Басты бетЕл тәуелсіздігінің қалыптасуының куәгерлері ретіндегі бірегей экспонаттар

Ел тәуелсіздігінің қалыптасуының куәгерлері ретіндегі бірегей экспонаттар

Ел тәуелсіздігінің қалыптасуының куәгерлері ретіндегі бірегей экспонаттар

Ғ.Ө. Серікбаева – Музей құндылықтарын есепке алу және сақту қызметінің басшысы

Қазақстан Республикасының Президенттік орталығының музейлік жинағын Қазақстан Республикасының Президентіне, экс-президенттеріне дипломатиялық қарым-қатынастардың барысына, Қазақстан Республикасы мен шетел делегациялары арасындағы жоғары деңгейде келіссөздер жүргізгенде, Мемлекет басшысының халықаралық, үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдардың, шет мемлекеттердің өкілдерімен кездесу барысында сыйға тартылған, тарихи-мәдени, көркем және ғылыми мәні анықталған мәдени құндылықтар құрайды. Сонымен қатар, музейлік жинақты Президенттік орталықтың ғылыми-жинақтау жұмыстарының нәтижесінде түскен, мекеме ұжымы мен басшылығына тарту етілген кәдесыйларда да толықтырады.

Қазақстан Республиксының Президентік орталығының негізгі қызметтерінің қатарына Музей құндылықтарын есепке алу және сақтау қызметі жатады. Қызметтің негізгі мақсаты, музейлік жинаққа түсіп отырған жаңа түсімдерді қорлар бойынша жүйелеу, ғылыми-зертеу жұмыстарын жүргізу, тарихи оқиғалардың куәсі болып отырған құндылықтарды тіркеуге алып, оларды сақтап, келешек ұрпаққа мирас етіп қалдыру.

Президенттік орталықтың музейлік жинағы тарихи тұрғыдан алғанда аз ғана жылдарды қамтығанымен, жинақталған құнды, бірегей жәдігерлер Қазақстан Республикасының тәуелсіздік жылдарының шежіресін жазуға арқау бола алатын бірден-бір құнды ақпарат көзі болып отыр.

Еліміздің тәуелсіздігін жария еткен уақыттан бастап, мемлекет басшыларының әртүрлі деңгейде өткізілген кездесулерінің куәсі болып саналатын музейлік зат, сол бір тарихи сәттірдің жылнамасын жазуға нақты дереккөз болып табылады. Музейлік жинақта тәуелсіз елдің дипломатиялық қарым-қатынасының алғашқы жылдарынан ақпарат беретін, елімізді тәуелсіз мемлекет ретінде алғаш мойындаған елдердің қатарынан табылатын Түркия, Румыния, Ресей, АҚШ, Вьетнам, Жапония т.б. елдердің басшыларынан, дипломатия өкілдерінен келіп түскен сыйлықтар жинақталған. Сонымен бірге,  сол кезеңнен бастап, қазіргі уақытқа дейін Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, саяси, мәдени дамуындағы түрлі оқиғалар мен іс-шаралардың барысында құрмет пен ілтипаттың нышаны ретінде табысталған кәдесыйларда музей қорында сақталған.

Президенттік орталықтың музейлік жинағында сақталған құнды жәдігерлер өзіндік ерекшеліктері мен тақырыптық мағыналарына сәйкес жеке топтамаларды құрайды және музейлік қорыдың жаңа түсімдермен үнемі толықтырылып отыруының салдарынан, олардың тарихи маңыздылығы мен мәдени құндылығы арта түстеді. Бүгінде музейлік жинақ 12 000 астам сақтам бірлікті құрайды және он бір топтамадан тұрады.

Наградалар топтамасы Президенттік орталықтың музейлік жинағының мақтанышы болып табылады. Әр бір жоғары награда Қазақстан халқын құрметтеу, республиканың жетістіктерін халықаралық деңгейде мойындаудың белгісі болып табылады. Топтамада жоғары мемлекеттік наградалар мен медальдардан басқа қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардан қоғамдық наградалар сақталған.

2022 жылғы 17 маусымда Мемлекет басшысы Ресей Федерациясына сапармен болып, «Жаңа әлем – жаңа мүмкіндіктер» тақырыбындағы мерейтойлық 25-ші Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумының пленарлық отырысына қатысты. Санкт-Петербург губернаторымен кездесу барысында Е.Д. Григорьев Қазақстан басшысына «Ұлы Петрге 350 жыл» мемориалдық белгіні табыс етті.

ПОНҚ 5855/1-2. Естелік белгі. «Ұлы Петрге 350 жыл».

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Қазақстан дүние жүзі бойынша ядролық қауіпке қарсы елдердің күресін бастап, қазіргі таңда да ядролық тақырыптағы халықаралық іс шаралардың барлығына белсене ат салысуда. Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс әрекет күнінің он жылдығына орай 2019 жылы 29 тамызда Астана қаласында «Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін сыйлығының» лауреаты Ядролық сынақтарға жалпыға бірдей тыйым салу туралы Шарт Ұйымының атқарушы хатшысы Лассина Зербоға салтанатты тапсыру рәсімі өтті. Аталған кездесуден естелік ретінде ұйымның нышандық белгісі қалды.

ПОНҚ 5690. Белгі. «СТВТО нышаны».

Президенттік орталықтың музейлік жинағының бағалы металдар мен бағалы тастар топтамасыда жинақталған музейлік заттар тек материалдық құндылығы жағынан ғана бағалы болып келмейді, сонымен бірге, әр бір тарихи оқиғалардың куәсі болған жәдігерлер мағынасы мен мәні терең мәліметтер бере алатын ақпараттық дереккөз болып та табылады. Солардың ішінде, Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың атына естелік жазуы бар, «YDA Holding» басқарма Төрағасы А. Хусейн 2023 жылы қаңтарда сыйға тарту етілген «Qazaqstan» эксклюзивті жеңілгектері мен кәдесыйлық таңба топтамада сақтаулы.

ASN_4433

Таңба. Алтын, гауһар, сапфир.

Құю, металды көркемдеп нақыштау. 26.01.2023 ж.

ПО НҚ 5836/1-2. Жеңілгектер. «Qazaqstan». 26.01.2023 ж.

Қару-жарақ және әскери сауыт-сайман топтамасында атыс және жүзді қарулардың, қорғаныс қаруларының, ат әбзелдері мен оқ-дәрілердің үлгілері жинақталған.

Құнды жәдігерлердің қатарын 2023 жылы сәуір айында мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевақа Әзербайжан Президенті И. Әлиев дипломатиялық сыйлық ретінде тарту еткен күміс қылыш толықтырды. Қылыштың сабы мен қынабы 925 сынамалы күмістен жасалған пластиналармен қапталған. Пластиналардың өзі гравюра техникасы арқылы ұлттық нақытша гүл тәрізді өрнектермен безендірілген.

ПОНҚ 5849/1-2. Қылыш қынабымен.

Әзербайжан Республикасының Президенті И. Әлиевтен. 14.04.2023 ж.

2022 жылғы 26 мамырдағы Қырғызстанға ресми сапары аясында Мемлекет басшысы Қ.Қ. Тоқаев Еуразиялық экономикалық форумның «Инвестициялық белсенділіктің жаңа мүмкіндіктері «Жаһандық өзгерістер дәуіріндегі еуразиялық экономикалық интеграция» тақырыбына арналған пленарлық отырысына қатысты. Қазақстан Президентіне естелік сыйлық ретінде Қырғызстан Президенті С.Н. Жапаровтан садақ жинағы табысталды.

ПОНҚ 5850/1-14. Садақ жинағы.

Қырғыз Республикасының Президенті С. Жапаровтан. 26.05.2022 ж.

Президенттік орталықтың музейлік жинағының нумизматика топтамасында көне және сирек кездесетін құнды жәдігерлер сақталған. Солардың қатарына 2024 жылғы 19 қаңтарда Ватикан қаласына мемлекеттік сапары барысында  Рим Папасы Франциск Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевқа сыйға тарту еткен «Franciscus Pontifex Maximus anno XI» естелік медалін жатқызуға болады.

Рим Папасының шақыруымен алғашқы ресми сапары барысында барған Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаев екіжақты қатынастар аясында Қазақстан шынайы достыққа, келісім мен құрметке негізделген Қасиетті Тақпен арадағы серіктестікті жоғары бағалайтынын атап өтті. Ерекше құрмет белгісі ретінде Мемлекет басшысына Ватикан мемлекетінің Апостолдық тақ мұрасы Рим Папасының елтаңбасы орналасқан естелік медалді тарту етті.

 

ПОНҚ 5739. Естелік медаль. «Franciscus Pontifex Maximus anno XI».

Кәдесыйлық бұйымдар топтамасында сәндік табақтардың, естелік пластиналар мен паннолардың, кубоктардың, қобдишалар мен макеттердің және т.б. бірегей қызықты жәдігерлердің үлгілері жинақталған. Солардың ішінде Тәжікстан Президенті Э. Рахмон 2023 жылы қыркүйекте сыйға тартқан «Орталық Азия халықтарына 30 жыл қызмет етемін» кубогы да бар.

1993 жылғы 26 наурызда Қызылорда қаласында өткен Орталық Азия Мемлекеттері басшыларының кездесуінде Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары «Арал теңізі мен Арал маңы проблемаларын шешу, Арал өңірінің экологиялық сауықтыру және әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен іс-қимыл туралы келісімді» қабылдап, Халықаралық Аралды құтқару қоры (ХҚЕС) туралы Ережеге қол қойған болатын.

ПОНҚ 5801. Кубок. «Орталық Азия халықтарына 30 жыл қызмет етемін».

Тәжікстан Президенті Э. Рахмоннан. 14.09.2023 ж.

Жылдың басында кәдесыйлық бұйымдар топтамасы жаңа жәдігерлермен толықты. Солардың бірі, 2024 жылы қаңтарда Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевқа Италияға ресми сапары кезінде Италия Республикасының Президенті Серджо Маттарелла сыйлаған «Палаццо дель Квиринале» (Италия XVI ғ.) эксклюзивті қобдишасы. Мемлекет басшысы еліміздің Еуропа Одағындағы сенімді серіктестерінің бірі – Италия Республикасымен қарым-қатынасы ұзақ уақыттан бері өзара тиімді сипатта дамып келе жатқанын жеткізді.

ПОНҚ 5733. Эксклюзивті қобдиша. «Палаццо дель Квиринале».

Италия Республикасының Президенті Серджо Маттарелладан. 18.01.2024 ж.

Ыдыс-аяқ топтамасының жинағында ерекше орынды қытай және жапония шеберлерінің қолынан шыққан үлкенді-кішілі сәндік вазалар, асханалық, шай және кофе сервиздері, сәндік ыдыстар және т.б. алады. Президенттік орталықтың музейлік жинағында әр түрлі елдерден, Түркия, Қытай, Венгрия, Өзбекстанның фабрика мен зауыттарынан, белгілі ресей фарфор зауыттарынан шыққан заттар сақталуда.

ПОНҚ 5710/1-17. Шай сервизі. Фарфор.

Венгрия Премьер-Министрі В. Орбаннан. 02.11.2023 ж.

ПОНҚ 5888/1-10. Шай сервизі. Фарфор.

Өзбекстан Республикасының

Сыртқы істер министрі Б. Саидовтан. 19.02.2024 ж.

Кілем және киіз бұйымдары топтамасында әр елдің Мемлекет басшыларынан, қоғамдық ұйымдардан тарту етілген портреттік, сюжеттік, ұлттық нақыштағы кілемдер мен киіз бұйымдары жинақталған. Солардың бірі Медина Губернаторының орынбасары Ханзада Сауд бин Халид Әл Фейсал Әл Саудтан 2023 жылы сыйға тарту еткен мұсылмандарға қасиетті болып табылатын –  Жайнамаз.

  

ПОНҚ 5778.  Жайнамаз. Медина Губернаторының орынбасары Ханзада Сауд бен Халед Әл Файсал Әл Саудтан. 18.07.2023 ж.

Президенттік орталықтың музейлік жинағының киім топтамасында мемлекет басшыларының жеке қолданыста болған заттары, әлем халықтарының ұлттық киім үлгілері, шетелдік және отандық жоғары оқу орындарының мантиялары, спорттық киімдер және т.б. жинақталған.

2022 жылы ақпанда Қазақстан Президенті Татарстанның республикалық маңызы бар қаласы Набережные Челны шаһарына барып, Ресейдің ірі автомобиль корпорациясы – «КАМАЗ» компаниялар тобының өндірісімен танысты және «КАМАЗ» компаниясының зауыттарында тәжірибе алмасып жүрген қазақстандық мамандармен әңгімелесті.

Аталған естелік кездесу барысында табыстаған сыйлық, киімдер жинағын қызықты жәдігерлермен толықтырды.

ПОНҚ 5839/1-4.

Киімдер жинағы. Татарстан Президенті Р. Миннихановтан. 11.02.2022 г.

Жұмсақ инвентарь топтамасында еліміздің, шет мемлекеттердің, халықаралық ұймдардың тулары, матаның әр түрінен жасалған тұрмыстық заттар, кәдесыйлар, былғары материалдардан жасалған бұйымдар т.б. жинақталған.

Бірегей қызықты жәдігерлердің ішінен 2019 жылы Түрікменстан Президенті С. Бердімұхамедов сыйға тарту еткен текеметті айтуға болады.

Текемет – сәндік-қолданбалы өнер туындысы, бетіне түрлі түсті ою-өрнек басылған киіз үй жиһазы. Ол қазақтың дәстүрлі баспанасы – киіз үйдің ішіне жылылық пен әсемдік алып келетін құнды бір бөлігі болып табылады.

 

ПОНҚ 5776. Текемет. Түрікменстан Президенті С. Бердімұхамедовтан. 2019 ж.

Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының музейлік жинағындағы бейнелеу өнерінің туындылары топтамасы отандық және шетелдік өнердің әр алуан қырларымен кеңінен таныстырады. Топтамада қазақ ұлттық кескіндемесінің қалыптасуына ерекше үлес қосқан С. Айтбаев, Б. Тәбиев, А. Сыдыханов, М. Қалымов, Ж. Қайрамбаев, А. Дүзелханов, А. Қазығұлов, Е. Төлепбай, Қ. Әжібекұлы сынды қылқалам шеберлерінің туындылары сақталған. Сонымен бірге, бейнелеу өнері туындыларының топтамасы биылғы жылы 1562 жылдан 1879 жылға дейінгі кезеңді қамтитын, барлығы 130 картадан тұратын  «Қазақстанның үзіліссіз мемлекеттілігі тарих толқынында. XVІ-XIX ғасырлардағы еуропалық және америкалық карталардағы Қазақ мемлекеті» атты кітапқа енген: «Швейцар картасындағы «Kosaki Orda» Қазақ мемлекеті. 1544 ж.», «Ағылшын картасындағы «Cassackia» Қазақ мемлекеті. 1562 ж.» және «Нидерланд дүниежүзі картасындағы «Kasakki Tartari» Қазақ мемлекеті. 1690 ж.» карталарының факсимильді баспаларымен толықты.

Аталмыш карталарды кітаптың авторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Заманауи зерттеулер институтының директоры, саяси ғылымдардың докторы,  профессор Мұхит-Ардагер Сыдықназаров Қазақстан Президенті Қ.К. Тоқаевқа 2023 жылы наурыз айныда сыйға тартқан болатын.

 ПОНҚ 5728. Карта. «Нидерланд дүниежүзі картасындағы «Kasakki Tartari» Қазақ мемлекеті. 1690 ж.»

 

ПОНҚ 5729. Карта. «Ағылшын картасындағы «Cassackia» Қазақ мемлекеті. 1562 ж.»

ПОНҚ 5730. Карта. «Швейцар картасындағы «Kosaki Orda» Қазақ мемлекеті. 1544 ж.»

Материалдық мәдениет заттары топтамасында халықтың тұрмыс-тіршілігіне негізделген тұрмыстық заттар, спорттық инвентарь мен өндірістік құралдар, өнім үлгілері, музыкалық аспаптар, археологиялық артефактілер және т.б. тарихи құнды жәдігерлер жинақталған. Солардың ішінде, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, кәсіпқой бокстан орта салмақта WBO Global және WBC Continental Americas, IBF тұжырымдары бойынша кәсіпқой бокстың чемпионы Ж. Әлімханұлы 2023 жылы желтоқсанда Қазақстанның Президенті Қ. Тоқаевқа сыйға тарту еткен былғары қолғабы бірегей жәдігерлердің қатарын толықтырды.

ПОНҚ 5672/1-2. Бокс қолғабы. Былғары.

Президенттік орталықтың музейлік жинағының басты байлығы музей жәдігерлері болып табылады. Музейлік жинаққа тарихи құнды заттарды жинақтау музей қорының мазмұнын байытады. Музейлік жинақтағы деректерді зерттеу музей ісінің тарихымен тығыз байланыста қарастырылатыны сөзсіз. Музейлік қор тарихи деректерді жинақтайтын, сақтайтын орын.

Ғылыми қор жұмысы – Музей құндылықтарын есепке алу және сақтау қызметінің басты бағыты болып табылады. Қызметтің мақсаты – ғылыми негізделген музейлік жинақ қалыптастыру және сол жинақты сақтау, зерттеу, көрсету, бір сөзбен айтқанда қоғамда кеңінен пайдалануға мүмкіншілік жасау. Музейлік жинақ Президенттік орталықтың ғылыми-зерттеу, мәдени, білім беру мекеме ретінде дамып, ерекше әлеуметтік функцияларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.