Басты бетПрезиденттік орталықтың музей қоры қазақстандық шаңғышы, олимпиада чемпионы Владимир Смирновтың ж...

Президенттік орталықтың музей қоры қазақстандық шаңғышы, олимпиада чемпионы Владимир Смирновтың жеке заттарымен толықтырылды

slide 1 of 12

Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының Президенттік орталығында қазақстандық шаңғышы, олимпиада чемпионы Владимир Смирновпен кездесу өтті. Оның барысында атақты спортшы өзінің жеке заттарын Орталықтың музей қорына табыстады.

«Президенттік орталықтың музей залдарының бірі тәуелсіздік жылдарындағы қазақстандық спортшылардың жетістіктеріне арналған. Ендігі кезде музей коллекциямыздың даңқты шаңғышы, Қазақстан үшін қысқы Олимпиада ойындарының алғашқы және әзірге жалғыз жеңімпазы Владимир Михайлович Смирновтың экспонаттарымен толықтырылғанын ерекше мақтан тұтамыз. Бұл қысқы спорт түрлерін насихаттауға өз үлесін қосатынына сенімдімін, ал елорда қонақтары мен тұрғындары осы заттарды өз көздерімен көру мүмкіндігіне ие болады», - деді өзінің құттықтау сөзінде ҚР Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат.

Өз кезегінде атақты спортшы Владимир Смирнов жиналғандардың барлығына алғысын білдіріп, 30 жыл бұрын өткен «ақ» Олимпиададағы жеңісі оның өміріндегі маңызды сәттерінің бірі болып қала беретінін атап өтті. Ол Президенттік орталықтың музейіне қазақстандық спортшылардың жетістіктерінен шабыт алып, өз елінің тарихын білуге құштар мүмкіндігінше көп келушілерді тіледі.

Музей экспозициясын толықтырды:

- олимпиада чемпионының жаттығу шаңғысы мен етігі;

- атақты спортшының сыйлықтарына өтетін республикалық шаңғы жарыстарына қатысушыларға берілетін естелік медаль;

- «Владимир Смирнов – жеңімпаз адам» кітабы.

Атап кететін жайт, сыйға берілген заттар Астана қаласы, Бөкейхан көшесі, 1а мекен-жайы бойынша орналасқан ҚР ПІБ Президенттік орталығының музейінде көпшілік назарына қолжетімді.

 

Анықтама: Владимир Смирнов Қазақстан Республикасындағы олимпиадалық қозғалыстың дамуына баға жетпес үлес қосты. Ол 1994 жылы Лиллехаммердегі XVII ақ Олимпиадада 50 шақырымға (классикалық стиль) шаңғы жарыста чемпион атанған. 30 жыл өтсе де - бұл Қазақстанның Қысқы Олимпиада ойындарындағы жалғыз жоғары наградасы.

Қазақстандық шаңғышы 1964 жылы Қазақ КСР Көкшетау облысы Щучинск қаласында дүниеге келген. Шаңғы спортымен ерте мектеп жасында айналыса бастады. Биыл 7 наурызда Владимир Смирнов 60 жасқа толады.

Кеңестік және қазақстандық шаңғышы, 1994 жылғы Олимпиада чемпионы, төрт дүркін әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының 4 дүркін күміс және екі дүркін қола жүлдегері, КСРО-ның бірнеше дүркін чемпионы. ХОК-тың бұрынғы мүшесі. Үлкен хрусталь глобустың екі дүркін иегері (1990/1991, 1993/1994 маусымдары). ХХ ғасырдың 80-90-шы жылдарының екінші жартысындағы әлемдегі ең мықты шаңғышылардың бірі.

1980-1992 жылдары КСРО және ТМД құрамаларында, 1992-1999 жылдары Қазақстан туының астында өнер көрсетті.