







21 мамырдан бастап Президенттік орталықта Менеджмент, бизнес және білім колледжі мен Сервис және бизнес колледжінің, сондай-ақ Астана Халықаралық университетінің студенттері қатысқан «Әділетті қоғам: саяси қағидаттар және құндылықтар жүйесі» екі күндік семинар-тренингі өтті.
Білім беру бағдарламасы азаматтық сананы дамытуға, қоғамдық үдерістерді әділетті бағалау қағидаттарын қалыптастыруға және жастардың құндылықтар жүйесін нығайтуға бағытталған. Бағдарлама аясында Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың заң үстемдігіне, теңдікке және азаматтардың, әсіресе жастардың, ел өміріне белсенді қатысуына негізделген әділетті Қазақстанды құрудың маңыздылығы көрсетілген міндеттерге ерекше назар аударылды.
22 мамырда семинар-тренинг аясында «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының төрайымы Ақнұр Тұрдалиевамен кездесу өтті. Іс-шара барысында Ақнұр Нұрталапқызы кәсібилік, қоғамдық белсенділік және көшбасшылық тақырыбына арналған шабыттандыратын презентация ұсынды. Баяндаманың негізгі идеясы – «Болашақ өзіңнен басталады» деген жастарға арналған үндеу болды.
Жүздесу барысында студенттер ел болашағы туралы өз ойларын ортаға салып, жастар саясатын дамыту, өзін-өзі дамыту және қоғамдық өмірге атсалысу мүмкіндіктерін көтерді. Спикер әр сұраққа толық жауап беріп, ішкі мотивацияның, бастамашылықтың және тұрақты өмірлік құндылықтардың маңыздылығы айтылды.
Кездесу соңында семинар-тренинг тыңдаушыларына сертификаттар мен белсенді қатысушыларға Алғыс хаттар тапсыру рәсімі болды.
Жастар мұндай білім беру іс-шаралары мен кездесулердің олар үшін жаңа білім алу ғана емес, сонымен қатар қоғам өміріне белсенді араласуға және озық әрі әділетті Қазақстанды құруға ынталандыратынын атап өтті.