Басты бетКең пейіл елдің келешегі кемел, ұйымшыл ұлттың ұпайы түгел

Кең пейіл елдің келешегі кемел, ұйымшыл ұлттың ұпайы түгел

Кең пейіл елдің келешегі кемел, ұйымшыл ұлттың ұпайы түгел

Тамыры терең тарихымызға үңілер болсақ, Ұлы Даланың қасиетті топырағында дүниеге келіп еркіндікті аңсаған дана халқымыз қоғамда қалыптасқан тәртіпке мойынсұнып қана қоймай, мемлекеттің сенімді де адал тірегі бола білді. Берекелі бірліктің арқасында халқымыз түрлі сынақтардан сүрінбей өтіп, әлемге ашықтық, толеранттылық, қонақжайлық, басқа ұлт өкілдеріне деген сыйластық сияқты тамаша әрі қайталанбас қасиеттерді бойына сіңірді.

Басқаша жағдайда, біз алма-кезек орын алған әскери-саяси оқиғалардың, аласапыран геосаяси құйынның иіріміне төтеп бере алуымыз екіталай еді. Біз мыңдаған жылдарды артқа тастап, тағдыр соқпағынан сүрінбей өтіп, мемлекеттігіміздің, тіліміздің, діліміздің, ұлттық өзегіміздің сабақтастығын аман сақтап қалдық.

Бүкіл Батыс Еуропаны қамтитындай орасан зор аумақты уысында ұстап, қорғап қалуға тек азаттық пен әділдікке ұмтылған рухы мықты халықтың ғана қауқарлы екені ақиқат.

Жаһандық үдерістер мен ел ішіндегі қоғамдық дамудың қарқыны күн сайын үдеп келе жатқан соңғы кезеңде, халықтың қалауымен жасалып жатқан ауқымды реформалардың нәтижесінде қазақстандықтар жаңа саяси жағдайда тіршілігін жалғастыруда. Ел азаматтарының бойында жаңа дағдылар мен құндылықтар қалыптасып жұртшылықтың сана сезімінде адалдық пен әділеттілікті тереңдету бағытында айтарлықтай бетбұрыс жасалып келе жатқанын анық байқауға болады.

Бұл орайда халқымыздың дәстүрлі ділі мен ұлттық болмысында тоғысқан Отанға деген шексіз махаббат, ар мен намыс, ерік-жігер мен қайсарлық, батылдық пен батырлық, қаһармандық сияқты тамаша да мінсіз қасиеттер біздің даму жолымызды нақты айқындап, алдымыздағы биік мақсаттарға қол жеткізуіміздің басты кепілі екенін атап айту керек.

Мемлекеттің серпінді дамуы көбіне оның азаматтарының бойындағы патриоттық сезімнің деңгейімен тығыз байланысты. Патриотизм – кез келген қоғамның біріктіруші күші. Қай елде патриоттық тәрбие жоғары болса, сол елде саяси тұрақтылық пен экономикалық даму өрістейтін болады. Патриотизмді қоғамдық сананың ең маңызды құрамдас бөлігі ретінде бағаламау қоғам мен мемлекеттің әлсіреуіне әкеп соғады.  

Сондықтан да Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында «Үкімет мүшелері, әкімдер, депутаттар және барша қоғам өкілдері әрдайым отаншылдық идеясына адал болуға тиіс. Әр іс елге деген жанашырлық ниетпен жасалуы керек. Әрбір қадамымыз елге пайдасын тигізуі қажет. Біз еліміздің байлығын үнемдеп пайдалансақ, табанды еңбек етсек, салық төлесек, өз өнімдерімізді сатып алатын болсақ, түрлі жобаларға инвестиция салсақ, мемлекетіміздің қуатын арттыра түсеміз», - деп азаматтардың санасына елдіктің қасиетті қағидаттарын сіңіру қажеттігіне басты назар аударып отыр.

Қазіргі қазақстандық қоғамның жоғары азаматтық жауапкершілігін, рухани бірлігін нығайтудың, «жаңа қазақстандық патриотизмді» тәрбиелеудің маңызды аспектілеріне басымдық беру қажет.

Олардың ішінде еліміздің тарихы мен мәдениетін, дәстүрлерін құрметеу, тарихты бұрмалауға жол бермеу, мемлекеттік рәміздерді – Елтаңбаны, Туды, Әнұранды, және еліміздің тарихи киелі орындарын қастерлеу, ұжымдық өмірдің нормаларын, конституция мен заңдарды қатаң сақтау, адам құқығын таптауға үзілді-кесілді тыйым салу, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-құқықтық, экологиялық мәселелерді шешудегі белсенділікті арттыру, мемлекеттің, әсіресе әскери қызметтің беделін арттыру, нәсілдік, ұлттық, діни төзімділікті нығайту, халықтар арасындағы достық қарым-қатынасты дамыту сияқты маңызды мәселелер үнемі басты назарда болып азаматтардың патриоттық бағдарын күшейтуге бағытталуы тиіс. Қаншалықты күрделі болса да, бұл мәселелердің шешімін жүйелі әрі батыл түрде табу қажет.

Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXI сессиясында айтқанындай «Еліміздің әрбір азаматы жұртшылықтың алдына шыққанда ұлттық мүдде мен қазақстандық патриотизм қағидаттарын басшылыққа алуы керек».

Болашақта қазақстандық патриотизмнің жаңа көріністері мен формалары пайда болуы мүмкін. Дегенмен елдің тарихы мен мәдениетіне, ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілік пен адалдық сезімі өзгермей қалуы керек. Әрбір қазақстандық патриотизмді қолдау және дамыту арқылы елдің болашағына үлес қосуы қажет.

«Өткенді білмей, болашақты болжау мүмкін емес» деген халық даналығы бар. Тарих – мемлекет пен халықтың бүгіні мен болашағын айқындайтын бірден-бір маңызды көрсеткіш. Әр халықтың маңдайына біткен тағдырлы жолы тарихтың терең қойнауында қатпар-қатпар болып сайрап жатады. Бабаларымыз салып берген сара жолдан адаспай, төл тарихымызды ұлықтаған ұрпақтың кемел келешекке басар қадамы айқын, бағыты түзу болмақ.

Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында «Ылғи да кейін қайырылып, өткенмен өмір сүруге, бұрынғы жүйеден немесе саяси тұлғалардан кінә іздей беруге болмайды. Өз халқыңның тарихын білу керек, бірақ одан тек еңсеңді түсіріп, өзгеге өкпе артуға себеп іздемеу қажет. Қандай қасіретті болса да, өткен оқиғалардан, ең алдымен, тағылым ала білген жөн. Біз келешекке сеніммен көз тігіп, еліміздің өсіп-өркендеуі мен дамуын ойлауымыз қажет», деп атап көрсеткендей, бүгінгі таңда өткенді зерделеу, бүгінгіні талдау және болашаққа болжам жасау негізгі міндеттерінің бірі болып табылады.

Байтақ тарихымызды зерделеумен қатар жетістіктер мен қайшылықтарға толы кешегі жиырмасыншы ғасырдағы халыққа жаппай білім берудегі, жоғары білімді дамытудағы, қазақстандық ғылымды қалыптастырудағы, қазақ өнері мен мәдениетін өркендетудегі, өнеркәсіп, құрылыс пен ауыл шаруашылығын дамытудағы халқымыздың жанқиярлықпен қол жеткізген жетістіктері, бүгінгі тәуелсіздік кезеңінің айшықты оқиғалары кеңінен дәріптелуі тиіс.

Біздің халқымыздың кең пейілділігі мен тағаттылығының арқасында тағдырдың талайымен қилы кезеңдерде елімізге қоныс аударған әртүрлі этникалық топтар арасындағы келісімді сақтап қала алдық. Қоғамдағы тұрақтылықты сақтау біздің мемлекетіміздің ішкі саясатының шетін бағыттарының біріне айналды. Ұзақ уақыттар бойы бізде халықтар арасындағы өзара қарым-қатынастың ерекше дәстүрі қалыптасты.

Бұл турасында Мемлекет басшысы өз Жолдауында: «Халқымыз қашанда кең пейілімен, толеранттылығымен ерекшеленген. Еліміздің басты құндылығы – бірлік пен келісім ең алдымен, осы қасиеттердің арқасында сақталып отыр. Қазақстанда тіліне, дініне, ұлтына, әлеуметтік жағдайына және басқа да себептерге байланысты ешкімге ешқандай қысым жасалмайды, жасалуы да мүмкін емес» – деп атап көрсетті.

Бүгінгі ұрпақ өздерінің арғы бабалары ұстанған сара жолы мен дәстүрлі дүниетанымын қолдай отырып, ұлттық қауіпсіздігімізге, сондай-ақ этносаралық және конфессияаралық толеранттылыққа қауіп төндіретін экстремистік және террористік жалған діни ұйымдардың ішкерілей енуіне, мүлдем жол бермеуі тиіс. Президентіміз атап көрсеткендей, «Біз – озық ойлы ұлтпыз. Сондықтан алысты көздеп, түрлі арандатушылық әрекеттерден биік тұруымыз, парасатты ел екенімізді танытуымыз және тек заңға арқа сүйеуіміз керек».

Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғамды құру жолында аянбай еңбек етіп, өскелең ұрпақты терең білімді, бәсекеге қабілетті, мәдениетті болуға тәрбиелеуіміз керек. Жаңашыл да жасампаз, ұйымшыл да тағатшыл ұлттың ұпайы түгел, санасы ашық, пейілі кең елдің келешегі кемел болмақ.

 Біздің әділетті, тұрақты әрі үйлесімді қоғам құру бағытындағы істеріміз, ең алдымен, ел бірлігін сақтай білуімізге тікелей байланысты. Сондықтан бір-бірімізді қолдап, құрмет көрсетуіміздің маңызы орасан зор.

 

ҚР Президенттік орталығы

директорының орынбасары

Серік СЫДЫҚОВ