Басты бетҰлы Жеңіс рухы: ұлттық бірлік пен тарихи жауапкершілік

Ұлы Жеңіс рухы: ұлттық бірлік пен тарихи жауапкершілік

Ұлы Жеңіс рухы: ұлттық бірлік пен тарихи жауапкершілік

9 Мамыр – бұл жай ғана тарихи дата емес, бұл – ұлттың рухын қалыптастырған, елдігіміздің негізіне айналған киелі күн. Ұлы Жеңіс – бір ғана әскери жеңіс емес, бұл – әділеттің үстемдік құрып, фашизмге қарсы бүкіл адамзаттың бірігуінің символы. Бұл күн – әр халықтың жүрегінде азаттық пен еркіндікке деген үміттің мәңгілік сәулесі болып қала береді.

Қолда бар тарихи деректер бойынша Қазақстаннан 1,2 миллионнан астам адам майданға аттанып, олардың жартысына жуығы ұрыс даласында көз жұмған. Алайда, майдан даласында мезгілсіз ажал құшқан боздақтардың саны әлдеқайда көп болуы мүмкін. Өйткені, соғыстың алғашқы айларында Қызыл Армия өте ауыр шығынға ұшырағаны белгілі. Тұтқиылдан шабуыл жасаған фашистік Германия Балтық бойын, Белоруссия, Молдовия, Украинаның басым бөлігін басып алып, Кеңес әскерлері 3500 ұшақтан, 6000 танктен, 20 000-нан астам қару-жарақ, минометтен айрылды және 100-ден астам дивизия шығынға ұшырады.  Қазақстанда жасақталған 12 атқыштар дивизиясы, 4 кавалеристік дивизия, 7 атқыштар бригадасы, 50-ге жуық жеке полктер мен бригадалар майданның ең қанқұйлы шайқастарында ерлік көрсетті. Соның бізге тарихтан белгілілерінен басқа, қаншама белгісіз тұстары әлі де зерттеуді, зерделеуді қажет етеді. Тәуелсіздік жылдары бірталай соғыс ақтаңдақтары ашылып, талай хабарсыз кеткен, қыршын кеткен майдангерлердің аты-жөндері белгілі болды. Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылып, оны алмаған қаншама есіл ердің есімдері елге танылды. Қазақстандық генерал И.В.Панфилов басқарған 316-ыншы дивизия әскерлерінің соғыстағы ерен ерлігін «28 панфиловшылар» туралы жазылған сол кезеңдегі баспасөз беттеріндегі, одан кейінгі басылымдар мен тарихи шығармалардан оқып-біліп келдік. Ал кейінгі зерттеулердің нәтижесінде Мәскеу үшін соғыста ерлік көрсетіп, құрбан болған панфиловшылардың саны 28 емес, жүздеген адамнан асқандығын біліп жатырмыз. Сондай-ақ, соғыстың бірінші сатысындағы ең қанқұйлы шайқастар Ржев, Ленинград, Сталинград үшінұрыстарда жан алысып, жан беріскен қазақстандық жасақтардың  жауынгерлері туралы деректер сол кезеңдегі кеңестік идеологияның салдарынан жойылып жіберілгендегі кейіннен белгілі болып отыр. Атышулы «Харковь қазанында» қиян-кескі ұрыста мұздай қаруланған жау әскерлерімен жалаңқол соғысқан 106-ыншы атты әскер дивизиясының аянышты тағдырын бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. «Шығыстың қос жұлдызы» атанған батыр қыздарымыз Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова сияқты қаншама қазақ қыздарының майданда ерлермен қатар жанқиярлықпен жаумен арпалысып, ерлікпен қазақ тапты. Тіпті майданнан аман-сау оралған батыр қыздарымыздың ерлігін енді біліп жатырмыз. Майданмен қатар, тылда да қазақстандықтардың ерлігі ерен болды. Еңкейген кәріден, еңбектеген балаға дейін «Бәрі де майдан үшін» деген ұранмен жанын салып, еңбек етті. Зауыттар күні-түні жұмыс істеп, азық-түлік, киім-кешек пен оқ-дәрі тоқтаусыз жөнелтіліп отырды. Бұл – шынайы халықтық жұмылудың, берік идеологиялық тұтастықтың көрінісі еді.

Қазақ халқы фашистік Германиямен соғыста өзінің табандылығын, рухының беріктігін, отансүйгіштік қасиетін айрықша көрсете білді.Идеологиялық-саяси тұрғыдан алғанда, Жеңіс күні – ұлттық бірліктің, Отан алдындағы адалдықтың және қоғамдық тұрақтылықтың айқын мысалы. Бұл – мемлекет пен халықтың мүддесі тоғысқан тарихи сәт. Біз бұл ұлы жеңістің тарихын тек еске алып қана қоймай, оны қазіргі ұрпақтың санасына терең сіңіруіміз керек. Өйткені өткенін ұмытқан ұлт – болашағын жоғалтады. Бүгінде геосаяси ахуал өзгеріп, әлемде тұрақсыздық белгілері бой көрсетіп отырған кезеңде, Ұлы Жеңістің рухы бізге мемлекетшілдік пен қоғамдық тұтастықтың қаншалықты маңызды екенін қайта еске салады. Халықтың тарихи жады, отансүйгіштік қасиеті мен саяси санасының деңгейі – елдің қауіпсіздігі мен болашағының басты кепілі. 9 Мамыр – біздің тарихи жадымызды жаңғыртып қана қоймай, қоғамдық келісім мен ұлттық идеяны нығайтуға рух беретін айшықты күн. Идеологиялық-саяси ұйымның қызметкерлері ретінде біз бұл құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіру, бейбітшілікті сақтау және ел мүддесін қорғау жолында қызмет етуді парыз санаймыз. Ұлы Жеңіс – ұлттың рухы, елдің тұғыры.

 

Мәдени және білім беру жобалары қызметінің 

жетекші ғылыми қызметкері 

Ақбота Хамитова