
Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Осы орайда, еңбек адамы дегеніміз кім, жалпы адам тағдырындағы еңбектің рөлі қандай, адал еңбектің жемісі қандай болмақ деген сұрақтар төңірегінде ойланғанда, ес біліп, еңбекке араласқан уақыттан бергі бар ғұмырың көз алдыңнан өтеді екен.
ХХ ғасырдың 90-жылдары – Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі қиын кезең. Ол жылдары жұмысқа орналасу түгілі, жұмыс табудың өзі мұң болатын. Осындай бұлыңғыр күндердің бірінде Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің жанынан өтіп бара жатып, ішке кіріп, бағымды сынап көру туралы ой келді.
Мені жұмысқа қабылдаған музей директоры Рысжан Ілиясқызы: «Музейдің жұмысы көп, жалақысы аз. Мұнда жастар жұмыс іздеп жиі келеді, бірақ көп ұзамай кетіп қалады. Бұл жерде тек жұмысын жақсы көретін, адал, еңбекқор әрі жауапкершілігі жоғары адамдар ғана тұрақтап қалады. Сондай адамдар ғана музей саласында ұзақ жыл еңбек ете алады», – деп ескерткен еді.
Сөйтіп, мен Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейіне жас маман болып жұмысқа орналастым. Жалақысы аз болғанымен, жұмысы қызықты әрі мазмұнды болды: экскурсия жүргізу және ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысу, көшпелі көрмелер ұйымдастыру, қор жинақтау, экспозициялар жасақтау, экспедицияларға шығу, конференцияларға қатысу, түрлі мәдени іс-шаралар мен кездесулер ұйымдастыру, әсіресе жастармен жұмыс жасау – мен үшін үлкен өмір мектебі болды.
Музей саласында 24 жыл бойы әртүрлі лауазымда қызмет етіп, мол тәжірибе жинадым. Ойланып қарасам, адам өзінің жұмысын шын сүйсе – әрбір жұмыс күні үлкен бақытқа айналады екен.
2014 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде жұмыс істеу туралы ұсыныс түскенде, ойланбастан келісім бердім. Бұл жерде көрме қызметі және сыртқы байланыстар бөлімінің меңгерушісі, кейіннен Экспозиция және көрме бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқардым. Осы жылдары халықаралық байланыстар орнатып, шетелдер мен еліміздің түрлі аймақтарындағы музейлермен бірлескен жобалар, түрлі тақырыптағы көрмелер мен экспозициялар ұйымдастырып, көптеген мәдени іс-шараларды жүзеге асыруға атсалыстым.
Жинақтаған тәжірибемнің арқасында бүгінде Қазақстан Республикасының Президенттік орталығында Мәдени және білім беру жобалары қызметінің аға сарапшысы болып қызмет атқарып келемін.
Қазіргі таңда Орталықтың Қазақстан Республикасы Президентінің шығармашылық идеялары мен стратегиялық бастамаларын кең аудиторияға жеткізуге бағытталған іс-шараларына белсенді қатысып, түрлі деңгейдегі ғылыми-тәжірибелік конференциялар, жастар форумдары, жоғары оқу орындарының студенттері мен мектеп оқушыларына арналған семинар-тренингтер шеңберінде практикалық жаттығулар ұйымдастырудамын.
Дарынды жастармен, белгілі қоғам қайраткерлерімен, жас кәсіпкерлермен және тәлімгерлермен кездесулер ұйымдастыру – мен үшін аса қызықты әрі жауапты іс. Бұл кездесулерде қонақтарымыз заманауи қоғамдағы бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, табысқа жету жолдары туралы ой бөлісіп, өз тәжірибелерімен ашық бөліседі. Олар – еліміздің дамуына зор үлес қосып жүрген нағыз патриоттар, ұлт жанашырлары.
35 жылдық еңбек жолымда қоғамдық жұмыстарға да белсене араластым. Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі мен ҚР Ұлттық музейінде кәсіподақ ұйымының төрайымы болдым. Қазіргі таңда Президенттік орталық жанындағы Астана қаласы «Бірлік» қалалық филиалына қарасты «AMANAT» партиясының «Тұңғыш» бастауыш партия ұйымының хатшысы ретінде қоғаммен етене жұмыс жүргізіп келемін.
Ұлы Абай: «Адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі» деген. Шынында да, адамзат баласы тіршілігінің барлық қажеттілігін тек еңбек арқылы өтеп келеді. Мен де осының куәсімін – қарапайым еңбек адамы ретінде.
Күнзия Үмбетова
Мәдени және білім беру жобалары қызметінің
аға сарапшысы