Басты бетРәміздер - елдігіміздің белгісі

Рәміздер - елдігіміздің белгісі

Рәміздер - елдігіміздің белгісі Рәміздер - елдігіміздің белгісі Рәміздер - елдігіміздің белгісі Рәміздер - елдігіміздің белгісі

Мемлекеттік рәміздер – кез келген мемлекеттің ажырамас бөлігі, оның егемендігі мен біртұтастығынкөрсететін негізгі атрибуты. Рәміздер – әрбір азаматтың бойына патриотизмді ұялатып, елдікке шақырып, бірлікке үндейтін, еліне қалтқысыз қызмет ету, жерін қорғау сияқты қасиетті сезімдерді оятады. 

Деректерге сүйенсек, өткен ғасыр мен әрбір дәуір, қазақ халқы үшін  ауыр кезеңдердің бірі болды, ұланғайыр жеріне көз тіккен көршілес елдердің қыспағына түсіп, Отанымен ошағынан айрылудың алдында азақ қалды. Ел тағдыры сынға түскен заманда бір тудың түбінен табылып, бүкіл қазақ халқы бірігіп, қол ұстасып, тізе қосты. Сондай қиын-қыстау сәттердің бірінде даланың үш дана перзенті – Төле би, Қаз дауысты Қазбек би  және Әйтеке би Орда басында кездескеннен кейін Әбілхайыр хан үш жүздің басын қосып, Бөгенбай батырға қазақтың туын ұстатады. Төле би  Бөгенбай батырға: «Сен көтергелі тұрған бұл туда еңіреген ел, ана мен баланың, көкірегінен нала кетпеген бабаның  көз жасы бар! Қасіретті елі үшін, қайғы жұтқан халқы үшін өлімненде ықпайды, ерлік туын жықпайды деп қазақтың туын саған ұстаттық, батырым!» – деген сәтте жиналған қара қауымның көңілдері толқып, тудың қасиетін сезінген екен. 

Ту Қазақстан тарихындағы ең маңызды сәттерде, халықтың қуанышында және сын сағатында да қолдан түскен емес, тәуелсіздік жолында күресуге өз халқын жігерлендіріп, рух пен күш берді.    

1992 жылы 4 маусымда Тәуелсіз қазақ елінің мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітіліп, «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. 

Сол бір тарихи кезеңде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік нышандарын әзірлеу жұмыстары қолға алынып, батыл қадамдар жасалды.1992 жылдың басында Қазақстанның Жоғарғы Кеңесінің (қазіргі Парламент) төралқасы мемлекеттік рәміздерді дайындау жөніндегі жұмыс тобын құру туралы қаулы қабылдады. Шығармашылық комиссия құрылып, ту, елтаңба және әнұран жобаларын дайындауға байқау жарияланды. Катысушылардың катарында, шығармашылық өкілдері, талантты қыл қалам шеберлері, сазгерлер мен ақындар және шетел азаматтары да болды. Байқауға мемлекеттік тудың 1200, елтаңбаның 245 жобасы мен 67 сипаттамасы, әнұранның 750 нұсқасы ұсынылған. Осыншама шығармашылық еңбектердің арасынан бүгінгі күнгі мемлекеттік рәміздеріміз таңдалып алынды. 

Ту – мемлекеттің егемендік пен біртұтастықты білдіретін басты рәміздердің бірі. Мемлекеттік тудың  көк түсі бейбітшілік пен тұрақтылықты,  ынтымақ пен бірлік идеясын аңғартады. Тудың ені мен ұзындығының арақатынасы – 1:2. Айта кетейік, ортасында шұғылалы күн және қалықтап ұшқан қыран бейнеленген көк туымыз – суретші Шәкен Ниязбековтің туындысы.

Елтаңба – мемлекеттің басты рәміздерінің бірі. Елтаңбаның мағыналық жағынан да, тарихи жағынан да көтерген жүгі мол, ондағы басты белгі рәміздің негізгі идеялық жүгін арқалап тұрған шаңырақ образы. Шаңырақ – киіз үйдің күмбезі, көшпелі түркілер үшін ошақтың бейнесі, бүкіл адамзат ұясының нышаны. Еліміздегі барша халықтарды бір шаңырақтың астына шақырып, ортақ үйіміз Қазақстанның уықтары берік, мықты болсын деген өрелі ойларға жетелейді. Ал көгілдір түс аясында қос қапталында пырақтар қанат жайған Елтаңбаның авторлары – танымал сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шотаман Уәлихановтың қыруар еңбекпен шығармашылық ізденістерінің нәтижесі.

Әнұран – мемлекеттің басты рәміздерінің бірі. Мемлекеттік әнұран – елдің музыкалық – поэтикалық эмблемасы, әдеби сазды төлқұжаты. Әнұран мәтіні ұлттық – патриоттық және тәрбиелік идеяларға негізделіп, халықты еркіндікке, елдікпен бірлікке шақырады. Төл тарихымызда Әнұран екі рет қабылданды (1992-2006 жж). Алғашқы әнұранның сөзін Т.Молдағалиев, М.Әлімбаев, Қ.Мырзалиев, Ж.Дәрібаева жазғаны белгілі. 2006 жылғы қаңтар айындағы Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Мемлекеттік рәміздер туралы» Жарлыққа түзетулер енгізіліп, 1956 жылы жазылған «Менің Қазақстаным» әні  ресми түрде Қазақстанның әнұраны болып бекітіліп, бұл күн тарихқа еліміздің жаңа Әнұранының туған күні ретінде жазылды. 

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Президенттік орталығының музейлік жинағында әр жылдардағы тарихи оқиғалардың куәгері болған құнды жәдігерлер жинақталған.

Соның бірегейі, Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы, Халық қаһарманы Т.А. Мұсабаевтың «Союз ТМ-27» және «Мир» ғарыш кемелерінің командирі ретінде ғарышқа екінші рет ұшқанда ғарыш станцасынан желбіреткен Мемлекеттік ту сақтауға алынған. 

Бұл аталған құнды жәдігер ғарыш кеңістігінде 1998 жылдың 29 қаңтар мен 25 тамыз аралығында (ұзақтығы 208 тәулік) болды. Сондай-ақ, Талғат Мұсабаев 1994, 1998 және 2001 жылдары өзімен бірге аспан әлеміне Қазақстанның көк туын, бір уыс қазақ топырағын және қасиетті Құран кітабын алып барған.

ТПМ 1986. Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы.

Ұшқыш-ғарышкер Талғат Мұсабаевтың қолтаңбасы және «Мир» ғарыш станциясының мөрі мен «29.01.1998-25.08.1998 ж» даталары жазылған.

 

Сонымен қатар, 2015 жылы 2 қыркүйек пен 12 қыркүйек аралығында үшінші қазақ ғарышкері Айдын Айымбетовтің Жер планетасын 150 рет айналып шыққанда ғарыш көгінде болған Мемлекеттік ту қорда сақтаулы. Байқоңыр ғарыш айлағынан «Союз ТМА-18М» ғарыш кемесімен он күнге созылған сапарында қазақ ғарышкері Айдын Айымбетов ресейлік ғарышкер Сергей Волков және Еуропа ғарыш агенттігінің астронавты Андреас Могенсенмен ғарышқа аттанып, бесінші ұлттық ғылыми зерттеу бағдарламасын орындаған болатын.
ТПЕК 4495. Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы. Тудың жоғары жағында домалақ екі мөр басылып, бір мөрде «2 АВГ 2015» деп жазылған.

Мемлекеттік рәміздеріміз бүгінде шартарапқа кеңінен танылды. Қазақ Елін әлем жұртшылығы мойындады. Көк байрағымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының ғимараты алдында, Қазақстан Республикасының шетелдердегі Елшіліктері ғимаратының маңдайшаларына тігілген. Елтаңбамыз Американың халықаралық зерттеуінде ең әсем Елтаңба ретінде тоғызыншы орынды иеленді. Бұл жетістіктер бойымызға зор мақтаныш және жауапкершілік сезімін ұялатады.

Ту, елтаңба мен әнұран жаңарған Қазақстанның халықты біріктіруші символына айналды. 

Еліміздің төл рәміздері біздің тарихымыз, ал оны білу Отанын сүйген әр азаматтың парызы.

Ұлттық құндылықтарымыздың ең биігі, елдігімізді айшықтайтын басты рәміздеріміз жарқырай берсін!

 

 

 

Әміржанова Нұргүл Өмірбекқызы

Қазақстан Республикасының 

Президенттік орталығының

Музей құндылықтарын есепке алу және 

сақтау қызметінің жетекші сарапшысы