





Биыл Семей полигонындағы ядролық сынаққа арналған соңғы ұңғыманың жойылғанына 25 жыл толды.
Осыған орай аталған тақырыпта архив материалдарына айналған тарихқа көз жүгіртсек. Кеңес Одағы ядролық сынақтар жүргізу үшін қазақ жерінен таңдалған орын туралы жазушы М. Сәрсеке: «КСРО үкіметі мен БКП (б) ОК-і осы мәселе туралы құпия құжатты 1947 жылғы 21 тамызда арнайы қарармен бекіткен: Ертіс жағасындағы «Сейсмикалық таулы станса» КСРО ҒА-ның қарауынан алынып, КСРО Қарулы күштер министрлігінің иелігіне беріледі. Сол жұмысты атқарушы әскерилер «905-нысан деп, 1948 жылдан кейін 52605-әскери бөлімнің «№2 тәжірибе алаңы» деп атаған. Ал, жергілікті тұрғындарға ол «Әскери зона» деген атауымен мәшhүр болған. Кейіннен «Семейдегі ядролық полигон» делініп, 1949 жылдан бері-де жер-жаhанға жаппай өлім сепкен шатақ әрекетімен күллі әлемге танылды» [1], – деп жазады «Семей қасіреті» кітабында. Жоғарыда аталған қарар бойынша Қазақ КСР-нің Семей, Павлодар және Қарағанды облыстарының шекара шебі өзара түйісетін ұланғайыр кеңістіктен 18500 шақырым км, периметрі бойынша 600 шақырым жер Арзамас-16-дағы (сол кездегі КСРО-ның Саров қаласында орналасқан ядролық орталығы) құпия ұжымның № 2 сынақ полигонына айналды. Осылайша қазақ даласындағы тіршілік атаулыға алапат зиянын тигізген полигон пайда болды. Қасиетті қазақ жерінде Курчатов қаласы мен түрлі сынақ алаңдары бой көтерді.
1949-1989 жылдар аралығында Семей қаласынан небәрі 130 шақырым қашықтықта орналасқан «Тәжірибе алаңында» 467 (кейбір деректерде 456) ядролық, термоядролық, сутегі бомбалары сынақтан өткізілді. Бұл ядролық қаруларды сынаудағы мақсат – жарылыстардың алапат күшінің қуатын зерттей отырып, оны жетілдіру үшін жаңа түрлерін жасап шығару еді.
КСРО-ның алғашқы ядролық заряды (РДС-1) 1949 жылдың 29 тамызында сынақтан сәтті өтеді. Бұл ұлы далаға төнген қауіптің басы ғана болатын және 40 жылға созылуы еліміз үшін орны толмас қасіретке айналды.
Қауіптісі сол, бұл жарылыстардың жалпы қуаты АҚШ-тың 1945 жылы Жапонияның Хиросимо қаласына тастаған атом бомбасының қуатынан 2,5 есе күшті деп бағаланды.
Полигон аймағындағы жарылыстар 1949-1962 жылдары жер үстінде немесе ауада жүргізілсе, 1963-1989 жылдары жер астында жалғасты.
1963 жылғы 5 тамызда Мәскеу қаласында КСРО, АҚШ, Ұлыбритания үкіметтері өзара келісіп қол қойған «Атмосферада, ғарыш кеңістігінде және су астында ядролық қаруды сынақтан өткізуге тыйым салу» шартына сәйкес сынақтар жер астында жүргізіле бастады. Семей полигонындағы жерасты сынақтары Дегелең мен Балапан бұйратынан әртүрлі тереңдікте қазылған 181 шахталар мен ұңғымаларда жасалды. Шахталар мен ұңғымаларда жасалған жарылыстардың жалпы саны 340. Жерасты ұңғымалардағы жарылыстар үшін полигонның әкімшілік-тұрғын зонасынан 70 шақырым жерде орналасқан Балапан елді мекеніндегі Балапан жазық алаңы («Б» алаңы) қарастырылды. Ядролық сынақтардың басым бөлігі осы ұңғымаларда жүргізілді. «Б» алаңынан басқа, сынақ үшін Сарыөзен алаңындағы 23 ұңғыма, Телькем алаңындағы 4 ұңғыма, Мүржік алаңындағы 1 ұңғыма пайдаланылды. Семей сынақ полигоны ұңғымаларындағы ядролық сынақтар жасанды су қоймаларын құру мақсатында жүргізілді. Солардың алғашқысы 1965 жылы 15 қаңтарда Шаған және Ащысу өзендерінің аумағындағы негізгі су артерияларының біріккен жерінде қуаты 140 килотонна болатын «Шаған» жерасты ядролық жарылысы болды. Жарылыс нәтижесінде тереңдігі 100 метрден асатын, диаметрі 430 метр болатын шұңқыр пайда болды. Жарылыс толқыны 950 метр биіктікке 10,3 миллион тонна топырақ лақтырды. Тау жыныстарының қопарылуы мен ұсақталуының нәтижесінде шұңқырдың айналасында диаметрі 1000 метрге дейін және биіктігі 35 метрге дейін жететін топырақ үйіндісі пайда болды. Ал осы жылдың көктемінде Шаған өзенінің аңғары арна арқылы шұңқырға жалғанды. Шұңқыр тасқын сумен толған кезде «Атом көлі» пайда болды. Полигон аумағындағы 1989 жылғы 19 қазанда 1365 ұңғымада бір уақытта үш «арнайы бұйым» жарылған соңғы сынақ жүргізілді. Тек жер астындағы ұңғымалардың өзінде ғана 131-ге жуық сынақтар жасалды.
Өкініштісі сол, алғашында тәжірибе алаңынан 30-40 шақырым жердегі қазақ ауылдары мен олардың жергілікті тұрғындарына ядролық сынақтар туралы мүлдем ескертілмеді. Тек 1953 жылы аса күшті сутегі бомбасын сынау алдында ғана полигон маңындағы орналасқан ауыл адамдары 70-100 шақырым жердегі қауіпсіздеу аймақтарға уақытша көшірілді. Дегенмен бір жарым-үш аптадан кейін халық өз үйлеріне қайта оралып отырды. Осы жағдайдан кейін ғана жергілікті тұрғындарға ядролық сынақтар туралы ескертіле бастады.
40 жыл бойы жарылыстың түр-түрін бастан кешірген халыққа оның зардабтары өте ауыр болды. Семей аумағымен қоса, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарының полигонға жақын жатқан аудандары да экологиялық апат аймағына айналды. Жер үстінде болған сынақтардан полигон аймағындағы тұрғындар радиациялық сәуленің үлкен дозасын алса, жер астындағы сынақтардан пайда болған улы газдар жер бетіне жайылып орасан зор қауіп туғызды. Себебі жер астындағы ұңғымалардың ауыздары бетон қақпақтармен дұрыстап жабылмаған еді.
Ядролық қарудың алапат зияны туралы белгілі қазақстандық фотожурналист, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының белсенді мүшесі, Дүниежүзілік атом-фотографтары гильдиясының мүшесі Юрий Куйдин өзінің «Қазақстанның ядролық қасіреті» фотоальбомында: «Осы кезеңде полигонға жақын жерде тұрған халықтың арасында онкология, жүрек-тамыр аурулары, лейкоз, орталық жүйке жүйесінің бұзылу оқиғалары жиі кездесті. Өлім-жітім көбейді. Медиктерге радиацияның әсерімен байланысты аурулардың дұрыс диагнозын қоюға тыйым салынды... Бұл жерде адамдарды емдеген жоқ. Жануарларға жәрдем жасалған жоқ. Бұл жерде ғылым және келешек ұрпақ үшін қажет деген желеумен радиацияның тірі организмге әсерін зерттеді. Адамдар сәуле ауруынан қалай баяу өлетінін диспансер клиникасында дәрігерлер Б. Гусевтің басшылығымен бақылап, сонан соң Семей полигоны мен Орталықтың арнайы қызметтері үшін құпия есептер жазып отырды» [2], – деп жазады. Міне осыдан кейін халықтың жағдайын көз алдыңызға елестетіп көріңіз. Дамуында әртүрлі ауытқушылықтар мен ақыл-ой кемістігі бар кемтар сәбилер дүниеге келе бастады. Мамандардың айтуынша, соның бәрі нақ қысқа мерзімді және қалдықты радиацияның кесірінен болатын генетикалық мутациямен байланысты.
Президенттік орталықтың архив қорында сақталған жоғарыда аталған фотожурналист Ю. Куйдиннің «Полигон құрбандары» тақырыбындағы эксклюзивті фотосуреттер топтамасы ядролық сынақтар және олардың тұтас ұлттың тағдырына тигізген ауыр салдары жөніндегі маңызды дереккөздердің бірі болып табылады. Бұл фотосуреттерде жер бетінде ашық сыналған атом бомбасының әсерінен қаншама адамның жазықсыз шеккен қасіреті, жазылмас дертке ұшыраған жандардың жан қиналысы бейнеленген. Автор фотоға түсіріп алған мүгедек қарттар мен мутант балалардың суреттері жан түршіктірер зұлматты кезеңнің ешқашан қайталанбауы үшін сындарлы жоспарлар мен сарабдал саясаттың маңыздылығын үнемі назарда ұстау керектігін еске салады. Фотосуреттер ішінде атом сынағын көзімен көріп, оның құрбаны болған және ядролық сынақтар мен жаппай қырып-жою қаруына қарсы күресуші Кәріпбек Күйіков сынды бірқатар белсенді азаматтарды да көре аламыз.
Ю. Куйдин өмірінің соңғы жылдарында антиядролық күресті насихаттаумен айналысып, осы тақырыпта бірнеше фотоальбомды жарыққа шығарды. Қордағы түпнұсқа фотоқұжаттар оның фотоальбомдарында да көрініс тапқан. Осы еңбектері үшін Ю. Куйдин (қайтыс болғаннан кейін) 2000 жылы «Ядролық қарусыз болашақ» халықаралық сыйлығының иегері атанды.
Қасірет әкелген полигонды жабу жөнінде 1950-60 жылдары алғаш болып үн қатқандар: белгілі жазушы М. Әуезов, ғалым, Ғылым Академиясының президенті Қ. Сәтбаев, білікті профессор, дәрігер Б. Атшабаров, сол кездегі Семей облыстық комитетінің бірінші хатшысы М.Сужиков, сол кездегі Денсаулық министрі С. Қарынбаев және т.б. азаматтар еді. Ал 1989 жылдың ақпан айында Семей облысының сол кездегі басшысы К. Бозтаев Қаз КСР басшыларының келісімімен КСРО Компартиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы М.С. Горбачевке сынақтарды тоқтатып, полигонды жабу туралы жеделхат жолдайды. Артынша белгілі ақын Олжас Сүлейменовтың бастамасымен Семей атом полигонын жабу мақсатында құрылған «Невада-Семей» қозғалысының митингісі КСРО-дағы үлкен резонанс тудырды. Бұл орайда, Ю. Куйдиннің «Семей сынақ полигоны» топтамасындағы антиядролық бағыттағы фотосуреттері ішінен «Невада-Семей» қозғалысының белсенділері ұйымдастырған митингтің көріністері ерекше. Аталған топтамадағы фотоқұжаттар ішінде Егіндібұлақ, Қарауыл, Қайнар ауылдарының жергілікті тұрғындары мен Семей, Алма-Аты және Қазақстанның басқа да қалаларында ядролық қаруды жасау мен оны сынауға қарсы бейбіт шерулер мен митингілерді бейнелейтін фотолар өте көп. Одан бөлек «Тәжірибе алаңы», «Ядролық жарылыстар», «Атом көлі», «Ядролық жарылыстарға арналған шахталар мен ұңғымалар» және тағы да басқа атаулармен Полигон тақырыбын кеңінен ашатын фотосуреттер бар.
«Невада-Семей» қозғалысы ұйымдастырған көптеген наразылық акциялар мен митингілер 40 жыл қазақ даласын улаған полигонды жабуға жасалған қоғам тарапынан жасалған ықпалды қадамдардың бірі болды. Бұл ұйым 1989 жылдың 6 тамызында Семей облысының Қарауыл ауылында ядролық қаруды сынауға мораторий жариялау жөнінде КСРО және АҚШ Президенттеріне үндеу жолдаған. Қоғамдық ұйымның осындай батыл әрекеттері мемлекеттің де тиісті деңгейде қадамдар жасауына себепші болды.
Ядролық сынақ полигонын ресми жабу қадамдарына келетін болсақ, 1989 жылдың 14 қарашасында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі КСРО Үкіметі мен Жоғарғы кеңесіне полигондарда ядролық сынақтарды шұғыл арада тоқтату туралы үндеу жолданды және тиісінше 1989 жылдың 27 қарашасында КСРО Жоғарғы Кеңесінің қаулысы қабылданып, ел үкіметіне «Семей полигонын жабу туралы» мәселені қарастыру тапсырылды. Сөйтіп, 1990 жылдың 22 мамырында Жоғарғы Кеңес республикалық деңгейде «Семей полигонын жабу туралы» қаулыны қабылдады. Аталған қаулы 1990 жылдың 25 қазанында «Мемлекеттік егемендік туралы» Декларацияны қабылдауға себеп болды. Декларацияның 11 бабында «Республика территориясында ядролық қарудың сыналуына, жаппай қырып-жоятын қарудың өзге де түрлерi (химиялық, бактериологиялық, биологиялық және басқалар) үшiн сынау полигондарын салуға және олардың жұмыс iстеуiне тыйым салынады», – деп нақты көрсетілген. Осы егемендік туралы құжат 1991 жылғы 29 тамыздағы «Семей сынақ полигон аймағын жабу туралы» Қазақ КСР Президентінің № 409 Жарлығына негіз болды. Осылай Қазақстан әлемдегі қуаты жағынан төртінші орындағы ядролық әлеуеттен бас тартып, бүкіл әлемге үлгі көрсетті. Аталған Жарлықтың көшірмесі Президенттік орталықтың архив қорынан орын алған.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
- Сәрсеке М. Семей қасіреті. – Алматы: Қазығұрт, 2019. – 85 б.
- Куйдин Ю. Қазақстанның ядролық қасіреті. Алматы: Феникс, 1997. – 19-20 б.
Г.О. Әбдібекова
Архив жұмысы қызметінің
жетекші сарапшысы