Басты бетИдеология құндылықтармен қуатты

Идеология құндылықтармен қуатты

Идеология құндылықтармен қуатты

Кез келген мемлекеттің ең ұлы жетістігі, баға жетпес байлығы – Тәуелсіздік. Осы бір қастерлі сөздің аясы қаншалықты кең, мағынасы қаншалықты терең екендігін, ол жайындағы жүрек тебіренісін сөзбен айтып жеткізу қиынның қиыны. Тәуелсіздік – қастерлі ұғым. Бұл ұғымды біз түйсігімізге түйіп, көкірегімізге жазып, жадымызға сақтап, әрдайым естен шығармауымыз керек. Өйткені, Тәуелсіздік бәрінен де қымбат. Тәуелсіздік тақырыбындағы мақалалар, түрлі қоғамдық-саяси, ғылыми-мәдени іс-шаралар тек Тәуелсіздік күні қарсаңында ғана қолға алынбауы керек. Ол үнемі күн тәртібінде болуы керек.

Қазақстанның тәуелсіздігі үш мүшел жасқа енді аяқ басты. Тарих тұрғысынан – бұл қас-қағым сәт, ал халық үшін – бұл қуаныш пен қасіреттің, дағдарыстар мен өзгерістердің тұтастай бір дәуірі, ұлттық құндылықтарымызды, тіліміз бен ділімізді, әдебиетіміз бен мәдениетімізді жаңғырту жолындағы тар жол тайғақ кешулер. Бұл ата-бабамыз аңсаған еркіндік пен егемендікке, келешек пен кемелдікке апарар жол. Бұл жанбай жатып өшкен өмірлер мен үзілмеген үміттер, қилы тағдырлар мен ұлы мұраттар. Бұл тарих, ұлттың тарихы. Мұны бүгінгі ұрпақ білуі тиіс, санасына сіңіріп, зерделеуі тиіс. Бұл келер ұрпақтың қастер тұтар киесіне айналуы тиіс. Ол үшін не істемек керек? Келешекке бағыт берер Темірқазығымыз не?

Осы орайда Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың «Біз, Қазақстан халқы, өзгелердің теріс ықпалына түспейтін өз идеологиямызға сүйенуіміз керек» деген анық әрі нақты тұжырымына жүгінсек...

Бүгінде «идеология» деген сөзге үрке қарап, жатырқап қалған жайымыз бар. Оны үстемдіктің құралы деп қабылдайтындар бар. Бұл сөзден ат- тонымызды ала қашудың қажеті жоқ. Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 20 наурыздағы жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының ақпараттық доктринасында «идеология» сөзі «құндылық» деп қабылданды. Идеология әртүрлі болуы мүмкін, ал ұлттық құндылық біреу ғана. Сондықтан ақпараттық идеологияның ұстыны ұлттық құндылық болуы тиіс.

Ұлттың тамыры – тарих. Біздің қыран құс ұшса қанаты талатын, құлан жортса тұяғы тозатын Ұла даламызда мыңжылдықтар бойы жасап келе жатқан байтақ тарихымыз бар. Соның тұңғиығынан қайнап шыққан құндылықтарымыз бар. Біздің мемлекеттік идеологиямыздың қайнар бастауы да сол құндылықтар болуы тиіс. Тарихи тамыры тереңде жатқан ұлттық идеология қандай да аласапырандарға төтеп бере алады. Тарихта ұлттық идеологиясы бекем халықтың рухы да күшті болады. Ұлттық идеологиясы мықты, рухы асқақ халықты ешқандай сұрапыл жеңе алмайды. Өршіл рух халықты барлық уақыттарда биіктерге сүйрейді.

Ұлттық идеология дегеніміз – тарихтың жоғалтқанын бүгіннен іздеу, бүгіннің талабын тарихта кеткен қателерден арылта отырып қанағаттандыру, келешекке ұлттық құндылықтар философиясы арқылы пайым жасау. Осы мақсаттарды орындауға қызмет ететін бүкіл идеялар – біздің ұлттық идеологиямызды құрайды. Президент атап көрсеткендей, «Біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу». Олай болса, Қазақстан Республикасының мемлекеттік идеологиясының басты мақсаты – жаңа дәуірдің оқыған, білімдар, білікті, озық технологияларды, ілім-білімді терең меңгерген, дені сау, ізденімпаз, ерік-жігері мықты, ақыл-парасаты мен ар-ожданы биік, отаншыл ұлтты тәрбиелеу.

Бүгінгі заман – мәдениеттердің жаһандану кезеңі. Жаңа сапаға көшер алдындағы, яғни өз дамуының ең биік сатысы – біртұтас адамзаттық өркениетке құйылар алдындағы қарбалас шағы. Жаһандану – өркениеттің кезекті даму сатысы.

Ендігі айтпағым, осы ойларымызды Президенттік орталықта қалайша жүзеге асыру, қандай істермен, қандай іс-шаралар арқылы қалың жұртшылықтың санасына сіңіре алатындығымыз жайында.

Өз тарапынан Президенттік орталық Мемлекет басшысының стратегиялық бастамаларын қолдау мен ілгерілету бойынша ауқымды идеологиялық және қоғамдық іс-шараларды іске асыруға үлесін қосуда. Мекеменің атауының өзі осы міндеттердің басты нысана екендігін білдіріп тұрған жоқ па?

Орталықтың мәдени маңызына келетін болсақ, мұнда өткізілетін іс-шаралардың дені қазақ мәдениеті мен тарихын танымалдандыруға ұлтты ұйыстыруға, қоғамды біріктіруге, азаматтарымыздың патриоттық рухын оятуға бағытталған. Бұл әсіресе ұлттық бірегейлігімізді нығайтуды аса қажет ететін қазіргі жаһандану жағдайында өте маңызды. Мұндай іс-шаралар еліміздің халықаралық аренадағы оң имиджін қалыптастыруға ықпал етеді деп ойлаймын. Сондай-ақ, Орталық мемлекет дамуының өзекті мәселелерін талқылайтын маңызды платформа ретінде білім берушілік функцияларды да атқарады. Бұл қазақстандықтардың елімізде болып жатқан үдерістер туралы құлақдар болып, сол істерге араласуына мүмкіндік береді.

Біз жастарды қолдауға және азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған әлеуметтік жобаларға айрықша көңіл бөлуге тырысамыз. Бұл мемлекеттің тұрақтылығын, азаматтардың билікке деген сенімін нығайтуға ықпал етеді. Сондықтан Президенттік орталықтың мәдени маңыздылығын, білім берушілік рөлін, әлеуметтік жауапкершілігін ешкім де жоққа шығармайды деп ойлаймын. Қазірге таңдағы қызметіміздің негізгі бағыты мемлекеттік идеологияның өзегі ретіндегі «Әділетті қоғам – Адал азамат» тұжырымдамасын ілгерілендіру мақсатындағы мәдени және білім беру жобаларын іске асыру, қоғамдық жұмыстардың түзу желісін қалыптастыру болып табылады.

Сондықтан ХХІ ғасырдағы жаһандық үдерістерді шығармашылықпен ой елегінен өткізу, әлемдік саясат пен экономикадағы сындарлы өзгерістерді Қазақстанның ұзақмерзімдік мүдделері тұрғысынан сараптай білу, мемлекеттілігіміз бен елдігімізді, қастер тұтар киеміз – тәуелсіздігімізді сақтап қалу үшін идеологиялық шебімізді бекемдеуге, еліміздің қазіргі және болашақтағы дамуын объективті түрде зерттеп, зерделеу басты назарда болуы керек.

 

Қазақстан Республикасы

Президенттік орталығының директоры

Бақытжан ТЕМІРБОЛАТ

 

https://egemen.kz/article/382040-ideologiya-qundylyqtarmen-quatty