









28 наурызда Қазақстан Республикасының Президенттік орталығында өзінің қажырлы еңбегінің, дарыны мен білімінің арқасында табысқа жеткен адамдардың шынайы тарихын насихаттап, жастарға жігер беруге бағытталған «Әділетті қазақстан – тең мүмкіндіктер мен прогресс елі» атты кездесу өтті.
«Әділетті қоғам – Адал азамат» семинар-тренингі аясында өткен аталмыш іс-шараға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің және Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің студенттері қатысты.
Президенттік орталық жоғары сынып оқушыларына және колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған апта сайынғы екі күндік семинар-тренингтерді онлайн және офлайн форматта өткізеді. Оқыту барысында қатысушыларға қазақстандық мемлекеттіліктің қалыптасу кезеңдерін, ұлттық экономика мен әлеуметтік саланың даму ерекшеліктерін, жаңа саяси бағыттың стратегиясы – «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасын түсіндіруге, сондай-ақ адамгершілік, жалпыұлттық құндылықтар мен азаматтық сананы қалыптастыруға бағытталған дәріс өткізіледі. Практикалық тренингтер дәрістен алынған ақпаратты бекітуге, командамен жұмыс істеу және жобалар құрастыру дағдыларын дамытуға ықпал етеді.
Сонымен қатар, семинар-тренингтің офлайн тыңдаушылары Президенттік орталықтың мұражайына және Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайына барып, «Әділетті Қазақстан – тең мүмкіндіктер мен прогресс елі» атты мотивациялық кездесуге қатысты.
Аталмыш кездесудің спикері New York Film Academy түлегі режиссер-сценарист, продюсер, жазушы, композитор, teaching professor және Maqsut Narikbayev University білім беру бағдарламаларының жетекшісі Айдия Айдарбеков болды.
Ол алматылық студенттерге IT саласынан кинематография мен жазушылыққа, АҚШ-та оқуына, кино түсіруге дейінгі жолы және алдағы жоспарлары туралы айтып берді.
А.Айдарбеков: «Менің қандай да бір жалғыз ғана мақсатым бар деп айта алмаймын. Мен әртүрлі бағыттарда жұмыс істеймін: ақпараттық технологиялар саласындағы оқытушылық қызмет, режиссура мен продюсерлік, кітап жазу. Маған осының бәрі қызықты», – дейді.
Кездесуге қатысушылар спикердің қазақстандық кино туралы пікіріне қызығушылық білдіріп, оның Нью-Йорк кино өнері академиясына қалай түсе алғанын, шетелде қалай бейімделгенін және тс.с. сұрады.
Сондай-ақ, қонақ семинар-тренингтің тыңдаушыларына сертификаттар тапсыру рәсіміне де қатысты.