Басты бетАстана тарихы – тәуелсіз Қазақстан шежіресінің жарқын айнасы

Астана тарихы – тәуелсіз Қазақстан шежіресінің жарқын айнасы

Астана тарихы – тәуелсіз Қазақстан шежіресінің жарқын айнасы

Желтоқсан мерекелерінің қатарында қазақстандық күнтізбедегі ұмытылмас күн – 1997 жылдың 10 желтоқсаны ерекше назар аударуға тұрарлық. Дәл осы күні Қазақстан Президентінің 1997 жылғы 20 қазандағы «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» Жарлығына сәйкес Ақмола (қазіргі – Астана) ресми түрде Қазақстан Республикасының астанасы болды.

1997 жылы 10 желтоқсанда Ақмола Қазақстанның астанасы болып жарияланған күні Қазақстан Президенті Резиденциясының Күмбезді залында (Қазақстан Президентінің Бейбітшілік көшесіндегі алғашқы резиденциясы) алғаш рет Қазақстан Республикасы Парламенті палаталары мен Үкіметінің бірлескен отырысы өтті.

Отырыста Мемлекет басшысы, Үкімет және Парламент басшылары Қазақстан Республикасының астанасы туралы Қазақстан халқына Үндеуіне қол қойып, жариялады, онда: «Бұдан былай және ғасырдан-ғасырға осында – ұлан-байтақ елдің кіндігінде халық тағдыры үшін өмірлік маңызы бар шешімдер қабылданатын болады. Отанымыздың жүрегі енді осы жерде соғады. Осы жерден Қазақстан үшінші мыңжылдықтың табалдырығында өзінің тарихи тағдырын айқындайтын болады»,-делінген.

Отырыс барысында Ақмолада қол қойылған: «Ақмола қаласынан Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты депутаттарының сайлауын тағайындау туралы» № 3789, «1998 жылды Халық бiрлiгi мен ұлттық тарих жылы деп жариялау туралы» № 3790, «Тұрмысы төмен азаматтарды қолдау жөнiндегi Жалпыұлттық қор туралы» № 3791, «Бір топ қызметкерлерді Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапаттау туралы» № 3792, «Ә. Р. Жақсыбековті Ақмола қаласының әкімі қызметіне тағайындау туралы» №3793 алғашқы қаулылар көпшілік назарына ұсынылды, сонымен қатар астананы көшіруге зор үлес қосқан азаматтарға үкіметтік наградалар табыс етілді.

Өткен онжылдықтар еліміздің саяси орталығын Астана қаласына көшіру тарихи және стратегиялық тұрғыдан негізделгенін көрсетті. Бұл посткеңестік кеңістіктегі бұрын-соңды болмаған мемлекет астанасының алғаш ауысуы орын алған үлкен инновациялық жоба болды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Астананың 25 жылдығы. Жаңа даму бағыттары. Жаңа мүмкіндіктер» атты елорданың бауырлас қалалары форумының салтанатты жиынында сөйлеген сөзінде: «Астананы көшіру геосаяси тұрғыдан өте дұрыс қадам болды. Бұл – халқымыздың болашақ тағдырын айқындаған аса маңызды және дер кезінде қабылданған тарихи шешім. Тұңғыш Президенттің осы бастамасы жаңа ұлттық идеяға айналды»,- деп атап өтуі кездейсоқ емес.

Бүгінде Астана еліміздің саяси-әкімшілік орталығы ретінде қалыптасты. Әлемдік қауымдастықта ол жаһандық маңызы бар оқиғалармен байланысты: 2003 жылдан бастап Президент Н. Ә. Назарбаевтың бастамасымен бұл жерде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, Еуразиялық экономикалық одақ және т.б. сияқты халықаралық ұйымдардың мемлекет және үкімет басшыларының саммиттері өтуде.

Астана тарихы – тәуелсіз Қазақстан шежіресінің жарқын беті.

Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының ғылыми-зерттеу қызметінде тәуелсіз Қазақстанның елордасы – Астана қаласының қалыптасу және даму тарихын жан-жақты зерттеуге ерекше көңіл бөлінеді. Орталықта қажетті дереккөз базасы бар: мұрағат қоры Қазақстан астанасының тарихы туралы бірегей фото, бейне және дәстүрлі құжаттардан; музей жинағының коллекциялары Астананың ауысуы, қалыптасуы және халықаралық мойындалу кезеңіндегі оқиғалар мен процестерді көрсететін материалдық және рухани мәдениет объектілерінен тұрады. Дәстүрлі формалармен қатар интерактивті медиа-технологиялар мен ақпарат тарату құралдары қолданылатын «Қазіргі Қазақстанның елордасы» залы Президенттік орталық музейіне келушілерді үнемі қызықтырады. Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының мәдени-ағартушылық жобалары арқылы ғылыми-зерттеу нәтижелерін ілгерілетуге үлкен мән беріледі: лекциялар, семинар-тренингтер, ғылыми-практикалық конференциялар, музей  сабақтары, пікірсайыс турнирлері және т.б. өткізіледі.

Қазақстан Республикасы Президенттік орталығында шоғырланған мұрағаттық, ғылыми-зерттеу, ғылыми-қор және мәдени-ағарту ресурстары Қазақстан астанасының құрылу тарихымен танысып қана қоймай, еліміздің жаңа тарихындағы Астананың рөлі мен орнын бағалауға мүмкіндік береді.

 

 

 

ҚР ПІБ Президенттік орталығының

Мәдени және білім беру жобалары қызметінің

жетекші ғылыми қызметкері

Назира МУСИНА