




Экскурсияларға Ж. Жабаев атындағы №4мектеп-гимназиясының, А.Құрманов атындағы №17 мектеп-гимназиясының, Б. Момышұлы атындағы №53 мектеп-лицейінің, «Skillset» мектебінің оқушылары, сонымен қатар Политехникалық, Көлік және коммуникация, Басқару колледждерінің студенттері қатысты.
Экскурсия жұмысы қызметі және Цифрландыру қызметі қызметкерлері мазмұнды әрі интерактивті экскурсия бағдарламасын дайындады. Бұл бағдарлама қатысушыларға музейде қолданылатын заманауи технологиялармен танысуға, сондай-ақ мультимедиялық жүйелер инженерлері, контент әзірлеушілері және IT-мамандары сияқты болашақта сұранысқа ие мамандықтар туралы білуге мүмкіндік берді.
Мұндай экскурсияларды өткізу Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген басымдықтарға сәйкес келеді. Жолдауда елдің кадрлық әлеуетін дәйекті түрде арттыру қажеттілігі атап өтілген. Президент экономиканы білікті кадрлармен қамтамасыз ету және болашақ мамандықтары бойынша мамандар даярлау мемлекеттің алдында тұрған маңызды міндеттер екенін баса айтқан болатын.
Экскурсиялар барысында қатысушылар LED-экрандар, лазерлік проекторлар, сенсорлы киоскілер және толықтырылған шынайылық жүйелері сияқты жоғары технологиялық жабдықтардың жұмысымен танысты. Музейдің барлық мультимедиялық құрылғыларын басқаратын және экспозицияға толық ену әсерін беретін "Pandoras Box" бағдарламалық жасақтамасын көрсетуге ерекше назар аударылды.
Осындай экскурсиялар жастарды кәсіби бағдарлау ісінде маңызды рөл атқарады, оларға заманауи мамандықтар әлеміне бойлауғакөмектеседі, цифрлық дәуірде талап етілетін инновациялық ойлау мен дағдыларды дамытуға шабыттандырады. Бұл әсіресе Мемлекет басшысының техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалау қажеттілігі туралы айтқан және 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаған бастамасы аясында өзекті.
ҚР Президенттік орталықтың музейі ұлт сапасының жаңа деңгейін қалыптастыруға ықпал ететін еңбекқорлық, кәсібилік және инновация идеяларын насихаттауға бағытталған білім беру экскурсиялық бағдарламаларын дамытуды жалғастыруда.
Барлық қатысушыларға алғыс білдіреміз және музей кеңістігінде жаңа кездесулерге шақырамыз!