









Қазақстан Республикасының Президенттік орталығында Батырлар институты: ұлттық рух пен құндылықтар сабақтастығы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Батырлар институтының тарихи-мәдени маңыздылығын зерттеуге, ұлттық рухани мұраны сақтап, дамытуға бағытталған іс-шараны Қазақстан Республикасының Президенттік орталығы, Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, Астана қаласы әкімдігінің әдістемелік орталығы және Астана қаласы әкімдігінің М.Мақатаев атындағы №74 мектеп- гимназиясы ұйымдастырды.
«HistoryTalks» форматында өткен конференцияға еліміздің барлық аймақтарынан ғалымдар: тарихшылар мен өлкетанушылар, жазушылар, журналистер, тарих пәнінің мұғалімдері – барлығы 200-ден астам адам қатысты. Панельдік сессия мен секциялық отырыстарда қатысушылар батырлар институтының қазақ халқының әлеуметтік құрылымы мен тарихындағы рөлін, қоғамдағы орны мен тарихи сабақтастықты саралады.
Конференцияның салтанатты ашылу рәсімінде Президенттік орталық директорының орынбасары Серік Сыдықов құттықтау сөз сөйледі.
Секциялық отырыстар «Батырлар институтының тарихи және мәдени негіздері», «Ұлттық құндылықтар мен дәстүрлер сабақтастығы», «Ұлы Жеңістің 80 жылдығы: батырлар рухы мен ерлігі», «Қазіргі заман батырлары: Отанға қызмет ету ерлігі» тақырыптарында өтті. Сондай-ақ әдістемелік семинарлар барысында қатысушылар заманауи оқыту әдістері мен дәстүрлі білім мен инновацияны ұштастыру бойынша тәжірибе алмасты.
Конференция қорытындысы бойынша қарар қабылданды. Барлық қатысушылар сертификаттар алды. Сонымен қатар, үздік баяндамалар мен жобалар Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының сертификаттарымен марапатталды.