






ҚР ПІБ Президенттік орталығында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне арналған «Абай әлемі» атты Семей қаласындағы ЮНЕСКО клубы – Балалар өнер мектебі жас суретшілерінің дипломдық жұмыстары көрмесінің ашылу салтанаты өтті.
Көрме қосымша білім беру мекемелерін қолдауға және балалар шығармашылығын дамытуға бағытталған «Туған өлкем» республикалық бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.
Іс-шараға дипломатиялық өкілдіктердің, мемлекеттік органдардың, депутаттық корпус өкілдерінің, шығармашылық зиялы қауымның, қоғам қайраткерлерінің, жоғары оқу орындары студенттері мен орта білім беру мекемелерінің оқушылары және елорданың белсенді тұрғындарынан құралған 100-ге жуық адам қатысты.
Айта кету керек, ҚР Президенті Іс Басқармасының Президенттік орталығы балалар шығармашылығын қолдауға және дамытуға ерекше назар аударады. Орталық өз қабырғасында үнемі көркемөнер көрмелері мен іс-шаралар ұйымдастырып, өсіп келе жатқан ұрпақтың жеке тұлғалық дамуына және адамгершілік-эстетикалық тәрбиесіне ықпал етіп келеді. Орталықтың бір бағыты – еліміздегі ЮНЕСКО клуб-мектептерімен ынтымақтастық орнату.
Семей қаласының Балалар өнер мектебі – ЮНЕСКО клубы Қазақстанның ең тәжірибелі мамандандырылған оқу орындарының бірі. Оның тарихы 1960 жылдан, ет комбинатының Мәдениет үйіндегі екі сыныпта музыкалық мектеп ашылған уақыттан басталады, ал 1962-1963 жылдары музыкалық мектепте фортепиано, ішекті, баян-аккордеон, домбыра бөлімдері ашылды, хор және оркестрлік теориялық пәндер сабақтары оқытыла бастады. 2018 жылы мектеп «ЮНЕСКО клубы» құрметті мәртебесіне ие болды. 2022 жылы Қазақстан ЮНЕСКО клубтары Кеңесінің шешімі бойынша Семей Балалар өнер мектебіне Абай облысы бойынша ЮНЕСКО-ның өңірлік өкілі мәртебесі берілді.
Көрменің ашылуы аясында елордалық көркемөнер мектептерінің тәрбиеленушілері үшін «Натюрморт» тақырыбында шеберлік сабағы ұйымдастырылды.
Әр түрлі техникада орындалған 60-тан астам туынды қойылған көрме 2025 жылғы 4 шілдеге дейін жалғасады.