ҚР ПІБ Президенттік орталығының қызметкерлері Астана қаласының Д.А. Қонаев атындағы колледж студенттері үшін «Қазіргі заманның экологиялық мәселелері: жай-күйі және шешу жолдары» тақырыбында көшпелі дәріс өткізді. Мақсаты – жердің бүкіл экожүйесінің тұтастығы мен құрылымын бұзатын жаһандық жылыну, озон қабатының бұзылуы, табиғи ресурстардың сарқылуы және т.б. сияқты қазіргі заманның экологиялық сын-қатерлерін зерттеу. Дәріс барысында жасыл экономика, жасыл өсім индексі, экологиялық сана, экоқарыз және т. б. ұғымдар қарастырылды.
Қазақстанның экологиялық проблемаларына және азаматтарды табиғат пен қоршаған ортаға қамқорлық жасауда біріктіретін экологиялық патриотизмді қалыптастыруға ерекше назар аударылды. Экологиялық бастамалардың жарқын мысалдарының бірі 2019 жылы бастау алған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы болып табылады. Оның мақсаты –қоғамның назарын қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне аудару және халықтың экологиялық мәдениетінің деңгейін арттыру. Мемлекет басшысы Қ. Қ. Тоқаев: «Елімізді абаттандыру және көгалдандыру – үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл бүгін шығып, ертең ұмытып кететін бір реттік науқан емес. Мұндай жұмыс үнемі жүргізілуі керек. Бұл жалпыұлттық міндет. Біз ортақ үйіміз – Қазақстанға қамқорлық жасауымыз керек. Бұл біздің астанамыздың немесе ірі қалаларымыздың мәселесі ғана емес, ол шағын қалаларға, аудандарға, ауылдарға да қатысты. Бүкіл Қазақстанды таза ұстау өзімізге, жастарға байланысты. Мен жастарға сенемін», – деп атап көрсеткен болатын.