
Өткен тарихымыз бен қазіргі кезең туралы түсінікті қалыптастыратын оқиғалар, тағдырлар мен жетістіктер адамзат тарихында көп кездеседі. Бұл процесте архив деректі мәліметтерді сақтаушы ретінде маңызды рөл атқарады, онсыз тарихты түсіну біз үшін жеткіліксіз болар еді. Архив пен құжаттар білім мен ұрпақтар сабақтастығын үздіксіз қамтамасыз ете отырып, тарих ғылымының негізін құрайды.
Архив әр дәуірдегі оқиғаларды, әрекеттерді және шешімдерді көрсететін құжаттардың үйлестірілген топтамасы. Бұл құжаттарға хаттар, ресми актілер, фотосуреттер, карталар, күнделіктер, сұхбат жазбалары және т.б. кіруі мүмкін. Мұндай деректі мәліметтер болмаса, өткеннің нақты бейнесін қайта жаңғырту мүмкін емес.
Архивтерде сақталған құжаттар тарихи зерттеулерге негіз болады. Олар бірнеше ғасыр бұрын қабылданған саяси шешімдер, экономикалық процестер, мәдени және әлеуметтік өзгерістер туралы мәліметтер береді. Архив материалдары адамдардың әртүрлі тарихи кезеңдерде қалай өмір сүргенін, қандай қиындықтарды жеңгенін және ұрпақтарына қандай мұра қалдырғанын түсінуге көмектеседі.
Құжаттар архив үшін негізгі ақпарат көзі болып табылады. Олардың маңыздылығын бағалау қиын, өйткені әр құжат тарих беттерінің ерекше бөлігі болып табылады. Құжаттарды жинақтау, жүйелеу және сақтау тиянақты әрі кәсіби маман болуды талап етеді. Құжаттармен жұмыс істейтін архившілер олардың сақталуын қамтамасыз етеді және олардың есебін жүргізеді. Құжаттармен жұмыс жасайтын архившілер олардың сақталуын қадағалап, есебін жүргізеді және зерттеушілердің архивтік құжаттарға қол жеткізуін қамтамасыз етеді. Әр құжаттың өзіндік тарихи құндылығы болады. Тіпті кішігірім болып көрінетін жазбалар белгілі бір оқиғалардың себептерін түсіну үшін маңызды болуы мүмкін. Жеке хаттар мен күнделіктер арқылы адамның жеке басы жайлы мәліметтер аламыз, бұл сол кезде өмір сүрген адамдардың ұстанымдары мен сезімдерін түсінуге мүмкіндік береді. Мәжіліс хаттамалары мен ресми актілер мемлекетті басқарудағы белгілі бір шешімдердің қабылдану процесін кеңінен танытады.
Архивтік құжаттар болмаған жағдайда тарихымыз толық болмай, үзінді оқиғалардан құралған күйде болар еді. Архивтер тарихшыларға фактілерді тексеруге, оқиғаларды талдауға және қорытынды жасауға көмектесетін бастапқы дереккөздерге қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Архивтік деректерсіз біз аңыз, әпсаналарға ғана сүйенсек, тарихи деректердің бұрмалануына және жоғалуына жол берер едік.
Архив мәдени мұраны сақтауда да маңызды рөл атқарады. Архивте өнерге, ғылымға, білімге және адам қызметінің басқа аспектілеріне қатысты құжаттар сақталады. Архив құжаттарына сүйене отырып, біз әдебиеттің, музыканың, ғылым мен технологияның эволюциясын зерттей аламыз, қоғам мен мәдениеттің дамуын бақылаймыз.
Сандық технологиялар дәуірі архивтерге жаңа талаптар қойып отыр. Ақпараттың басым бөлігі электрондық форматта сақталатындықтан, оны сақтау мен ұйымдастырудың жаңа тәсілдерін қолдануды талап етеді. Сандық архивтердің маңызы дәстүрлі қағаз архивтен кем емес. Сондықтан құжаттарды сақтау мен тез қол жеткізуді қамтамасыз ететін арнайы технологияларды қажет етеді. Көптеген архивтерге құжаттарды сақтау және өңдеу үшін қосымша ресурстар қажет. Қоғам үшін архивтердің маңыздылығын түсіну және оларды барлық деңгейде дамуын қолдау өте маңызды іс.
Архивтер мен құжаттар ғылым мен мәдениеттің ажырамас бөлігін құрайды. Олар өткен дәуірдің деректерін сақтауға, жеткізуге және ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етуге әрі тарихи процестерді саралауға көмектеседі. Құжатсыз архив, ал архивсіз тарих толық болмай бұрмаланған болар еді. Сондықтан архив ісін сақтау және дамыту қазіргі қоғам үшін маңызды міндет болып табылады.
Хамит МОМЫНҚҰЛ
ҚР ПІБ Президенттік орталығының
Архив жұмысы қызметінің басшысы