Басты бетТатулық пен бірліктің тұғыры

Татулық пен бірліктің тұғыры

Татулық пен бірліктің тұғыры Татулық пен бірліктің тұғыры Татулық пен бірліктің тұғыры

Биылғы жыл халықаралық маңызы бар мерейтойлық даталар мен оқиғаларға толы болмақ. Соның бірі, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толуы. Еліміздегі 130-ден аса этнос өкілдерінің басын біріктіретін бірегей құрылым Қазақстан халқы Ассамблеясы 1995 жылғы 1 наурызда Президенттің Жарлығымен Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган болып құрылды. Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі мақсаты – мемлекеттік ұлттық саясаттың қағидаттарын жүзеге асырып, діни ерекшелігіне қарамастан тең құқылы барлық ұлттың өкілдеріне қолайлы жағдай жасау. Ұйым еліміздегі көп ұлттардың бірлігін нығайту, толеранттылық пен татулықты сақтау жолында қызмет етеді. Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған сәттен бастап халықтар арасындағы бейбітшілік пен келісімді арттыруда үлкен рөл атқарды. 2008 жылғы 20 қазанда Қазақстан Республикасының «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңға қол қойылып, этносаралық қатынастар мен құрылымдарының мәртебесін айқындайтын принциптер  заң деңгейінде бекітілді.

Өзінің отыз жылдық тарихында Ассамблея қарқынды дамып, еліміздің барлық өңірлерінде журналистер клубы, этникалық бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ), ел аумағында мыңнан астам этномәдени бірлестіктер, Аналар кеңесі және Ақсақалдар кеңесі жұмыс істейді. Ассамблеяның белсенді мүшелері саяси аренада, экономикада, әлеуметтік қатынаста, маңызды іс-шараларда белсенділік танытуда.

Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен 2016 жылы 14 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығымен 1 наурыз «Алғыс айту күні» болып бекітілді. Қазақстан жеріне әр түрлі этнос өкілдерін қоныстандырып,  төзімділік пен қонақжайлылық танытқаны үшін қазақ халқының кеңпейілділігіне құрмет пен алғыс білдіру күні деп жарияланған болатын.

2021 жылғы 15 желтоқсанда «Ассамблея жастары» Республикалық қоғамдық бірлестіктері, республикалық маңызы бар қалалар мен барлық облыстарда құрылды. Жаңа ұйымның мақсаты мен міндеттері – жастар бастамаларын дамыту, жастар арасында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту, қазақстандық жастардың әлеуметтік деңгейін көтеру болып табылады.

2024 жылғы 25 сәуірде  «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІIІ сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблея еліміздің саяси жаңғыруында және ұлттық бірлікті нығайтуда маңызды рөл атқарғанын атап өтті. Ассамблея жұмысына тоқталып, жолын айқындап бағыт-бағдар берді.

Кез келген халықтың тарихындағы оқиғалар мен өзгерістер олардың  киімдерінде де сарқылмайтын шабыт, рух болып қала береді. Себебі, ұлттық киімдері  арқылы, олардың тарихы, ұлттық ерекшеліктері туралы көп нәрсе білуге болады. Әр халық ғасырлар бойы жүріп өткен жолдарының шежіресі болып табылатын ұлттық киімдерінің бастапқы үлгісін өзгертпестен сақтап, құнды қазына ретінде бағалайды.

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының музейлік жинағының киім топтамасында елімізде мекен ететін түрлі ұлт өкілдерінің  ұлттық киімдерінің жауһары болып табылатын бірегей үлгілері сақталған.  Атап айтқанда:

 

 

Шапан – тәжік халқының ұлттық киімі.

Қазақстандағы тәжік халқы елдің әлеуметтік-мәдени дамуына атсалысумен қатар халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтып,  білім беру, мәдени іс-шаралар және қайырымдылық саласында өз үлестерін қосуда.

Тәжік халқының шапаны – ұлттық киімдердің маңызды элементтерінің бірі. Ол көбінесе мауыт, парша, барқыт немесе жібек маталардан тігіліп, бай ою-өрнектермен безендіріледі. Тәжік шапаны – тек сырт киім ғана емес, ол дәстүрдің, әлеуметтік мәртебенің және ұлттық мәдениеттің белгісі болып табылады.

Шапан, доппи (тюбетейка) және жамлығы – өзбек халқының ұлттық киімдері. 

Қазақстандағы өзбек ұлты саны жағынан ең ірі этникалық топтардың бірі және Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамында ерекше орын алады. Бүгінде еліміздің саяси-экономикалық дамуына, мәдениетіне, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастыққа елеулі атсалысып келе жатқан өзбек ағайындар қоғамның ажырамас бір бөлігі болып отыр.

Өзбек халқының ұлттық бас киімі – доппи көлемі төртбұрышты, ұлттық ою-өрнекпен көмкеріліп тігіледі. Доппиді күнделікті өмірде де, салтанатты іс-шараларда да киеді.

Өзбек халқының дәстүрлі сыртқы киімі – шапан түрлі-түсті жібек, масаты немесе мақта матасынан тігіледі. Ер адамдарға арналған шапандар көбінесе қарапайым, ал әйел адамдарға арналған шапандар ақшыл, түрлі-түсті болып келеді.

 

Папаха – шешен халқының ұлттық бас киімі.

Бүгінде Қазақстандағы шешен халқы ұлттық мәдениетін, дәстүрлерін сақтап, қоғамның бір бөлшегі ретінде өмір сүріп келеді.

Папаха – шешен халқының дәстүрлі бас киімі. Бас киім қой, ешкі немесе каракөл терісінен тігіліп, ер адамның мәртебесін, ерлік пен батырлықтың белгісін білдіреді. Шешен мәдениетінде папаха ер азаматтың абыройын, еркіндігін және ұлттық рухын көрсететін маңызды элемент болып саналады.

 

Жейде – орыс халқының ер адамының ұлттық киімі.

Қазақстан халқы ассамблеясының құрамындағы орыс халқы Қазақстанда ең көп таралған этностардың бірі. Орыс халқы Қазақстанға әртүрлі тарихи кезеңдерде қоныс аударып, өз мәдениетін, дәстүрін және ұлттық киім үлгілерін сақтап келеді.

Президенттік орталықтың музейлік жинағында құнды тарихи жәдігер болып саналатын орыс жазушысы, ойшыл Л.Н.Толстойдың (1828-1910 жж.) жейдесінің көшірмесі  сақталған.

 

Ханбок – корей халқының ер адамының ұлттық киімі.

Корей этномәдениеті Қазақстанның көпұлтты мәдени мұрасының ажырамас бөлігіне айналып, бейбітшілік пен келісім идеясын дәріптеп келеді.

Ханбок – корей халқының дәстүрлі ұлттық киімі. Ол өзіне тән әсемділігімен, қарапайым әрі үйлесімді сызықтарымен ерекшеленеді, көбінесе салтанатты мерекелерде, үйлену тойларында, ұлттық мейрамдарда киеді.

Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күннен бастап қарқынды дамып, этносаралық толеранттылық және қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі болып қалыптасты. Бүгінде Ассамблея ел Президенті Төрағалық ететін конституциялық орган болып табылады. Бұл оның ерекше мәртебесін айқындайды.

Түрі басқа болғанмен, тілегі бір жүздеген ұлт достық пен татулықты ту етіп ұстанып,  елдегі бейбітшілік пен келісімді бекемдей түсуде зор рөл атқаруда.

 

 

Айнұр Жидебай

ҚР Президенттік орталығының

Музей құндылықтарын есепке алу және

сақтау қызметінің сарапшысы