Басты бетМузей – мәдени үнқатысу алаңы

Музей – мәдени үнқатысу алаңы

Музей – мәдени үнқатысу алаңы

Мемлекет Басшымыз атап өткендей: «Мәдениет пен өнер – ел өміріндегі өте маңызды сала. Өнер – ұлттың жаны, ал мәдениет – рухани келбеті. Бұл қос құндылықты өркениетіміздің өзегі деуге болады. Оны сақтап, байыта түсу – ортақ парыз».

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Президенттік орталығы (бұдан әрі – Орталық) Қазақстандағы президенттік институт пен мемлекеттілік тарихына қатысты материалдарды жинақтау, іріктеу, жүйелеу және ұсыну бойынша сараптамалық-аналитикалық тәсілдің ауқымды функцияларын қолданатын еліміздегі мәдениетпен өнерді біріктіретін бірегей мекемелердің бірі болып табылады.

Президенттік институттың беделі арқылы тәуелсіз Қазақстан тарихын дәріптеу жөніндегі Орталықтың миссиясы аясында республиканың қоғамдық-саяси өміріндегі түбегейлі өзгерістер Орталықтың музей қызметінің негізгі бағыттарын қайта қарау мен жаңартуды күн тәртібіндегі басты мәселе ретінде қарастырады.

Қазақстан Республикасының қазіргі Президенті мен бұрынғы президенттерінің мұрасын, игілігін жинақтайтын мекеме ретінде бүкіл музей кеңістігінің қызметін қайта форматтаудың ең басты міндеті болып тұрғандықтан, бұл өз кезегінде музей материалын түсіндірудің әртүрлі тәсілдері мен әдістерін қолдануға мүмкіндік берді.

Жаңа экспозициялық алаңда биліктің, тұтастай алғанда президенттік институттың дәстүрлер сабақтастығының негізінде Президенттің әділетті мемлекет құру, мемлекеттік басқару, саяси көшбасшылық және т. б. реформаларының тақырыбына баса назар аударылып отырады. Осылайша президенттік институт арқылы еліміздің жаңа саяси тарихы айқындалды. Экспозицияларда әлеуметтік трансформациялар мен қоғамды жаңғырту процестеріне, сондай-ақ олардың нәтижесінде пайда болған әлеуметтік-саяси формаларға басты назар аударылады.

Орталықтың экспозициясы заманауи саяси тарихымызды дәйекті, тақырыптық-хронологиялық көрсету қағидаты бойынша жаңғыртылып, дайындалды. Экспозицияны көркемдеуде музейді заманауи безендірудің түрлі тәсілдері кеңінен қолданылды. Ұсынылған архивтік құжаттар (дәстүрлі, фото- және бейне құжаттар), музей топтамалары, тақырыптық жеке кешендер, музей реконструкциялары және де интерактивті мультимедиялық жүйелерді қолданудың арқасында келушілер Қазақстанның қазіргі заманғы сан қырлы тарихын толық көлемде түсінуге мүмкіндік алады.

Әрине, мұндай қадам еліміздің азаматтарына ұлттық мәдени және тарихи мұраларын жан-жақты түсінуі мен құрметтеуіне, толеранттылық пен саяси мәдениетке, патриотизмге негізделген тарихи сананы қалыптастыруға ықпал етеді. Осылайша, бүгінгі таңда музей қорының құндылықтарымен тарихи үдерістердің нақты көрінісін айшықтай отырып, кешенді ізденістер негізінде Орталық экспозицияларына ауқымды ғылыми түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Қазіргі экспозицияның ғылыми тұжырымдамасы тарихты жариялауға жан-жақты, кәсіби көзқарасты талап етіп қоймай, сондай-ақ түрлі фактілер мен тенденциялардың мүмкіндігінше дәлме-дәл зерделенуін және жаңа дәуірдегі тарихи процестердің алуандығы, екіұштылығы мен қайшылықтары, аяқсыз қалған кейбір тұстары айқындалатын пайымдаулар шығаруды көздейді.

Анықталған факторлар музей қорлары мен экспозицияларын мәдениетаралық өзара әркеттесуге, әртүрлі әлеуметтік топтар мен қауымдастықтар, этностар мен ұрпақтар, кәсіби және түрлі жастар ортасында, аумақтық және басқа да субмәдениеттер арасында ақпарат пен құндылықтар алмасу үшін қызмет ететін бірегей алаң ретінде бағалауға мүмкіндік береді.

Осы тұрғыдан алғанда музей жинақтары еліміздің Президенттік орталығына сақтауға қабылданып, оның жедел басқаруына өтетін ғылыми зерттелген, үздіксіз толығып отыратын музейлік маңызы құндылықтар жиынтығы ретінде қарастырылады.

Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының музей жинақтарына Қазақстанның қазіргі заманғы тарихының, жалпы президенттік институттың дамуын айғақтайтын тарихи-мәдени, көркемдік және ғылыми маңызы бар еліміздің президенттеріне сыйға тартылған құндылықтар кіреді. Қоғамдық-саяси тақырыптардан басқа, Орталықтың музей топтамалары әлемдік мәдени мұраның ең жарқын үлгілерін ұсынуға мүмкіндік береді. Мұның себебі музей құндылықтарының негізгі көзі – Мемлекет басшысына тарту етілген және Қазақстан Президентінің Әкімшілігі мен Іс басқармасынан келіп түсетін дипломатиялық сыйлықтардан тұрады.

Президенттік орталықтың музей саласын Музей құндылықтарын есепке алу және сақтау қызметі, Экспозицияларды және көрмелерді ұйымдастыру қызметі, Экскурсия жұмысы қызметі қамтамасыз етеді.

Осы қызметтердің әрқайсысы еліміздің мәдени мұрасын сақтауға және насихаттауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы президенттерінің қызметі арқылы еліміздің мемлекеттілік тарихын бейнелейтін экспозициялық кеңістікті қалыптастыруға бағытталған бірегей функцияларды орындайды.

Кез келген музей мекемесінің өзегі музей қоры мен топтамалары екені белгілі. Президенттік орталықта 11 музей топтамасы бар. Олардың сақталуын, есепке алынуын және жинақталуын Музей құндылықтарын есепке алу және сақтау қызметі жүргізеді. Қызмет жұмысында цифрлық технологияларды енгізуге баса назар аударылады, бұл жұмыс тиімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Электрондық есепке алу және сақтау жүйелерін қолдану процестерді оңтайландырып қана қоймай, сонымен қатар Президенттік орталық қызметкерлеріне, зерттеушілер мен қалың көпшілікке музей жинақтары туралы ақпараттарға қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Қазіргі кезеңде Президенттік орталықтың архив, кітапхана және музей қорларын есепке алудың бірыңғай ақпараттық жүйесі әзірленуде.

Музей қызметінің экспозициялық-көрме бағыты жетекші қызметтердің бірі болып табылады. Себебі қызметтің басты бағыты музей жинақтарын қалың жұртшылыққа ұсынуға және Президенттік орталықтың музей топтамаларына деген қызығушылықтарын арттыруға негізделген.

Соңғы жылдары экспозицияларды құрудың классикалық формаларын интерактивті және мультимедиялық технологияларды енгізумен үйлестіру үрдісі байқалады, бұл әртүрлі жастағы топтар үшін мәдени мұрамен танысу процесін қызықты әрі қолжетімді етеді.

Президенттік орталық музейінің экспозицияларында Touch Screen, 3D-мэппинг секілді шынайы толықтырылған, симуляциялық ойындары бар интерактивті аймақтар және т.б мультимедиялық құралдарды қолдану келушілер үшін Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне тереңірек үңілуге мүмкіндік береді.

Қызмет жұмысының маңызды аспектісі ел тарихындағы айтулы оқиғаларды баяндайтын тақырыптық көрмелер мен көшпелі жобаларды қалыптастыру болып табылады. Қызметтің бұл бағыты тарихта қалған маңызды сәттерді есте сақтап қана қоймай, сондай-ақ өскелең ұрпақ пен жастардың бойында патриотизм сезімін ұялатуға ықпал етеді. Мәселен, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері – С. Сейфуллин, М. Тынышбаев, М. Шоқай және Т. Рысқұловқа арналған «Тарихи тұлғалар туралы очерктер» қор көрмелерін, «Қазақстан халқы Ассамблеясы: бірлік пен келісімнің 30 жылы», сондай-ақ «Қазақстан тарихының өзекті мәселелері: жаңа көзқарастар мен ізденістер»атты тарихшылар форумына арналған «Қазақстан археологиясы: жаңа ашылымдар» тақырыптық көрмелерін, Қазақстан Республикасының Отан қорғаушылары күніне және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ерлік дастаны»/«Эпопея Победы» және басқа да көптеген қызықты көрме жобаларын атап өткім келеді.

Қазақстанның музей топтамалары мен мәдени мұрасын насихаттауға бағытталған экскурсияларды ұйымдастыруға және өткізуге Экскурсиялық жұмыс қызметі жауап береді. Осы Қызметтің аясында экскурсиялардың жаңа түрлерін әзірлеу, тақырыптық бағыттарды және әртүрлі мақсатты аудиторияларға арналған арнайы бағдарламаларды қолдану секілді экскурсияларды өткізудің жаңа тәсілдері енгізілуде. Атап өтсек, осы Қызметтің бастамасымен қолға алынған «Наурыз. Таным. Тарих», «Аталар дәстүріне адалдық», «Ерлік дастаны»/«Эпопея Победы» жобалары, сондай-ақ гидтер мен экскурсия жүргізушілердің 1-ші Форумы жұртшылықтың ерекше қызығушылық тудырды.

Қызмет мектеп оқушылары мен студенттерге арналған білім беру бағдарламаларын құру бойынша жұмыстарын белсенді жалғастыруда. Бұл, әрине, еліміздің тарихы мен мәдениетіне деген қызығушылықты жастайынан қалыптастыруға ықпалын тигізеді. Мысалы, ең кішкентай келушілеріміз үшін экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Жануарлардың ғажайып әлемі» атты экспозиция көрмесіне тақырыптық экскурсиялар үлкен сұранысқа ие болуда.

Жалпы Орталықтағы музей блогының қызметкерлері бірлескен көрмелер мен іс-шараларды ұйымдастыруға мүмкіндік беретін еліміздегі және шетелдегі басқа музейлермен де, мәдени мекемелермен де белсенді түрде өзара серіктестік байланыс орнатқан. Соның айғағы іспеттес Қазақстан Республикасындағы Үндістан Республикасы Елшілігінің Свами Вивекананда атындағы мәдени орталығымен бірлесіп өткізген Патна қаласындағы (Бихар штаты, Үндістан) Бихар музейінің «Адамзат, ескерткіштер және табиғат туралы триптих» қор көрмесі, сондай-ақ «Біз жалғыз емеспіз» атты Қазақстан-Австрия көрмесі қалың жұртшылықтың назарын аударды. Мұндай жобалар мәдени байланыстарды дамыту мен нығайтуға, сондай-ақ Президенттік орталықтың және жалпы еліміздің абыройын асқақтатуға өз үлесін қосатыны сөзсіз.

Тарихи және мәдени мұраны қастерлеуде көп ғасырлық тәжірибесі бар франциялық музейлердің тәжірибесімен танысу мақсатында қызметкерлердің Париж қаласына қызметтік іс-сапары жұмыс барысында үлкен септігін тигізді.

Музей блогының қызметтері тығыз ынтымақтастықта жұмыс жасай отырып, қазақ мемлекеттілігінің, қол жеткізген тәуелсіздіктің және президенттік институттың одан әрі дамуының тарихын зерделеу және түсіну үшін бірегей кеңістігін құруда. Бұл Қазақстан Республикасы Президенттік орталығындағы музей ісінің одан әрі алға басуына ықпал ететін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

Күн сайын ертемен тұрып, жұмысқа асығатын музей мамандары үшін Президенттік орталықтың музейі – өмірдің мәні, ал нақтырақ айтқанда Икигайы болып табылады.

Жалпы музей алаңындағы өзгерістерге алып келетін жәдігерлерді толықтыру, экспозициялық көрмелерді өзгерту, жаңа көрмелер мен экскурсиялар секілді сырт көзге көрінбейтін күнделікті қызметіміздегі шағын қадамдар – осының бәрі жапон философиясының қағидаттарындағы біздің кайдзен болып табылады. Күн сайын музей залдарын кем дегенде 1%-ға болса да жақсартуға құштар қызметкерлер өздері таңдаған мамандығының нағыз үлгісін көрсететін шағын да болса тұрақты үлкенді, кішілі жетістіктерімен қатар өздері де қоса өсіп-өркендеп келеді.

Әріптестерімізді Халықаралық музейлер күнімен және Қазақстандағы мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен құттықтай отырып, сіздердің назарларыңызға «Бояулар палитрасы» қор көрмесін ұсынып отырмыз. Достар, баршаңызды Президент орталығының музейінде асыға күтеміз!