





Қазақстан Республикасының Президенттік орталығы мен Астана қаласы әкімдігінің Білім басқармасы елордалық орта және арнаулы орта білім беру мекемелерінің ағымдағы оқу жылының екінші жартыжылдығына арналған, музейге экскурсияға шақырылған кестесін өзара келісіп бекітті. Бұл кесте аясында 69 орта және 26 арнаулы орта білім беру мекемелерінің оқушылары мен студенттерін музейлік экскурсиялармен қамту жоспарланып отыр.
Атап өту керек, Президенттік орталықтың музейі тарихи-мәдени, ғылыми-зерттеу, оқу-ағарту мекемесі ретінде сан алуан дәрістер, семинарлар, шеберлік сыныптар, тақырыптық, көшпелі экскурсиялар және т.б. көптеген кешенді іс-шараларды тұрақты түрде өткізіп тұрады.
Жоғарыда аталған кестеге сәйкес, бүгін Президенттік орталықтың музейінде № 46 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушылары үшін жақын арада өзектендіріліп жаңа мазмұнға ие болған экспозициялар көрсетіліп, шолу экскурсиялары өткізілді.
Іс-шара барысында оқушылар қазақ мемлекеттілігінің үздіксіз дамуы, жоғарғы биліктің институционалдық негіздерімен және оның дамуы жайлы баяндайтын экспозициялық материалдармен, жәдігерлермен егжей-тегжейлі танысты.
Экскурсияға белсенді қатыса отырып, оқушылар Қазақстан тарихы туралы мектеп бағдарламасынан алып жатқан білімдерін жан-жақты көрсетті.
#ҚРПрезиденттік_орталығы#ҚРОАМ_БілімБасқармасы#Мұражай#Астана