жолындағы Президенттік институттың рөлін ашып көрсететін бірегей архивтік материалдармен танысты.
Қатысушылар ұсынылған материалдарға ерекше қызығушылық танытып, ғылыми мазмұнның тереңдігін және экспозициялық деңгейін жоғары бағалады.
Бұл сапар жазғы мектептің білім беру және мәдени бағдарламасының маңызды бөлігіне айналып, кәсіби байланыстарды нығайтуға, тәжірибе алмасуға және құжаттық мұраны сақтаудағы цифрлық тәсілдерді ілгерілетуге бағытталды.