







Қазақстан Республикасының Президенттік орталығында «Әділетті қоғам – Адал азамат» атты семинар-тренинг өтті.
«Тек саяси реформалар, заңдар қабылдау арқылы Әділетті Қазақстан орнату, қоғамда әділеттілікті нығайту мүмкін емес. Бұл іске бүкіл халық, әсіресе жастар белсене атсалысу керек. Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев өз сөзінде: «Ұлы Абай «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» деген. Ал арлы адам әділетсіздік жасамайды. Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды» деген болатын. Сіздер семинар-тренингте Президенттік орталықтың жетекші қызметкерлерімен бірге осы мәселелерді жан-жақты, терең талқылайтын боласыздар. Бүгінгі оқу бағдарламасынан алған білімдеріңіз бен жиған тәжірибелеріңізді өз орталарыңызда да талқылап, әділетті қоғам құруға өз үлестеріңізді қосасыздар деп сенемін», – деді Президенттік орталығы директорының орынбасары Серік Сыдықов.
Жаңартылған білім беру бағдарламасының алғашқы тыңдаушылары Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және Astana IT University жоғары оқу орындарының 60 студенті болды.
Іс-шара аясында жастар «Әділеттілік: тұжырымдамалық қағидаттар. Қазақстандық қоғамның социомәдени идеалдары. Жаңа құндылықтарды қалыптастыру мәселелері» тақырыбында дәрісті тыңдап шықты.
Сонымен қатар, берілген материалды бекіту үшін шағын топтарда практикалық жұмыс өткізілді.
Оған қоса, семинар-тренингке қатысушылар «International Academy of Emotional Intelligence» ЖШС директоры, EACEIP эмоционалдық зейінді дамыту жөніндегі тәлімгер, Erickson International кәсіби коуч, персоналды басқару және команда құру саласында 15 жылдан астам тәжірибесі бар бизнес-тренер Әсел Мұратовамен мотивациялық кездесуге қатысты.
Оқу соңында студенттер үшін Қазақстан Республикасы Президенттік орталықтың музейіне арнайы экскурсия ұйымдастырылды.