



Қазақстан Республикасының Президенттік орталығында Астана қаласындағы №104 орта мектебінің алтыншы сынып оқушыларына арналған музей сабағы өтті. Интерактивті форматта өткен білім беру іс-шарасы «Батырлар институты: дәстүрлер, мәртебе және қару-жарақ» тақырыбына арналды.
Қызықты сабақ барысында оқушылар қазақ қоғамындағы батырлықтың маңызы, қазақ батырларының тарихи рөлі және қару-жарақ мәдениеті туралы білді. Мемлекеттік мерекелер –Тәуелсіздік күніне және Отан қорғаушылар күніне баса назар аударылды, олардың маңыздылығы ұлттық қауіпсіздік пен тарихи жад мәселелерін талқылау барысында да айтылды.
Кездесудің басты тақырыбы – қазақ батырының дәстүрлі қару-жарағының бес түрінен тұратын «бес қару» ұғымы болды. Дәріскер қарудың түрлері, оның мақсаты мен мағынасы туралы баяндады.
Сабақ барысында мектеп оқушылары қазақ, араб, кавказ және еуропалық қарулардың бірегей коллекциясымен танысты.
Оқушылар музей жәдігерлерін көріп қана қоймай, қаруларды қолмен ұстау мүмкіндігіне ие болды. Бұл оларға өткен дәуірлерге терең бойлап, өздерін аты аңызға айналған батырлардай сезіне алуына септігін тигізді.
Іс-шара соңында жасөспірімдерге музей бойынша экскурсия өткізілді. Музей сабағы жаңа білім көзі ғана емес, сонымен қатар оқушыларды өз елінің тарихи-мәдени мұрасымен таныстырудағы маңызды қадам болды.