Street-art жанрының кәсіби шеберлерін, сондай-ақ әуесқой суретшілерді біріктіретін «Astana Graffiti Festival» ашылуы өтті.
Іс-шараны Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Президенттік орталығы Нұрсұлтан Назарбаев Қорымен және Smartteam management-пен бірлесе ұйымдастырды.
Фестиваль көше өнерін әлеуметтік маңызды ақпаратты визуализациялау құралы ретінде танымал ету, сондай-ақ street-art жанрында жұмыс істейтін кәсіби және әуесқой авторларға олардың шығармашылық әлеуетін дамыту және жүзеге асыруда қолдау көрсету мақсатында өткізіледі.
Қазақстан Республикасы Президенттік орталығы директорының орынбасары Бөтагөз Қайыпова өзінің кіріспе сөзінде креативті жобаға табысты бастама және жемісті жұмыс тілеп, граффити суретшілері жасаған жұмыстар заманауи өнердің дербес жанры, мәдениет пен қалалық өмір салтының ажырамас бөлігі болып табылатынын атап өтті.
Суретші, әрі мүсінші Сырым Мүсіреповтің айтуынша «Astana Graffiti Festival» халықаралық аренада қазақстандық өнердің мәдени алмасуына және ілгерілеуіне, граффити-мәдениетті оң қабылдауды қалыптастыруға және дамытуға, жастар мәдениеті құндылықтары жүйесін дамытуға ықпал ететін болады.
Өз кезегінде жоба үйлестірушісі Елден Сарыбай ниет білдіргендердің барлығын мәдени іс-шараға қатысуға шақырып, кейіннен бұл алаңда қызықты идеялар мен бірегей көркем туындылар пайда болатынына сенім білдірді.
Іс-шара аясында, сондай-ақ, танымал суретшілер
Лейла Махат, Ульяна Евдокимова, Николай Селютин, Сағындық Дагаров және т.б. бейнелеу өнерінің алуан түрлері бойынша шеберлік сыныптар, дәрістер, қойылымдар өткізілуі жоспарлануда.
Қазақстан Республикасы Президенттік орталығы ғимаратының алдындағы алаң бір ай ішінде street-art галереясына, суретшілердің еркін шығармашылығына арналған алаңға айналады. Фестиваль суретшілер арасындағы бәсекені қамтымайды, маңыздысы тек өнер ғана.