
Жүкенов Дулат Амантайұлы
Қазақстан Республикасы Президенттік орталығы
директорының орынбасары
Бірнеше ондаған жылдар бойы қоғамның барлық салаларын қамтып жатқан цифрлық трансформация кітапхананы да айналып өтпеді. Бүгінгі таңда мамандардың ерекше алаңдаушылығын тудыратын мәселе кітаптың болашақ тағдыры. Жалпы цифрландыру және жасанды интеллекті қолдану дәуірінде жастарды кітап оқуға баулуға және кітап оқитын ұрпақты қалай тәрбиелеуге болады? Бүгінгі күні еліміздің басшынан бастап, қатардағы азаматтарына дейін толғандыратын мәселе болып отыр.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев 2024 жылы наурызда Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыру керек екендігін, тек жаппай кітап оқитын ұлт қана шын мәнінде интеллектуалды бола алатынын атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша кітап оқырманға қолжетімді болып, ал кітапханалар уақыт талабына сай жаңартылуы керек.
Президенттік орталықтың алдында тұрған міндеттердің бірі – адамдар арасында кітап оқуды насихаттау. Жасыратыны жоқ, цифрлық ресурстарды пайдаланудың өсуіне байланысты кітапханаға келетін оқырмандар саны төмендейді. Қазіргі ұрпақ компьютермен бірге өсті және виртуалды кеңістікті оңай басқарады. Ол үшін интернет тек ақпарат көзі ғана емес, сонымен бірге қарым-қатынас, ынтымақтастық және өзін-өзі таныту құралы болып табылады. Бұл кітапханалар үшін жаңа тәсілдерді іздеуге, кітапханалық-ақпараттық қызмет көрсетуді ұйымдастырудың заманауи түрлерін дамытуға және оқырманға ыңғайлы қызметтерді ұсынуға мәжбүр етеді. Мамандар мынадай нақты тұжырымдамалар ұсынады:
- пайдаланушы кітапханадағы негізгі фигура ретінде басты назарда болуы керек: оның қажеттіліктерін анықтау және мүмкіндігінше толық және сұраныстарын жылдам қанағаттандыру;
- пайдаланушы мен қажетті ақпарат алу барысындағы кітапханашының рөлін реттеу;
- құжатқа және ол туралы ақпараттарға байланысты сұраныстарды қанағаттандыруға заманауи кітапханалық технологияларды енгізу. Бұл кітапханаға жазылудан бастап, қажетті ақпарат пен дереккөздерді алуға дейінгі барлық кезеңдерде пайдаланушы үшін қызмет көрсету сапасын, тиімділігін және жылдамдығын арттыру;
- кітапхана дәстүрлі түрде ұсынатын қызмет түрлерінен бөлек, пайдаланушыға мүмкіндіктердің ауқымын кеңейтуге ықпал ететін қызмет көрсетудің жаңа түрлерін ұсыну.
Осыған орай Президенттік орталықтың ақпараттық және технологиялық қамтамасыз ету саласында ең жоғары талаптарға жауап беретін заманауи көпфункционалды кешен ретінде деңгейі айтарлықтай жоғары екендігін айта аламыз.
Қазіргі уақытта кітапхана қорында 22 мыңнан астам сақтау бірлігі бар. Бұл отандық және әлем әдебиетінің ең үлкен асыл қорларының жинақтары. Қордың негізі – Қазақстан Республикасы Президенті мен экс-президенттерінің қызметі туралы кітаптар, олардың елде және шетелде жарияланған авторлық туындылары; мемлекет басшыларына авторлардың қолтаңба жазбалары бар сыйға берілген кітаптары мен басқа да басылымдары; сирек, коллекциялық және сыйлық басылымдары; мерзімді басылымдар (газеттер, журналдар); анықтамалық әдебиеттер (энциклопедиялар, сөздіктер, анықтамалықтар); биобиблиографиялық және библиографиялық көрсеткіштер және электрондық басылымдар. Қордың негізгі тақырыбы – қоғамдық-саяси әдебиет, мемлекет тарихы, әлемдік классикалық әдебиет.
Сирек кездесетін басылымдар, әлемдік саяси және қоғам қайраткерлерінің қолтаңбалары бар сыйлыққа берілген экспонаттар ерекше құнды жәдігер болып табылады. Сирек басылымдар қорының бірегей бөлігі – Құран және тәпсір басылымдарының жинағы (Құран сөздерінің және мағынасының түсіндірмесі). Сыйлыққа берілген Құран басылымының әрбір данасы өте жоғары сапалы полиграфиялық деңгейде жасалған өнім болып табылады және олардың кейбіреулері ерекше библиофильді құндылыққа ие.
«Тәуелсіз Қазақстан» жинағы Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің қалыптасу және даму тарихына арналған. Қазақстан дамуының маңызды қадамдары Қазақстан экономикасына, жаңа ұлттық валюта – теңгенің пайда болуына, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуына, ядролық қаруға қарсы қозғалысқа, елорда – Астананың құрылуына арналған коллекцияларда көрсетілген. Мұнда Қазақстан тәуелсіздігінің рәміздері туралы кітаптар, Қазақстанның сыртқы саясатының қалыптасу және даму тарихына, шет елдермен дипломатиялық қатынастарға арналған басылымдар ұсынылған. «Әлемдік көркем әдебиет» жинағында әлемдік классиканың үздік үлгілері ұсынылған.
Осылайша, Президенттік орталықтың кітапханасы бай және сапалы қор болып табылады. Алайда кітапхана тек кітап сақтайтын орын ғана емес, сонымен қатар оқыту мен инновация орталығы болу үшін жаңа форматқа көшу қажет. Бұл бағыттағы жұмыс тұрақты жүргізілуде.
Мысалы, президенттік институттың имиджін ілгерілету аясында Президенттік орталықта конференциялар, дөңгелек үстелдер, форумдар, көрмелер өтеді. Ғылыми-білім беру және тәрбие беру қызметіне байланысты дәрістер, семинар-тренингтер, зияткерлік ойындар, әдеби сағаттар, пікірталастар, мұражай сабақтары, конкурстар, балалар мерекелері. Консультативтік-әдістемелік жұмыста – мемлекет Басшысының бағдарламалық құжаттары мен жолдауларын түсіндіру, көшпелі дәрістер мен семинарлар ұйымдастырылады.
Бүгінгі таңда кітапхана қызметі де, ғылыми, экскурсиялық, имидждік және мәдени-білім беру қызметтерінің жұмысын ұйымдастыру барысында кітапхана білім мен мәдениеттің орталығы болып табылады. Егер бұрын кітапханалар жұмысының негізгі критерийі қорларды сақтау болса, бүгінде олардың сұранысы бірінші орынға шығады. Сонымен қатар, кітапханалық-библиографиялық қызмет түріндегі дәстүрлі кітапхана жұмысы жалғасатын болады. Баспа нұсқасында кітаптар мен мерзімді басылымдарды оқу әлі де өзектілігін жоғалтпайды.