
2024 жылғы 6 мамыр күні Тайтөбе ауылының жалпы орта білім беретін мектебінде Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының ұйымдастыруымен «Аталар дәстүріне адалдық» мәдени-ағартушылық жобасының ашылуы өтті. Айта кетерлігі, жобаның алғаш рет мектебіміздің қабырғасында өтуі көңілімізді марқайтты.
Көшпелі жобаның мақсаты: Халық Қаһармандары Сағадат Нұрмағамбетов пен Тайтөбе ауылының даңқты ұлы Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай, жас ұрпақты отаншылдыққа, батылдыққа, ерлікке тағзым ету және құрмет көрсетуге үйрету.
Жоба аясында Президенттік орталықтың мұрағаттық және музейлік материалдарының бай жиынтығының негізінде жан-жақты ойластырылған презентациялар мен жәдігерлердің кең ауқымын қамтитын тақырыптық көшпелі шағын көрмелер, әртүрлі жас мөлшеріндегі оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, мектеп бағдарламасына сай тақырыптық экскурсиялар, «Жәдігерлер сыр шертеді» циклынан музейлік дәріс-сабақтар, «Әділетті Қазақстан: Адал азамат» атты семинар-тренинг өтті. Тайтөбе ауылының мектебіоқушыларының назарына музей қорынан Ұлы Отан соғысындағы қазақстандықтардың ерліктері, батырлық институтының тарихы және қазақ жауынгерлерінің қарулануы, атыс және суық қару үлгілерінен 60 астам жәдігерлер түпнұсқа күйінде ұсынылды. Бұл жоба мектебіміздің оқушыларынаәртүрлі тарихи бағдарламаларға жол ашып отыр.
Мектеп оқушыларының осы жобадан алған әсерлері ерекше. Оқушылардың қуанышында шек болмады. Теледидардан қызықтағаны өз алдына, көзбен көргеннің жөні мүлдем басқаша, әсіресе музей қорындағы қарулар топтамасынан іріктелген жәдігерлер, Зұлпықар қылышының үлгісі, жапон, араб, индонезиялық суық қарулар, Калашников автоматының үлгісі, «Максим» пулеметі ер балаларға өзінше әсер қалдырды. Сонымен қатар, 10-сынып оқушыларына «Тәуелсіздіктің тұңғыш тарханы» тақырыптық экскурсиясы, оның ішінде Халық қаһарманы, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы С. Нұрмағамбетовтің өнегелі өмір жолы, тәуелсіз Қазақстанның Қарулы күштерінің қалыптасу тарихы ұлтжандылық сезімін оятты. Ал 9-сынып оқушыларына жерлесіміз рейхстагқа ту тіккен жауынгер, Халық қаһарманыРақымжан Қошқарбаевтың ерлігі мен өмір жолын батырлық болмысы жас ұрпаққа патриоттық рух берді.
Осындай айтулы шараның мектебімізде абыроймен ұйымдастырылып жатқаны кеудеге мақтаныш сезімін ұялатады. Бұл жобаны ұйымдастыруда Президенттік орталықтыңқызметкерлерінің кәсіби ерекшелігіне, шығармашылық шеберлігіне тәнті болдық. Көрмедегі экспонаттар өте жоғары талғаммен жасалған.Президенттік орталығының басшылығы мен қызметкерлеріне үлкен алғыс білдіреміз!
Музей – бұл халықтың ғасырлар бойы тарихынсақтайтын біздің жадымыз бен мәдениетіміз. Музейқызметкерлерінің бабалар қол жеткізген игіліктерді сақтау, қайта қалпына келтірілген мәдениет ошақтарымызды жандандыру және дүниежүзілік қауымдастық талаптарына сай жаңа сапалық деңгейге көтеру міндетін атқарып, ұлттық өнеріміз бен мәдени мұраларымызды насихаттауда еңбектері ерекше. Келе жатқан 18 мамыр – Халықаралық музейкүні қарсаңында Президенттік орталықтыңқызметкерлерін кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймыз! Музей қоры молайып, жаңа келушілермен толығып, жаңа жобаларыңыз бен жетістіктеріңіз арта берсін! Тарихи мәдениетіміздің қазынасына қосылған шығармашылықтарыңызға шабыт, еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық тілейміз!
Құрметпен,
"Ақмола облысы білім басқармасының Қосшы қаласы бойынша білім бөлімінің Тайтөбе ауылының жалпы орта білім беретін мектебі" КММ-нің директоры
Алиева Гүлім Сәбитбекқызы