






Республика күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Президенттік орталығында музейлік жинақтан ұйымдастырылған «Бетбұрыс межесі» атты тақырыптық қор көрмесінің ашылуы өтті.
Іс-шараға белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, шет елдердің дипломатиялық миссияларының және Қазақстан Республикасы Парламентінің екі палатасының депутаттық корпусының өкілдері қатысты.
Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат өзінің сөзінде атап өткендей, бүгінгі көрме Қазақстан президент институтының призмасы арқылы тәуелсіздігіміздің тарихи мұрасын зерттеу мен ілгерілетуге бағытталған Президенттік орталықтың миссиясымен тұспа тұс келеді.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілисінің депутаты Дархан Қыдырәлінің айтуынша, көрменің атауы мемлекеттік егемендік туралы Декларацияның тарихи маңыздылығын өте дәл сипаттайды. Себебі, бұл құжат Қазақстанның ресми тәуелсіздігін қабылдаудың бастапқы қадамы болды.
Экспозиция территориялық тұтастық, Қазақстанның мемлекеттік рәміздері, жаһандық бастамалар мен жетістіктер, Қазақстан Республикасының ішкі және сыртқы саясаты, экологиялық қауіпсіздік, реформаларды іске асыру тақырыптарға арналған 8 бөлімнен тұрады.
Барлығы көрме шеңберінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияда жазылған негізгі қағидаттарды көрнекі түрде көрсететін 60-тан астам мұрағаттық құжат, кітап басылымдары мен музей заттары ұсынылды.
Көрме 2023 жылдың 23 қарашасына дейін жалғасады.
Анықтама: 1990 жылы 25 қазанда ҚазКСР Жоғары Кеңесінің қаулысымен тарихи құжат – «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация қабылданды. Бұл Декларацияның қабылдануымен Қазақстанның егемендігін мәлім ететін жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді. Қазақстанның егемендігі және территориясының тұтастығы саяси, құқықтық және экономикалық тұрғыдан дәйектелді.
Алғаш рет ел аумағының тұтастығы, қазақ халқының және басқа ұлт өкілдерінің мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету, ұлттық болмысты қалыптастыру әрі нығайту сияқты мемлекеттік қағидаттар бекітілді. Декларация арқасында ҚазКСР өз ішкі әскерін, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын құру құқығына ие болды.
Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан соң Республика күні жыл сайын 25 қазанда атап өтіле бастады. 1995 жылы 18 қазанда алғаш рет ұлттық мереке болып жарияланды. Алайда 2001 жылы бұл мәртебеден айырылып, мемлекеттік мереке санатына өтті, ал 2009 жылы мерекелер қатарынан мүлдем алынып тасталды. Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың бастамасымен 2022 жылы Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі берілді, биыл ол ресми түрде екінші рет аталып өтіледі.