
Биыл біз адамзат тарихындағы ең ауқымды және қанқұйлы соғыс – Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын атап өтеміз.
Осыған байланысты бірнеше цифрларды келтіре кеткенді жөн көріп отырмын. Ұлы Отан соғысы құрамдас бөлігі болып табылатын Екінші дүниежүзілік соғысқа сол кезеңде болған 74 мемлекеттің 62-сі қатысқан. Соғыс кезінде әр түрлі бағалаулар бойынша 55-тен 80 миллионға дейін адам, олардың ішінде 27 миллион КСРО халқы қаза болған.
Қазақстанда осы бір сұрапыл жылдардың қасіретін көрмеген бірде-бір отбасы жоқ десек болады. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап республика аумағында әскери бөлімдер мен бөлімшелер жасақтала бастады. Алғашқылардың бірі болып аңызға айналған 316-шы гвардиялық Панфилов дивизиясы құрылды. Қазақстаннан майданға барлығы 12 атқыштар дивизиясы, 4 атты әскер дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы аттанды. Майданға шақырылған 1,2 миллионнан астам сарбаз бен офицердің әрбір екіншісі майдан даласынан оралмады. Қанды қырғында 270 мыңнан астам жерлесіміз хабарсыз кетті.
Сондай-ақ, Қазақстан әскери құрамаларды қару-жарақ, оқ-дәрі, өнеркәсіптік тауарлармен және азық-түлікпен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарған сенімді тылға айналды, 10 оқтың 9-ы қазақстандық қорғасыннан құйылды. Еңбек жасағына 60 мыңнан астам адам жұмылдырылды. Осылайша, республиканың әрбір төртінші тұрғыны майданға және қорғаныс өнеркәсібіне шақырылды.
Бүгінгі таңда біздің батыр қаһарман ата-бабаларымыздың лайықты ізбасарлары – өз жеріміздегі бейбітшілік пен тыныштықтың сенімді қорғаны Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жауынгерлері. 7 мамырда елордада өткен әскери шеру әскери дәстүрлер сабақтастығының көрнекі көрінісі болды.
Өткен соғыстың сабақтарын әрдайым есімізде сақтап, бейбітшіліктің құны қандай екендігін ұмытпау және бізге бейбіт аспан астындағы өмірді сыйлаған жандардың теңдессіз ерлігін ұрпақ жадына ұялату – біздің қасиетті борышымыз.
Әр шаңырақта бейбітшілік, бақ-береке орнасын, әр күніміз шаттыққа толы, жүрегіміз еліміз бен ел қорғандары үшін мақтаныш сезіміне бөлене берсін!
Құрметпен,
Қазақстан Республикасы
Президенттік орталығының
директоры
Бақытжан ТЕМіРБОЛАТ