
Редакциялау термині латыннан аударғанда «redactus» – «сөздерді түзету, ретке келтіру» деген мағынаны білдіреді. Редакциялау жұмысы баспа және бұқаралық ақпарат құралдары, қоғамдық әдеби, ғылыми, шығармашылық салаларында, идеология, аударма ісінде кеңінен қолданылады. Редакциялау жұмысы ғылыми-әдеби шығармашылықтың негізгі бөлігі болып табылады. Бір сөзбен айтқанда, мәтінді өңдеу және түзету – мәтіннің тақырыбын, композициясын бағалау, мәтіндегі қателіктерді анықтап, дұрыс құрылымын жасау, стилистикалық түзету, мағыналық жақсарту үдерістері. Саяси-публицистикалық, ғылыми-көпшілік және көркем әдеби мәтіндерді редакциялау жоғары кәсіби дайындықты, аса ұқыптылықты қажет етеді. Жалпы редакциялау термині қандай да бір мәтінді талдау мен түзету, оны біржолата өңдеу ұғымын білдіреді. Автордың материалын тексеріп, өңдеу, оны тиісті стандарттарға дейін жетілдірумен қатар, мәтінді объективті түрде бағалау – редактор мамандардың басты міндеті. Мәтінді өңдеу төрт бағытта орындалады: 1. Құрылымдық – таңдалған зерттеу түрінің құрылымына сәйкес мәтінді тексеру және өңдеу. Егер мәтін белгілі бір құрылымның талаптарына сәйкес келмесе, қолжазба қайта қарау үшін авторға қайтарылады. 2. Техникалық – басылымның техникалық талаптарына сәйкес материалды тексеру және өңдеу: жиектер, қаріп түрі мен өлшемі, аралық пен шегініс, мәтінді туралау, графикалық материалдың дизайны мен сапасы (сурет, кесте, сызбалар және т.б.). 3. Әдеби – стилистикалық және әдеби редакциялау кезеңінде емле, сөздік, тыныс белгілері және грамматикалық қателері өңделіп, түзетіледі. Сонымен қатар редактор автор қолданатын терминдердің өзектілігін, автор ойларының мәтінде логикалық және сауатты түрде қалай берілгенін тексереді. 4. Семантикалық – мағыналық (мазмұндық) өңдеуді жүргізу кезінде редактор материал мен автордың мәлімдемелерінің қаншалықты дұрыс және анық берілгеніне назар аударады. Мәтінді түзету негізінен идеологиялық және фактілік сипатта (ғылыми, техникалық арнайы білім салалары бойынша) жүргізіледі. Көркем әдебиетте және аудармада мәтінді әдеби өңдеу ұғымы кеңінен мәлім. Аударма мәтінін түпнұсқаға сәйкестендіру, мағынасын баламалы беру, артық сөздерден, шұбалаңқылықтан арылту, қисынсыз қолданыстарды түзету, сөйлемдерді өзара жүйелі байланыстыруларды әдеби өңдеу үдерістері деп атаймыз. Мәтінді әдеби өңдеу – өзінің сипаты жағынан қолданбалы, мақсаты жөнінен тәжірибелік, құрылымы бойынша кешенді жұмыс. Оның тіл мен әдебиет саласының қолданбалы түріне енетін өзіндік заңдылықтары бар. Әрине, ол түрлі әдіс-тәсілдерді қолдану, тәжірибелік тұрғыдан іздену, теориялық негізде үйрену, зерттеп жүйелеу арқылы біртіндеп дамыған. Ұзақ жылдар әдеби өңдеуге деген көзқарас қарапайым тәжірибелік түсінік пен мәтіндегі қатені түзету ұғымында ғана қалыптасты. Әдеби өңдеу – ең алдымен жеке шығарманы аударманы, автордың шығармасын газет-журналға жариялауға, баспадан кітап етіп шығаруға даярлау жұмысы. Бұл – автордың жеке шығармашылығына аса қажет әрі пайдалы. Пайдалы болатыны, жазылған туындыны сын көзімен қарап, талдап, шынайы, әділ бағалауға дағдыланасың. Әдеби өңдеуді білу әрбір журналистке, әдебиетшіге, аудармашыға, кез келген ғылым саласының маманына, жалпы шығармашылықпен айналысатын әр адамға аса қажет. Редакциялау – үлкен шығармашылық өнер, яғни газет-журналдарда, баспа қызметінде өзара алмасып тұратын үдеріс. Әдеби өңдеу – жауапкершілігі зор, жан-жақты жазу өнерін, меңгеру қабілетін, білім мен біліктілікті, шеберлікті, талант пен тәжірибені ұштастыратын өнер түрі. Редакциялау сөзінің мағынасы негізінде редактор термині қалыптасқан. Редактор автордың ой-тұжырымдарын, сөйлем құрау ерекшелігін қатаң сақтауы тиіс. Ол автордың қолданысындағы жаңа сөздердің, яғни неологизм сөздерге, терминдерге аса назар аударады. Техникалық мәтіндерді редакциялауда ондағы ақпараттар мен мәліметтердің, сондай-ақ цифрлық көрсеткіштердің дұрыс рәсімделуіне, дәлдігіне, нақтылығына мән беріледі.
Лида Бөкешова Баспа және редакциялау қызметінің аға сарапшысы