









Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат Art Exhibitions China директоры Tan Ping мырза бастаған Қытай Халық Республикасынан келген делегациямен кездесті. Оның құрамына, сондай-ақ, Қытайдағы ең көне музейлердің бірі – Тяньцзинь музей директорының орынбасары Ma Chi мырза бастаған өкілдері де кірді.
Кездесу барысында Бақытжан Темірболат екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық алмасу тұрғысынан қытайлық әріптестердің сапарының маңыздылығын атап өтіп, Президенттік орталықта жүзеге асырылып жатқан жобалар жайлы мәлімдеді және ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары туралы өз көзқарасымен бөлісті.
Өз кезегінде Tian Ping мырза кездесу мүмкіндігі үшін алғысын білдіріп, болашақ жобаларды жүзеге асыруға қолдау білдірді.
Іс-шара соңында Қытай делегациясы Президенттік орталық музейінің экспозицияларымен танысып, оның мазмұны мен технологиялық жабдықталуының жоғары деңгейін атап өтті.
Анықтама: Art Exhibitions China – мәдени мұра саласындағы халықаралық ынтымақтастықты үйлестіруге, ішкі және халықаралық көрмелерді ұйымдастыруға, елдің музей қорын танымал етуге және т.б. жауапты Қытайдың жетекші ұйымы.
Тяньцзинь музейі Қытайдағы ең көне музейлердің бірі болып табылады. Оның қорларында ежелгі заманнан бері Қытай тарихына қатысты 200 мыңнан астам жәдігерлер, тарихи кітаптар мен мұрағаттық құжаттар бар.