






Ж. К. Жұмахметова
Қазақстан Республикасының
Президенттік орталығының
Музей құндылықтарын есепке алу және
сақтау қызметінің жетекші сарапшысы
Ғарыш әлемі – қызықты да, құпияларға толы сала. Бұл ғарыш кеңістігін зерттеу, ғарыштық технологияларды дамыту, ғарыш аппараттарын ұшыру және ғарышқа қатысты басқа да ғылыми зерттеулерді жүргізу бағытындағы ғылым мен индустрияның жалпы атауы. Ғарыш саласы мақсаттарының бірі ғарыштық аппараттарды жасау: зымырандар, ғарыш кемелері, спутниктер, жерсеріктерді жобалау, іске қосу, қажетті құрал-жабдықтарды орбитаға ұшыру.
Бұл ғылыми сала адамзаттың ғарыш кеңістігін зерттеу мен игеру жолындағы ғылыми-техникалық прогресінің маңызды бөлігі болып табылады және оның болашағы әлемдік ғылым мен техникаға елеулі ықпал етеді.
Биылғы жылдың мерейлі күндердің қатарында Байқоңыр ғарыш айлағын құру туралы шешімінің 70 жылдығы.
Байқоңыр ғарыш айлағын салу жөніндегі шешім 1955 жылы 12-ақпанда қабылданды. Кеңес Одағының үкіметі Байқоңыр орнын ғарыштық сынақтар мен зымыран ұшыруларға арналған арнайы алаң ретінде таңдап, кешеннің құрылысы 1955 жылы 12-мамырда басталды. Бұл аймақтың стратегиялық орналасуы мен экологиялық жағдайы ғарыштық ұшыруларға өте қолайлы болды. Байқоңырдың құрылысы басталған кезде оның бірінші кезектегі міндеті – зымырандық және әскери мақсаттағы ғарыштық ұшыруларды ұйымдастыру болды.
Әлемдегі алғашқы және ірі ғарыш айлағы – «Байқоңыр» - Қазақстанның Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының аумағында орналасқан. Байқоңырдың орналасқан жері әскери және ғарыштық сынақтар үшін өте қолайлы болды, өйткені бұл аймақ адам көп шоғырланбаған, экологиялық тұрғыдан салыстырмалы түрде таза және ғарыштық ұшырулар үшін қажетті үлкен алаңға ие болды.
Байқоңырдың ұшу трассасы Арал теңізінен Камчатка түбегіне дейін созылып жатыр. Бүгінде ғарыш айлағының ауданы 6750 км2 аумақта орналасқан қуатты ғылыми-сынақ кешені.
Байқоңыр ғарыш айлағы схемалық түрде үш қапталға бөлінген: оң жақ – «Зенит», «Прогресс»; сол жақ – «Протон», «Циклон», «Стилет»; орталық – «Союз», «Энергия – Буран», 9 ұшыру алаңын, 14 іске қосу қондырғысын, 2 «Крайний» және «Юбилейный» әуе айлақтарын қамтиды. Айлақтың әкімшілік орталығы – Байқоңыр қаласы. Өз тарихында ол бірнеше атауға ие болды: Заря кенті, Звездоград, Ленин кенті, Ленин қаласы және 1995 жылдан бастап ресми түрде – Байқоңыр қаласы.
Алғашқы зымыран ұшыруы 1957 жылы 4 қазандағы «Спутник-1» жасанды спутнигін орбитаға шығару миссиясымен жүзеге асты. Бұл оқиға бүкіл адамзат тарихындағы ғарыш дәуірінің басталуын белгілейтін әлемдік сенсацияға айналды. Шетелдік газеттердің алғашқы жолақтарында ғарышқа шығу туралы жаңалықтар жарияланды: «ғасырдың ұлы сенсациясы», «адамзаттың асқақ арманы», «ғаламға терезе ашқан кеңестер», «бұл Ұлы Жеңіс өркениет тарихындағы бетбұрыс болып табылады» - бұл әлемдік баспасөздің бірнеше тақырыбы ғана.
Алғашқы ғарыш аппаратын құру арнайы конструкторлық бюрода 1956 жылғы қарашада басталды. Спутник өте қарапайым құрылғы ретінде жасалды және зауыттық құжаттамаға сәйкес «ПС-1» – Қарапайым спутник деп аталды.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Президенттік орталығының музейлік жинағының материалдық мәдениет заттары топтамасында Жердің алғашқы жасанды серігі – «Спутник-1»-дің және басқа да зымырандардың макеттері сақтауға алынған.
Байқоңыр ғарыш айлағы – ғарышкерлердің ұшу алдында дайындық өткізетін «ғарышкерлер мекені» деп айтуға толық негіз бар, себебі ғарыш айлағынан Юрий Гагарин, қазақстандық Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев, Айдын Айымбетов сияқты танымал ғарышкерлер ұшып шықты.
1991 жылы 2 сәуірде қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров Кеңес Одағы Ғарышкерлер даярлау орталығында ғарышқа ұшу дайындығына кірісіп, сол жылы 2 қазанда Байқоңырдан «Союз ТМ-13» кемесімен ғарышқа ұшты, қазанның 10-ында Жерге қайтып қонды. Әлемнің 265-ші ғарышкері, КСРО-ның соңғы 72-ші ғарышкері.
Музейлік жинағымызда тұңғыш ғарышкер Т. Әубәкіровтың 1991 жылғы 2-10 қазанда ғарышқа ұшуы кезіндегі скафандрының қолғабы сақталынған.
Сонымен қатар, Музейлік топтамамызда ерекше жәдігерлердің бірі – полимерлі материалдан жасалған арнайы вакуумдық пакеттерге герметикалық оралған және қолдануға дайын сублимациялық сусыздандыруға ұшыраған өнімдер, яғни ғарышкерлерге арналған азық-түліктер де сақталынған.
Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш ғарышкері, ашық ғарышқа шыққан тұңғыш қазақ, әлемнің 309-шы ғарышкері Талғат Мұсабаевтың да рөлі ғарыш саласында өте зор.
1994 жылғы 1 шілдеде «СоюзТМ – 19» - 1994 жылғы 4 қарашада «Союз ТМ-19» кемелерімен ұшты. Бортинженер ретінде «Мир-Наса» ресейлік-америкалық бағдарламасы және «Полет-М» қазақстандық бағдарламасы бойынша 10-нан астам институттың қатысуымен 8 ғарыштық эксперимент орындады. Т. Мұсабаевпен бірге ғарышта болған құнды, тарихи жәдігер еліміздің бір уыс топырағы салынған капсула музейлік топтамамызда сақтаулы.
Қазғарыштың алғашқы және әлемнің 545-ші ғарышкері Айдын Айымбетов ғарышқа «Союз ТМА-16М» кемесімен 2 қыркүйек күні аттанып, 4 қыркүйек күні «Союз» Халықаралық ғарыш станциясына автоматты режимде сәтті түйісті. Он күнге созылған сапар барысында ол бірқатар физикалық-ғарыштық эксприменттер мен Арал және Каспий теңіздерінің экологиясына мониторинг жүргізіп шаңды дауылды зерттеді.
Қазақстан Республикасының Президенттік орталығының музейлік топтамасында ең бірегей, тарихи жәдігерлердің қатарында ғарышкер Айдын Айымбетовтен сыйға тарту етілген ғарышта болған мемлекетіміздің туы да ерекше орын алады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Байқоңыр – бұл тек қана ғарыштық алаң емес, ол біздің ұлы тарихымыздың және ғылыми жетістіктеріміздің айқын көрінісі. Бұл аймақ Қазақстанның ғарыштық әлеуетін арттырып, әлемге ғарыш саласындағы жетістіктерімізді паш етуде маңызды рөл атқарады» деп, Байқоңыр ғарыш айлағының Қазақстан үшін стратегиялық маңызын атап өтеді. Бұл сөздер Байқоңырдың тек ғарыштық зерттеулер мен ұшырулар үшін ғана емес, сонымен бірге Қазақстанның халықаралық деңгейде ғарыштық мемлекет ретінде танылуына ықпал ететінін көрсетеді. Байқоңырдың маңыздылығы – бұл Қазақстанның ғарыштық бағдарламалары мен халықаралық ғарыштық ынтымақтастық үшін ең басты элемент.
70 жылдық тарихы бар «Байқоңыр» ғарыш айлағы көптеген маңызды жетістіктерге, ғарышкерлердің ұшырылуына және ғарыштық технологиялардың дамуына негіз болды және адамзаттың «ғарышқа» деген қызығушылығы тұрғысынан маңызды кезеңдерді одан әрі қамтитын болады.