Ағымдағы жылдың 5 мамырында сағат 15.00-де Қазақстан Республикасының Президенттік орталығында Қазақстан Республикасының Отан қорғаушылар күніне, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ерлік дастаны»атты тарихи-деректі көрменің ашылуы өтеді.
Жоба Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Астана қаласының мемлекеттік архивімен бірлесіп дайындалды.
Шараның мақсаты – тарихи зердені сақтау және бейбітшілік пен бостандық үшін жандарын қиған ұрпақтардың ерлігі мен батырлығына тағзым ету.
Көрме Қазақстанның Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы маңызды тарихи кезеңдерін ашып көрсетіп, нацизм мен фашизмге қарсы күрестегі халықтың жанқиярлығын атап өтеді. Көрме экспозициясында майданда Отанды қорғаған жауынгерлер мен тыл еңбеккерлерінің ерлігін бейнелейтін шамамен 100 материал ұсынылады. Сонымен қатар, Қазақстан аумағында құрылған дивизиялар туралы мәліметтер де қамтылады.
Қазақстандық жауынгерлер майдандарда керемет ерлік көрсетіп, олардың 500-ден астамы Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Олардың ішінде төртеуі – Т. Бигелдинов, С. Луганский, Л. Беда және И. Павлов екі мәрте жоғары марапатқа ие болды.
Ерлермен қатар майданда ерлік көрсеткен Ә.Молдағұлова, М. Мәметова,
Х. Доспанова сынды қазақ әйелдерінің батырлығыОтанға деген адалдық пен батылдықтың жарқын үлгісі болып табылады.
Сондай-ақ көрмеде Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жылдығы (24.12.1910 ж.), Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің 110 жылдығы(15.11.1915 ж.), Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдық (15.06.1925 ж.) мерейтойлары аталып өтеді.
І. «Соғыс жылдарындағы қазақстандық дивизиялардың тарихы» бөлімі Ұлы Отан соғысының майдандарында шайқасқан қазақстандық әскери бөлімдердің ерліктері туралы баяндайды. Мәскеу мен Ленинградты (қазір Санк-Петербург) қорғауда, Курск доғасында, Сталинград шайқасында, Еуропаны азат етуде әртүрлі майдандардағы ұрыстарда қазақ жауынгерлері ерекше ерлік пен қайсарлық көрсетті.
ІІ. «Ақмола қаласының Ұлы Жеңіске қосқан үлесі» бөлімінде Астана қаласының мемлекеттік архивінің материалдары негізінде Ақмола мен Ақмола облысында құрылған дивизиялар, тылда еңбек еткен тұрғындардың батырлықтары мен еңбек ерліктері туралы баяндалады. Ақмола (қазір Астана) Ұлы Отан соғысының шешуші шайқастарына қатысқан әскери құрамаларды дайындаудың маңызды орталығына айналды. Тыл еңбеккерлері қиын жағдайларға қарамастан, майданның қару-жарағын, әскери техникаларын, азық-түліктерін өндіруде аянбай еңбек етіп, Жеңіске өлшеусіз үлес қосты.
Көрменің ашылуы аясында даңқты батыр, ақмолалық жауынгер Әлмұқан Сембиновке арналған «Тағдыры тарихқа айналған...» кітабының тұсаукесері өтеді. Авторлары – Т.Ә. Қышқашбай, Ғ.Т. Исахан, А.Қаршығаұлы.
Аталған іс-шара аясында Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасына қарасты Президенттік орталығы мен елорда мемлекеттік архиві арасындағы әріптестікті одан әрі дамыту мақсатында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылады.
БАҚ өкілдері аккредитациядан өтуі тиіс!
Оған қажетті мәліметті кестеге сәйкес 05.05.2025 күнгі сағат 12.00 дейін saule.onalbaeva@mail.ruэлектрон поштасына жіберген жөн.
Байланыс нөмірі: 8 (7172) 69-30-57, +7 707 955 59 05 (Оңалбаева Сауле).
Мекенжай: Астана қ., Бөкейхан көшесі, 1а