Басты бетРеставрация – бұл тарихтың бір бөлшегін қайта өмірге келтіру

Реставрация – бұл тарихтың бір бөлшегін қайта өмірге келтіру

Реставрация – бұл тарихтың бір бөлшегін қайта өмірге келтіру

Мен, Зият Берікұлы, Президенттік орталықтың Музей құндылықтарын есепке алу және сақтау қызметіннің жетекші сарапшы болып жұмыс істеймін.

Әкем Берік Әлібай – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, халықаралық Карл Фаберже ордендерінің кавалері және «Мұсылман әлемінің үздік зергері» атағының иегері. Ал атам Сәтінбек ұста, бабам Әлімбай зергер болған. Сондықтан мен бала кезімнен өнер мен шеберліктің ортасында өстім.

2012 жылы мектепті бітіріп, «Тұран-Астана» университетінде дизайн мамандығын тәмамдадым. Ал өнерге деген сапарым қылқаламнан басталып, реставрациямен жалғасты. Кейін «Педагогика және психология» мамандығы бойынша магистратураны аяқтадым.

Мен үшін реставрация – бұл жай ғана мамандық емес, өнерге деген сүйіспеншілік, тарихты сақтау, уақытпен сырласу.

Әрбір экспонаттың өз тарихы бар. Уақыт өте келе олардың кейбірі қараяды, сынып қалады, кейде тіпті жарамсыз күйге түседі. Бірақ мен оларды қайта тірілтуге барымды саламын. Реставрацияның ең ерекше сәті – экспонат «рахмет» айтқандай болған кез, оның қайта жаңғырғанын көру. Бірде көне күміс әшекейді қалпына келтіріп болғанымда, оның жарқырап шыға келгенін көріп, өзім таңғалдым. Ол тарихтың бір бөлшегі ретінде қайта өмірге келді.

Қазақстанда реставрация жеке мамандық ретінде қарастырылмаған, бірақ біз мәдени мұрамызды сақтап қалу үшін кәсіби шеберлерге мұқтажбыз. Егер біз өткенімізге құрметпен қарасақ, болашағымыз да жарқын болмақ. Сондықтан елімізде толыққанды реставрация орталығы ашылуын армандаймын.

Меніңше, әр адам өз ісіне шын жүрекпен берілсе, оның еңбегі сапалы, нәтижесі тамаша болады. Өнер – өмір сүруге лайық, ал біз оны сақтауға міндеттіміз!

Әрбір көне зат – өткеннен жеткен аманат. Ал оны сақтап, келесі ұрпаққа жеткізу – біздің міндетіміз.

 

З.Б. Сәтінбек

ҚР Президенттік орталығының

Музей құндылықтарын есепке алу және

сақтау қызметінің жетекші сарапшысы