







2025 жылдың 9-17 сәуір аралығында Атырау және Жамбыл облыстарының жоғары сынып оқушыларына, сондай-ақ М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті мен Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің студенттеріне «Әділетті қоғам: саяси қағидаттар және құндылықтар жүйесі» тақырыбында семинар-тренингтер өткізілді.
Бағдарлама аясында қатысушылар «Әділдік тұжырымдамасы: тарихи дәстүрлер мен заманауи модельдер», «Әділетті Қазақстан» саяси бағдарламасы: тұжырымдамалық негіздер мен құндылық бағдарлары» дәрістерін тыңдап, интерактивті тренингтерге қатысты. Оқу барысында жастар да әлеуметтік жобаларды әзірлеп, ұсынып, ашық пікірталастарға қатысып, қызықты идеялар мен ұсыныстарын ортаға салды.
Қатысушылар семинар-тренингтердің маңызы зор екендігін атап өтті. Тараз қаласындағы Абай атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Аяжан Қапаштың айтуынша, олар әділдік пен демократия ұғымдарын тереңірек түсінуге ықпал еткен. Ал ҚазҰАЗУ студенті Қарлығаш Қошмұхамбет әділетті қоғам құруда жеке азаматтық жауапкершіліктің маңыздылығын атап өтті.
Атырау облыстық ұлттық гимназиясының, сондай-ақ Атырау облысының №3 «Білім-инновация» лицей-интернатының оқушылары да өз әсерлерін айтты: «Әділеттілік – бұл жай ғана заңға бағыну емес. Бұл – ішкі ар-ождан, жауапкершілік пен сенім. Біз нағыз әділеттіліктің саяси ұстанымдар мен адамгершілік құндылықтардың үйлесімінде екенін ұғындық».
Семинар қорытындысы Қазақстан жастарының ынтымақтастық пен теңдікке және заң үстемдігіне негізделген әділетті қоғамды қалыптастыруға дайын екендіктерін көрсетті.