
Ақшаның тарихи даму барысы ең алдымен металлға негізделген айналым жүйесімен қалыптасты. Өзінің ұзақ тарихында ақша көптеген маңызды жәнетаңғажайып өзгерістерге түрленіп, жаңарғанымен, ішкі мағынасында өзгеріс болған жоқ. Ұзақ уақыт бойы ақшаның міндетін мал, астық, сәндік заттар, металл кесегі және т.б. құнды заттар атқарды. Уақыт өте келе ақша қызметіне монеталар айналымға шығып, бет жағы – аверс, артқы жағы – реверс және жаны гурт деп сипаттала бастайды. Монеталар әр мемлекетте әртүрлі аталғанымен, негізінде сауда-саттық кезінде құн өлшемі ретінде қолдданысқа ие болады.
Ең алғашқы монеталар б.з.д. 685 жылы Кіші Азиядағы Лидия елінде алтын мен күмістің балқытылған қоспасынан соғылған деген деректер кездеседі.
Қазақстанның ұлттық валютасына дейін оның тарихи негізін қалаушы басқа да ақшалар айналымда болғаны белгілі. Қазақ жерінде тиын соғу, ақша жасау ісі өте ерте дамыды. Қазақстан аумағындағы сол кездегі Тараз, Жент, Кенже қалаларындағы теңге сарайларын айтуға болады. Тиындардың бірқатары күміс пен алтыннан құйылды. Сол кездегі соғылған тиындардың сапасы қәзіргі өзіміздің қолданыстағы теңгелерден кем түспеген. Көрнекті қазақстандық археолог Карл Байпақов өзінің «Ұлы Жібек жолы (Қазақстан аумағында)» атты ауқымды монографиясында XIII ғасырға дейін Орталық Азия аумағында 15-тен астам монета сарайы жұмыс істегенін айтады.
Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы — теңгенің тарихы 1993 жылғы 15 қарашада «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1993 жылғы 12 қарашадағы Жарлығына сәйкес басталып, елде ұлттық валюта – теңге енгізіледі. Ұлттық валюта – теңге (қолма-қол ақша) банкнота және монета түрінде айналысқа енгізілді. Теңгенің алғашқы партиясы Англияда басылды. Қазақстанда өз монета сарайы болмағандықтан бастапқыда алғашқы ұсақ ақша — тиындар 1, 2, 5, 10, 20, 50 номиналдары қағаз банкнот түрінде басылды. Қағаз тиындар айналымда көп пайдаланылған жоқ, 1994 жылы номиналы 2, 5, 10және 50 теңгедегі жезден жасалған монеталармен алмасты. Ең алғашқы монеталар Германияда соғылды. 1993 жылдың екінші жартысында Өскемен қаласында қазіргі техникамен жабдықталған монета сарайы іске қосылып, металл тиындар шығара бастады. Ал, 1995 жылы ұсақ тиындар біртіндеп айналыстан шығып, олардың орнына мыс – никельден жасалған номиналы 1, 3, 5, 10, 20 теңгедегі монеталар шықты. 1997 жылы жаңа дизайнда номиналы 1, 5, 10, 20, 50 теңгелік монеталармен алмасты.
Қазақстан Республикасының 1995 жылғы наурызындағы №2155 «Қазақстан Республикасының ұлттық банкі туралы» заңның 42 бабына сәйкес, монеталар мынадай түрге бөлінеді:
• инвестициялық – монеталар – инвестициялау және жинақталған ақша қаражаты объектісі болып табылатын, қымбат металдан дайындалған монеталар;
• коллекциялық монеталар – коллекциялау және жинақталған ақша қаражаты объектісі болып табылатын, қымбат металдан және қымбат емес металдан шектеулі тиражбен дайындалған мерейтойлық, ескерткіш және арнайы соғылған монеталар;
• айналыста жүретін монеталар – қымбат емес металдан дайындалған және қолма-қол айналысына арналған монеталар.
Қазақстан тиындарының тарихы еліміздің экономикалық және мәдени дамуының айқын көрінісі. Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге айналысқа енгеннен бері, көптеген ескерткіш және мерейтойлық қымбат металдан жасалған монеталар айналысқа шығарылды. Олар шектеулі тиражбен құйылып, Қазақстан тарихы мен мәдениетінің маңызды сәттерін бейнелейді. Мысалы, «Алтын адам», «Қазақстанның тәуелсіздігіне 10 жыл» сияқты сериялар мәдени оқиғаларды кеңінен танытуға бағытталды.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Президенттік орталығының музейлік жинағының нумизматика топтамасында тарихи тиындардың әр түрі сақтауға алынған. Атап айтқанда, Түргеш қағанатының (VII – XIII ғғ.?) күміс және мыс тиындары мен
1961-1991 жылдардағы Кеңес Одағы дәуірінде қолданылған номиналы 1, 2, 10 тиын монеталар
және қазақстандық тарихи тұлғалар мен тарихи даталарға, мерейтойларға арналған естелік тиындаржинақталған.
Сонымен қатар, бүгінде Президенттік орталығының уақытша көрме залында «Тарих танабындағы таңба» көрмесінде Жамбыл өңірінде әр жылдары жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстары барысында табылған ортағасырлық Тараз қаласының тарихын баяндайтын: түркі, қараханид, моңғол, саманид теңгелерінің айналымда болған ең құнды топтамаларыкелушілер назарына ұсынылған.
Еліміздің ұлттық валютасы – теңге әлемдегі ең үздік валюта деп танылған. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, Қазақстанның монеталары мен банкноталарының дизайнында ежелгі дәстүр мен заманауи технология сәтті үйлесім тапқан. Ұлттық валюта банкноталары мен монеталарды әзірлеу барысында ең озық технологиялар қолданылғандықтан, халықаралық көрмелер мен түрлі конкурстарда лайықты бағаланып келеді. Тағы бір айта кетерлігі, құрамында тантал элементі бар ғарыш тақырыбындағы монеталар сериясы көптеген халықаралық марапатқа ие болу мен қатар, Қазақстан –ғарыш өнеркәсібінде тантал элементінпайдаланылатын бағалы металдан монета шығарған жалғыз ел болып табылады.
Тиындар – бұл экономиканың ғана емес, әр дәуірдің саяси және мәдени көрінісі. Олардың әрқайсысы өз заманынан сыр шертеді. Төл теңге айналымға енгеннен бері 30 жылдан астам уақыт өтсе де, ол тұғырлы тәуелсіздіктің, ел егемендігінің символы. Жыл сайын атап өтілетін Ұлттық валюта күні соның айғағы болып табылады.
Қорыта айтқанда, монеталар жайлы тақырып өзектілігімен құнды, өскелең жас ұрпаққа ел тарихын білуге, оның неден жасалғанын, қай заманда, кімдер ұстағанын тануға зор мүмкіндік тудырады.Халқымыздың рухани құндылығына айналған, музей қорындағы жәдігерлерді қайта зерттеп, тарихын халыққа таныстыру, насихаттау – музей ісі қызметтерінің бір бағыты. Уақыт озған сайын маңызы арта түсетін тарихи мұраларға зор құрметпен қарау, әрбір жәдігерді қадірлеп сақтау –болашақтада басты міндеттердің бірі болып қала бермек.
Нұргүл Өмірбекқызы Әміржанова
Қазақстан Республикасының
Президенттік орталығының
Музей құндылықтарын есепке алу және
сақтау қызметінің аға сарапшысы