(Жазушы С.Мұқановтың 125 жылдығына арналады)
Сәбит Мұқанов шығармашылығының бір қыры – халық ауыз әдебиеті мұраларын жинау, зерттеу, жариялау. Халық ауыз әдебиеті мен көне жазба мұраларын қызығушылықпен аса ұқыптылықпен жинап, зерттеген ғалым.
С. Мұқанов «Батырлар жыры» (1939), «Айтыс және ақын» (1939), «Халық ауыз әдебиеті және Доскей» (1940), «Айтыс» (1942), «Халық мұрасы» (1974) кітаптарын шығарды.
Халық ауыз әдебиетіндегі көлемді жанрдың бірі – батырлар жыры мен олардың шығу тарихын зерттеді. 1939 жылы Алматы қ. С. Мұқановтың құрастыруымен латын әрпінде «Батырлар жыры» жинағының бірінші томы жарық көрді. Жинақ «Батырлар жырының әдебиеттегі орны» деген С. Мұқановтың алғысөзімен басылды.
С. Мұқанов XIV, XV, XVI ғасырлардағы тарихи оқиғаларды, басты тарихи тұлғаларды (хандар, батырлар), жер-су, қала аттары туралы құнды тарихи деректерді көп жинаған, бірақ деректердің қайдан алынғанына сілтеме жасамаған. Қазақ халқының «Едіге батыр» жырын бізге жеткізген Жұмағұл ақын, «Қобыланды батыр» жырын жеткізген Марабай ақын, «Орақ-Мамай» жырын Мұрат ақын, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырын Жанақ ақын жеткізген деген қысқаша анықтама берген. Қазақ еліндегі жыршылар, термешілер, өлеңшілер, ертекшілер мен әңгімеші-шежірешілер - ең алдымен ежелгі мұраны сақтаушылар екендігін «Халық мұрасы» (1974) еңбегінде зерттеуші ерекше атап көрсетеді.
С. Мұқанов батырлық эпос пен тарихи эпос түрінде екі жүйеге бөлініп келгенін айта отырып, батырлық эпостың («Едіге», «Қобыланды», «Сайын», «Тарғын», «Қамбар», «Ер Көкше» т.б.) нақтылы тарихпен байланысы аз, ол халықтың қиялынан туған деп түйіндейді. Тарихи эпосты («Орақ-Мамай», «Ер Есім», «Қабанбай», «Кенесары-Наурызбай», «Бекет батыр» т.б.) қазақ тарихының әр кезеңінде өмір сүрген батырлармен және тарихи оқиғалармен байланысты қарастырған.
Зерттеуші қисса жанры, оның шығу төркіні мен түрлері жөнінде алғашқы болып пікір айтқан. «Көркем әдебиеттің эпикалық түріне жататын бұл жанр араб, иран, шағатай елдерінен келді. Қисса – «араб» сөзі. Оның мағынасы «дәттеу», «баяндау» дегенді білдіреді. Қазақ тілінде қиссалардың саны жүзден асады. ХIХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Бұрынғы Қарқаралы уезінен шыққан қиссашыл – Ақылбек Сабалұлының бір өзі ғана отызға жуық, ал Ақмола уезінен шыққан Мақыш Қалтайұлы қырықтан астам қисса қалдырған. Осы мерзімде Жетісу өлкесінен шыққан Жүсіпбек қожа Шайхол – Исламұлы шығарған қиссалар да толып жатыр. Мен бала кезімде көптеген қиссалармен қатар, «Кер бала шөлін» де жатқа айтатын едім. Сонда тыңдаушылармен бірге қиссаның бірер жерінде өзім де жасқа булығатынмын», - дейді С. Мұқанов.
С. Мұқанов халық ауыз әдебиетінің ертегі, мақал, жұмбақ, жаңылтпаш, тұрмыс-салт жырлары, ғашықтық жырлар, тарихи жырлар, жоқтау, естірту тәрізді жанрларын зерттеген. Фольклордың ұшан теңіздей мол екендігіне, сол теңіздің түрлі қайнар көздері болатынына, ол өз кезегінде қоғамның көп заманғы тарихымен ұштасып жататынына назар аударуы ғалымның фольклорға ерекше тарихи көзқараспен қарауынан туындаса керек.
С. Мұқанов айтыс жанрын да зерттеп, мән-маңызына көп назар аударған. Айтысқа түсетін ақын қандай болуы керек, әлеуметтік шындықты ашатын көркем де терең айтыстың өзі қандай болуы керек екендігін дәлелдейді. Зерттеуші «Біржан мен Сара» айтысы, «Нұржан мен Сапарғали» айтысы, «Тәбия мен Омарқұл» айтысы, «Әсет ақын мен Рысжан» айтыстарына кең талдау жасайды.
С. Мұқанов эпикалық жырлардың жанрлық, тарихи сипатын, әдебиеттегі орнын анықтауда, фольклорлық мұраны жариялау, зерттеу ғылымына өзіндік үлесін қосқан халық ауыз әдебиетінің зерттеушісі. Шығармаларында фольклорлық сюжеттерді, элементтерді орынды да шебер қолдануы халық ауыз әдебиетін жетік білгендігін тағы бір дәлелдейді. Ол қазақтың батырлық және ғашықтық жырларының жанрлық ерекшеліктері мен композицияларын, сюжеттік ұқсастықтарын салыстыра отырып зерттеді. Халық дәстүрін құрметтеп, зерттеген адам үшін бұл заңды құбылыс.
Халқынының фольклоры мен этнографиясын, мәдениеті мен тарихын тереңнен біліп, зерттеген ғалым екендігі айқын. Ежелден қалыптасқан фольклорлық мұралардың әр кезеңде түрленіп, әрленіп, қай дәуірде болса да ұмыт қалмайтындығын С. Мұқанов анық көрсетті.
Дүйсенбиева Ж.Р.
Кітапхана жұмысы қызметінің басшысы