Басты бетЯдролық қарусыз әлемге қарай. «Невада-Семей» антиядролық қозғалысына 35 жыл

Ядролық қарусыз әлемге қарай. «Невада-Семей» антиядролық қозғалысына 35 жыл

Ядролық қарусыз әлемге қарай.   «Невада-Семей» антиядролық қозғалысына 35 жыл Ядролық қарусыз әлемге қарай.   «Невада-Семей» антиядролық қозғалысына 35 жыл Ядролық қарусыз әлемге қарай.   «Невада-Семей» антиядролық қозғалысына 35 жыл Ядролық қарусыз әлемге қарай.   «Невада-Семей» антиядролық қозғалысына 35 жыл

Биыл «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының құрылғанына 35 жыл толды.

Антиядролық қозғалыс Қазақстанды ядролық сынақтардан азат етуге үлкен үлес қосқан қоғам қайраткері, ғалым, ақын Олжас Сүлейменовтің бастамасымен 1989 жылы 28 ақпанда дүниеге келді.

1989 жылы маусымда Мәскеуде өткен КСРО депутаттарының бірінші съезінде О. Сүлейменов ұйымның мақсатын, міндеттерін, талаптарын айқындап берді. Қозғалыстың жарғысында екі негізгі мақсат көрсетілген: полигонды жабу және зардап шеккен халықты қалпына келтіру және қоршаған ортаны жақсарту.

Қозғалыстың бастамасымен КСРО Жоғарғы Кеңесі АҚШ Конгресіне сынақтарды тоқтату бойынша парламенттік деңгейде диалогты бастауға шақырумен үндеу қабылдады. Қозғалыс көптеген наразылықтар, митингілер мен бейбітшілік сабақтарын ұйымдастырды. 1989 жылы 4 қазанда қуаттылығы 60 килотонналық ядролық полигондағы жарылыстан кейін Мәскеудегі Қорғаныс министрлігі ғимаратының жанында митинг өтті. Қазан айында қозғалысты қолдап Қарағанды шахтерлері шықты.

Дүние жүзінде ядролық сынақтарды тоқтатуды талап еткен наразылық акциясына қатысушылардың саны артты. Алайда 1989 жылы 19 қазанда Семей полигонының аумағында қуаттылығы 75 килотонна болатын тағы бір жарылыс болды. Бұл жарылыс соңғысы болды.

Бұл жарылыстан кейін Мәскеуде, Алматыда, Қарағандыда, Павлодарда, Семейде және Абай ауданы Қарауыл ауылында көптеген митингілер болып, полигонды жабу талаптары қойылды.

1989 жылдың тамызында және 1990 жылдың көктемінде «Невада-Семей» қозғалысының бастамасымен «Бейбітшілік толқыны» ұранымен АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Германия және Қазақстанда бірлескен акциялар өтті.

Қозғалыс белсенділері Невададағы полигондағы жаппай митингілерге және Нью-Йорктегі митингіге қатысты. Ұйымның бөлімшелері Қазақстанның көптеген қалалары мен облыстарында, сондай-ақ Ресейде, АҚШ-та, Италияда, Жапонияда, Түркияда және басқа да елдерде құрылған.

1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі маңызды құжат – «Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияны» қабылдады. Бұл Декларацияның 11-бабында Қазақстан аумағында ядролық қаруды жасауға және сынақ жүргізуге тыйым салынады деп жазылған. Осылайша тарихи сәт келді – 1991 жылы 29 тамызда Қазақстан Республикасы Президентінің №409 Жарлығымен Семей ядролық сынақ полигоны жабылды.

29 тамыз халыққа қасірет пен үміт әкелген күн ретінде тарихта қалды. 1949 жылы 29 тамызда ядролық сынақ полигонда алғашқы сынақтар жүргізіліп, 42 жылдан кейін дәл осы күні полигон ресми түрде жабылды. Бүгінде бүкіл әлем бұл күнді Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні ретінде атап өтуде.

Семей полигонының жойылуы 40 жылдан астам уақытқа созылған ядролық сынақтарға нүкте қойды. Еске салайық, Семей полигонындағы алғашқы сынақ 1949 жылы 29 тамызда өткен болатын.

Полигонда барлығы 456 ядролық және термоядролық жарылыс жасалды, оның 116-сы әуе кеңістігінде жасалған. Барлық зарядтардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған бомбаның қуатынан 2,5 мың есе жоғары болды.

Қазақстандағы ядролық сынақтардың салдарынан 1,5 миллионнан астам адам зардап шекті. Семей ядролық полигонының 40 жылдық жұмысының нәтижесінде адам денсаулығына мен өңір экологиясына келтірілген шығын орасан зор. Бұрынғы Семей облысының бүкіл аумағы ядролық жарылыс өнімдерімен ластанған, 1,2 миллион адам әртүрлі доза диапазонында радиацияның әсеріне ұшыраған.

«Невада-Семей» қозғалысының белсенділері полигонды жабу, зардап шеккен тұрғындарды сауықтыру және қоршаған ортаны қалпына келтіру бойынша көптеген жұмыстар атқарды. Бүгінде, полигон жабылғанына қаншама жыл өтсе де, қозғалыс ядросыз әлем құру жолында жұмыс атқаруда.

 

ҚР ПІБ Президенттік орталығының  

Мәдени және білім беру жобалары қызметінің

жетекші ғылыми қызметкері

Г.Ә. Рамазанова