
Елімізде білім беру саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Жолдауларында білім саласына айрықша басымдық беріп, негізгі бағыттарды белгілеуде. Ондағы басты мақсат – әр баланың сапалы, лайықты білім алуына барынша жағдай жасау.
Өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие және озық білім беру – өте маңызды міндет. Бұл ретте ұстаздарға үлкен жауапкершілік жүктеледі. Ұстаздың абыройының биік болуы – бүкіл елдің абыройының асқақ болуының кепілі, яғни ұстаз – бүкіл бір ұлтты тәрбиелеп отыратын басты тұлға. Сондықтанұстаздардың біліктілігін арттыруға, әлеуметтік мәртебесін көтеруге көңіл бөлінуде. «Педагог мәртебесі туралы» жеке Заң қабылданды. Ұстаздардың еңбек жағдайлары мен жалақысын жақсарту мақсатында түрлі шаралар қолға алынды, қосымша төлемдердің жаңа түрлері енгізілді, олардың құқықтары мен мүмкіндіктері кеңейтілді, еңбек демалысы ұзартылды, олардың міндетіне кірмейтін артық жұмыстар алынып тасталды. Бұл шаралардың мақсаты – білім беру саласына жоғары білікті ұстаздарды тарту және олардың оқушыларға сапалы білім беру мүмкіндігін қамтамасыз ету.
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады. Үздік оқу бағдарламасы, заманауи мектептер, озық басқару жүйесі болса да, ұстаз білікті болмаса, оның бәрі бекер екені анық»,-дей келе педагогикалық жоғары оқу орындарына талапты, қабілетті жастарды қабылдауға баса мән беру қажеттігін атап өтті. Бұл ретте ұстазмамандығын таңдаған жастарға қойылатын талап күшейді, педагогикалық жоғары оқу орындары студенттерінің шәкіртақысы ұлғайтылды. Бұл шаралар дарынды жастарды ұстаздық қызметке тартуға және білім сапасын арттыруға ықпал етті.
Қазіргі таңда білім саласындағы өзекті мәселенің бірі – мектептегі орын тапшылығы, үш ауысымды және апатты мектептер. Аталғанмәселені шешу мақсатында Президенттің тапсырмасымен «Жайлы мектеп» жаңа ұлттық жобасы қабылданып, жүзеге асырылуда. Жайлы мектептердің айырмашылығы – пәндік кабинеттер, компьютерлік сыныптар, зертханалар мен шеберханалар – бәрі бірыңғай стандарттар негізінде жобаланады. Бастауыш және жоғары сыныптарға арналған бөлек блоктар жоспарланған. Әр блоктың өз асханасы мен спорт залы қарастырылған. Мектеп ішінде оқулықтар мен жеке заттарды сақтауға арналған жеке шкафтар орнатылып, оқушыларға ыңғайлы болу үшін трансформер-парталар мен «ауызсу фонтандары» қойылады. Әр қабатта оқушыларға арналған тынығу алаңдары қарастырылған.
Мемлекет тарапынан басты назарға алынып, нәтижелі болып жатқан осындай ауқымды бастамалар әрбір оқушының жан-жақты білім алып, дамуы үшін жасалуда. Бұл өз кезегінде отандық білім беру жүйесінің дамуына жаңа, қуатты серпін берері сөзсіз.
Г.Ә. Рамазанова,
ҚР ПІБ Президенттік орталығының
Мәдени және білім беру жобалары қызметінің
жетекші ғылыми қызметкері