Басты бетҚазақстан Республикасы Президенттік орталығының баспа моделі

Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының баспа моделі

Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының  баспа моделі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасын дамытудың стратегиялық мақсаттарының бірі ретінде зияткерлік ұлттың қалыптасуын атап өтті. Ел Президенті «шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады» деп атап көрсетеді. Қ. Тоқаевтың айтуынша, «идеология жұмысындағы басты бағыттың бірі – кітап басып шығару ісі».

Цифрлық дәуірде сананың жаңғыруы мен адамдардың оқуға деген көзқарасының өзгеруі байқалады. Сондай-ақ кітаптар электрондық құрылғылар арқылы кітап оқитын адамдар арасында да, дәстүрлі оқу түрін қалайтындар арасында да сұранысқа ие болып қала береді.

Кітап басып шығару және полиграфия – ең қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі, себебі ол ең жаңа ақпараттық, полиграфиялық, филологиялық, экономикалық, жарнамалық технологияларды біріктіреді. Екінші жағынан, қазіргі заманғы баспа процесі – бұл басылымдарды шығарудың жаңа тәсілдері ғана емес, сонымен қатар редакциялау және баспа процесінің дәстүрлі кезеңдері, технологиялық тізбек, редакциялау кәсіби қызмет ретінде автордың түпнұсқасын басылымға дайындау әдістемесі.

Кітап – адамның шығармашылық еңбегінің нәтижесі, адамның қолынан келетін зор шеберлік. Басылымға материалдық және рухани екі түрлі құрылым тән. Бір жағынан, кітап – бұл өндіріс өнімі, сондықтан оның барлық сипаттамалары бар (тұтынушылық қасиеттері, өмірлік құндылығы, бағасы), ал екінші жағынан, кітап – бұл таным, тәрбие, даму және т. б. санаттарына жататын өнім. Қоғамның дамуындағы кітаптардың рөлін бағалау оңай емес, себебі кітап білім көзі бола отырып, көптеген ғасырлар бойы ақпаратты сақтау мен берудің баға жетпес әрі іс жүзінде жалғыз тәсілі болып табылады.

Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының құрылымында Баспа және редакциялау қызметі жұмыс істейді. Қызметтің жұмысы Президенттік орталықтың барлық құрылымдық бөлімшелерінің міндеттерін шешумен тығыз байланысты. Баспа және редакциялау қызметінің жұмысы Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының баспа өнімдерін жоғары кәсіби, көркемдік және ақпараттық-имидждік деңгейде шығаруды қамтамасыз етуге бағытталған. Шешілетін міндеттердің ауқымы Президенттік орталықтың баспа өнімдерін дайындау мен басып шығарудан бастап, ірі баспа жобаларын құруға дейінгі бүкіл баспа моделін құрайды. Қызмет кішігірім баспа орталығы болып табылады.

Қазақстан Республикасы Президенттік орталығы басылымдарының негізгі тақырыбы – тәуелсіз Қазақстанның даму тарихын, президенттік институтты, қоғамдық-саяси қызметті, тарихи мұраны, Қазақстан Республикасының Президенті мен бұрынғы президенттерінің Қазақстан мемлекеттілігінің дамуына қосқан үлесін және стратегиялық бастамаларын зерделеу.

Президенттік орталықтың баспа жобаларын дайындаудың тұжырымдамалық бағыттарына басылымдардың келесі түрлері жатады: ғылыми еңбектер жинақтары, монографиялар, конференция материалдарының жинақтары (Президенттік орталықтың ғылыми-зерттеу қызметінің нәтижесі ретінде); ғылыми-қор жинақтары, музей коллекцияларының каталогтары, альбомдар, көрме каталогтары, нұсқаулықтар (Президенттік орталықтың архив, кітапхана, музей жинақтарын насихаттау); оқу-әдістемелік құралдар, музей сабақтарының жинақтары (Президенттік орталық қызметкерлерінің әдістемелік жұмысының нәтижелері); Президенттік орталықтың барлық іс-шараларын дизайнерлік және полиграфиялық жабдықтау шеңберіндегі имидждік баспа өнімдері (бағдарлама, дипломдар, сертификат, баннер, шақыру билеті, плакаттар және т.б.).

Президенттік орталық қызметінің баспа бағыты шеңберінде редакторлық сараптама, ғылыми және әдеби өңдеу, копирайтинг негізінде үлкен зерттеу, редакторлық және корректорлық түзету жұмыстары, сондай-ақ баспа ісінің заманауи технологиялары мен трендтерін ескере отырып, баспа өнімдерін көркемдік жобалау, ресімдеу, дизайн жасау және қалыптау, полиграфиялық басып шығару жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының баспа өнімдерін әзірлеу және шығару бойынша жұмыстар полиграфиялық жұмыстардың (басып шығаруға дейінгі дайындық, цифрлық басып шығару, басып шығарудан кейінгі өңдеу: брошюралау, желімдеу, кесу және т.б.) толық циклін жүзеге асыруға мүмкіндік беретін қажетті полиграфиялық жабдығы бар жеке баспахананың базасында орындалады.

Баспа ісіндегі дәстүрлі ғана емес, жаңа тәсілдерге де назар аудара отырып, Баспа және редакциялау қызметі Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының баспа бағытының қарқынды дамуын қамтамасыз етеді.

 

Нұрасыл ТОҒЫЗБАЕВ,

Қазақстан Республикасы Президенттік орталығы

Баспа және редакциялау қызметінің басшысы